Basty bet

Адами капитал – басты өлшем

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында бірқатар маңызды мәселелер талқыға салынды. Атап айтқанда, Президент кеңес отырысының ашылуында ең алдымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға қол қойғанын атап өтті. Білім саласына да кеңінен көңіл бөлу, қазіргі таңда әлемде қалыптасып отырған жаңа ахуал білім мен ғылым жүйесіне түбегейлі реформалар жүргізуді талап етіп отырғанына тоқталып, атқарылатын барлық жұмыстарды осыған сәйкес жүргізу керектігі де сөз болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін шын мәнінде ауыр сынақ болғанын, сонымен қатар, осынау күрделі жағдайда елімізде кәсіби дәрігердердің тапшы болып отырғанына назар аударды. Бұл жағдайда жалпы медицина саласында еңбекақының аздығы, мамандық беделінің болмауы, көп жағдайда дәрігерлердің құқының қорғалмауы себеп болып отырғаны ашық айтылды.
Президент ел Үкіметіне биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырып, орташа жалақыдан екі жарым есеге артық болуын тапсырғаны біздің көңілімізден шығып отырғанын айтқым келеді. Сонымен қатар, Президент медицина инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірқатар түйінді мәселелерді шешуді тиісті сала басшыларына тапсырып отыр. Қорыта айтқанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында білім мен ғалым саласымен қатар денсаулық сақтау саласындағы бірқатар маңызды мәселелердің қозғалғаны, қарастырылған мәселелерге байланысты шаралардың тиімді жүзеге асырылуы адами капиталдың сапасын айтарлықтай арттыратыны сөзсіз.

Нұрбай Ергебеков,
аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close