Basty bet
Бейбіт елде ғана береке болады
Қазақ елі татулық пен бірлікті, тыныштықты ту еткен елдің бірі. Сонау қиын-қыстау замандардан бері ел бірлігі мен тұтастығын берік ұстанған халықпыз. Түтіні түзу шығып, шаңырағын биік ұстаған, ағайынбыз деп келгендерді бауырына басқан жұртпыз. Түрі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір өзге ұлт өкілдерімен бірге бір шаңыраққа шаншылған уықтай бірлігіміз берік елміз.
Осы орайда, Қордай ауданында орын алған келеңсіз жағдай баршамыздың жанымызға батты. Сүттей ұйып, ынтымағы жарасып, береке-бірлігі қайнаған халықтың тыныштығы қашты. Біз осындай сәттерде ашуды ақылға жеңдіріп, сабырлық танытқанымыз жөн. Әрине, қазақ халқының тыныштығының бұзылуын ешкім қаламайды. Түсінбеушілік, дау-дамайдың ешкімге жақсылық әкелмейтіні баршамызға белгілі. Біз біртұтас ел екенімізді, көпұлтты, бірлігі жарасқан мемлекет екенімізді ұмытпауымыз керек. Сол себепті, біздің басты байлығымыз – бірлікте екенін бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Бейбіт елде ғана береке болады.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар» деген орамды айтылған сөзі бар. Осы орайда, еліміздегі татулықты, ұлттар арасындағы достықты бір ашуға бола сатпай, достығымызды берік ұстайық. Азғыру мен арандатушылыққа жол бермейік. Себебі, біздің басты байлығымыз – халқымыздың амандығы, ел ішінің тыныштығы. Барымызды бағалайық. Бір-бірімізге кешірімді болайық. Ақсақалдар атынан халқымызды ымыраға келіп, татулықты ту етуге шақырамын.
Аманжол қажы Дүрәліұлы,
ауданның Құрметті азаматы