Basty bet
Бірінші сыныптағы алғашқы сабақ
1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күні жыл сайын ерекше аталып өтетін. Балалар асыға күтетін Білім күні оқушылар алғашқы қоңырау салтанатына асыға қуанышпен дайындалып жататын. Ал, биыл әлем елдерін жайлаған коронавирус індетінің таралуының салдарынан оқу жылы күрделі кезеңде басталып отыр.
Ауданда 9 мектепте оқушылар қашықтан оқытылса, 30 мектепте санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі түрде оқытылуда. Сонымен бірге 64 кезекші сыныптар бар.
Дәстүрлі түрде оқытылатын мектептерде Білім күні әр сыныпта тәрбие сағаттары өтті. Тәрбие сағаттар ҚР Конституциясының 25 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналды.
Біз арнайы барып қатысқан Алатау ауылындағы №23 Алатау орта мектебінде де әр сыныпта тәрбие сағаттары өтті. Алғашқы қоңырау әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттаған 1 сынып оқушылары үшін маңызды. Сондықтан 1 сынып оқушылары дайындаған тәрбие сағатына қатыстық.
Сынып жетекшісі жас маман Ақтоты Искакова өткізген тәрбие сағаттың тақырыбы «Ата Заңым – мақтанышым, қорғаным!» деп аталды. Мұғалім әуелі оқушыларға Ата Заңымыз туралы қысқаша түсініктеме берді. Оқушылар да Конституция туралы өз ойларымен бөлісті. Оқушылар Ұстаз, Ана, Білім туралы ән шырқап, тақпақтар айтты. Абай атамыздың өлеңдерінен үзінді оқыды. Тәрбие сағаты алғашқы қоңырауды соғу салтанатымен аяқталды.
Жалпы мектеп санитарлық талапқа сай кіреберіске антисептикалық төсеніш қойылған. Анисептиктер орнатылған. Оқушылар медициналық бетперде тағып, арақашықтықты сақтай отырып отырғызылған.
Мектепте жаңа оқу жылында 104 оқушы бар. Сонымен бірге мектепалды даярлық тобында 9 оқушы бар. 27 мұғалім қызмет етеді. Оның жетеуі жоғары санатты мұғалім болса, 11-і І санатты, бесеуі ІІ санатты, төртеуі санаты жоқ мұғалімдер.
Оқушы бойындағы білім, сезім, ақыл деген құнды қасиеттер мұғалімнің тынымсыз, жігерлі еңбегінің арқасында қалыптасады. Мұғалім оқушыларды қай деңгейде тәрбиелесе, еліміз сол дейгейде қалыптасады. Яғни, ұстаз – ұлы мамандық деп текке айтылмаған. Ал, мұғалімнің берген білімін бойына терең сіңіріп, меңгеру, үйренгенін көңілге ықыласпен тоқу – оқушының парызы. Елдің келешегі тәрбиелі, білімді жастардың қолында. Сондықтан жаңа оқу жылында барлық ұстаздар мен оқушыларға ең бірінші денсаулық, қажымас қайрат, сәттілік тілейміз!
Әрбір бала ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, елімізге қызмет етуіне тілектеспіз
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»