Basty bet

Алтын құшақты асыл ана

Қай заманда болсын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осындай ұлы мұратына үлкен абырой, еңбекпен жеткен жанның бірі – талаптылық көпбалалы батыр анамыз Айдаркүл Бейсалиева.
Айдаркүл әжеміз 1940 жылы Жаңаталап ауылында қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Әкесі Дүйсеқұл соғыс ардагері. Әжеміз отбасында інісі екеуі ғана болған. Әкесі соғысқа аттанған соң анасына ілесіп колхоз жұмысының бір шетінде жүріп, еңбекке ерте араласады. Балалық шағын соғыс ұрлаған замандастарымен бірге бала болып алаңсыз ойнап, тойып тамақ жеген емес. Қызылша жекелеп, картоп суғарып, тылда еңбек етеді.
17 жасында Талапты ауылының азаматы Должанбек есімді азаматқа тұрмысқа шығады.
Ата-енесі Бейсалы қария мен Нұрша анамыз төрт қыз, екі ұл тәрбиелеген жандар. Айдаркүл әжеміз тұңғышын босануға жақын қалғанда жолдасын Отан қорғауға әскер қатарына алып кетеді. Әскерге кеткен соң жеті айға дейін хабарсыз кетіпті. Бейсалы қария сол кездегі Қорғаныс бөліміне «баламды тауып беріңдер!» деп күнде барады екен. Содан не керек, жеті ай дегенде әскерден хат келеді. Азаматтық борышын құпия әскери бөлімде өтеп жатқандықтан мекенжайы толық жазылмаған. Хаттың сыртында тек Куба деген ғана жазу бар екен.
Должанбек әскерден үш жарым жыл дегенде келеді. Әскерден келген соң бірден еңбекке араласады. Яғни, ғұмыр бойы колхозда сушы болып еңбек етеді. Аудандағы озат еңбеккерлердің бірі болады. Ол кісінің жетістіктері туралы газет бетінде көптеген мақалалар жазылыпты. Тіпті бір кездері үкімет есебінен жемісті еңбегі үшін сыйға көлік те беріліпті.
Қария тынымсыз, өнегелі еңбегі үшін Еңбек Ері орденін кеудесіне тағады. Алланың жазмышымен қария 70-тен асқан шағында өмірден озады.
Айдаркүл әжеміз де 12 ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбелей жүріп, еңбекке де белсене араласқан. Асыл әжеміз Еңбек Қызыл Ту орденін, Еңбек ардагері медалін иеленген.
Жас босанған баласын бес-алты ай болғанда бесікке бөлеп, үлкендеріне қаратып жұмысқа шығып кетеді екен. Балалар бір-біріне сүйеніш болып есейеді.
-Әкеміз оқымаған. Бірақ математикадан мықты еді. Бір жылдары мектепке математик маман керек болып, мектепке мұғалімдікке шақырған.
Өздері оқуға мүмкіндіктері болмағандықтан, анам екеуі біздің жақсы оқуымызды қалады, қадағалады. Колхоздың тірлігінен шаршап келсе де, түннің бір уақытына дейін отырып, біздің сабағымызды сұрап, оқытып барып ұйықтайтын. Ал, қазір өзіміз екі-үш баламыздың сабағын қадағалауға уақыт таппай шаршап жатамыз. Кейде осыны салыстырып отырып, ол кісілердің соншалықты жауапкершілігіне, күш-қуатына таң қаламын.
Ата-анамыз еңбек етіп, біздің тілеуімізді тілеп жүріп, бәрімізді оқытты.
Әкеміз де, анамыз да өте еңбекқор жандар еді. Әкем таңертең ерте тұрып ұзын сыпырғысы болатын сонысымен үйдің айналасын сыпырып жүретін. Ол кісі үшін айналада бір шөп жатпау керек болатын.
Әкеміз отбасында ұлдан екеу еді. Яғни Бижанбек бауырын үнемі ойлап отыратын. Бір қой сойса, жартысын бауырына қойып қоятын. -з3м3з отбасымызда шүбірлеген бала-шағамыз. Бірақ сонда да інісінің балаларына деп қалдарып қоятын. Тіпті базардан бір қарбыз сатып әкелсе де, жартысын інісінің үйіне деп беріп жіберетін. Сондай бауырмалдық қасиет қазіргі қоғамда жоғалып бара жатқандай.
Анамыз да еңбекқор кісі. Біздің үйден қысы-жазы кісі үзілмейтін. Себебі, анамыз қыс бойы боза салса, жаз бойы қымыз байлайды. Анамыздың қымызы мен бозасынан дәм татпаған ауылдықтар болмайтын. Сондай көпшіл, қонақжай жандар,- дейді әжеміздің екінші қызы Алуа.
Ардақты әжеміздің төрт ұл, алты қызы бар. Барлығы үйлі-жайлы, өсіп-өнген жандар. Барлығы өз мамандықтары бойынша қызметте.
Асыл әжеміз ұл-қыздарынан отызға жуық немере, бес шөбере сүйіп отырған жайы бар. Әжеміздің қолында ұлы Нұрмұхан мен келіні Гүлнәзия тұрады. Олар екеуі де мұғалім болып еңбек етеді. Келіні енесінің жолын қуып көпбалалы ана атанып отыр.
Қайын әпкелері қара шаңырақтағы отбасының берекесін кіргізіп отырған өнегелі, ізетті келіндері Гүлнәзияға да ризашылықтарын білдіруде.
Алла қаласа 1 қаңтар күні Айдаркүл апа 80 жасқа толғалы отыр.
Ғұмырын бала-шағасына, туған елге арнаған ардақты анамызға біз де зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Ана – өмірдің тірегі. Басымыздағы бағымыз, байлығымыз алтын құшақ аналарымыз аман болсын!

Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close