Basty bet

Батыр музейіне – 25 жыл

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар, ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады.

Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы ауданында бүгінде Батыр атындағы мемориалдық музейі жұмыс істейді. Биылғы жылы Батыр атындағы музейдің ашылғанына 25 жыл толып отыр.
Музей Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан. 1990 жылы музейдің қабырғасы қаланып, 1995 жылы 5 мамыр күні музей салтанатты түрде ашылды. Жалпы территориалдық ауданы 349,8 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ауданы 259,4 кв.м, экспозицияға берілген аудан 189,6 кв.м, қорға берілген аудан 12,4 кв.м, 6 бөлмелі, 1 қабаттан тұрады.
Мұражайдың алғашқы меңгерушісі Амангелді Ормантаев болса, одан кейін бұл жұмысты Ермеккүл Жапарбекова, Ғалия Ауғанбаева жалғап қызмет етті. Ал, 2015 жылдан бастап Қаламқас Берікова музей меңгерушісі болып еңбек етуде.
Музейдегі экспозицияға 1139 экспонат қойылған. Онда Бауыржан Момышұлының суреттерінен жасалған фото коллаждар (балалық шағы, әскери өмірі, шығармашылықпен айналысқан кезі, жанұясы туралы), әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, бейбіт кезде киген киімі, пайдаланған заттары (электрлі сақал алғышы, бет сүлгісі, тамақ ішкен кесесі, күміс қасықтары мен шанышқысы, қымыз, шұбат, сусын құятын ағаш тостағаны, ағаш қасығы мен ағаш ожауы, шәй ішкен кесесі мен шәй қасығы) өз қолымен ойған оюлары, альбомы бар. Сонымен қатар, экспонаттар қатарына Баукеңнің майдандағы ерлігі үшін алған Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Жарлық, «Ғасыр саңлағы», «Ғасыр қаһарманы» атағы берілгендігі туралы құжаттары, домбырасы, жатқан төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машинкасы, май шамы, қалам салғышы, аспалы шамы, күлсалғышы, мүштегі, сувенирлері), кітаптары, сағаты мен тамақ ішкен ыдыстары, журнал үстелі т.б. заттары қойылған. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының Куба Республикасына барған сапарындағы әкелінген заттары мен суреттері орналастырылған.
Сонымен қатар, музейде «Баукеңнің қарулас жерлестері» атты бұрышта ауданымыздан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің суреттері (тек туыстары өткізгендердің суреті) ілініп, құжаттары, хаттары, алған медальдары, ордендері, төсбелгілері, марапаттау қағаздары, Алғысхаттары бар. Осы жерде Волгоград, Минск, Курск доғасы, Ленинград, Одесса қалаларындағы батыр-бауырластар зиратынан әкелінген топырақтар қойылған.
2000 жылы ғимарат толық жөндеуден өтіп, Б.Момышұлының 90 жылдық мерейтойына орай ескерткіш орнатылып, 9 қазанда ашылу салтанаты болды. Одан кейінгі жылдары да музейге жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрды. Ал, 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 37 млн 681 мың теңге күрделі жөндеуге бөлінді. Бұл қаражат аясында 26 млн 558 мың теңге музейдің іші-сыртын жөндеуге, 11 млн 123 мың теңге абаттандыру жұмысына жұмсалды. Музейді жөндеу жұмысын «Сәнді Астана», абаттандыруды «Құрылысстрой Астана» атты мердігер компаниялар жүргізді. 2010 жылы музейдің экспозициясын жасақтауға 12 млн теңге облыстық мәдениет басқармасынан бөлінді. 2014 жылы аудан бюджетінен 1 млн 400 мың теңге бөлініп, автономды пеш орнатып, сырттан құбырмен газ кіргізілді. 2014 жылдың соңында облыстық бюджеттен 3 млн 120 мың теңге қаржы ішкі жылу құбырларын ауыстыру, шойын радиаторлар қою, кіреберіске екінші есік орнату жұмыстары жүргізіліп, музейдің айналасын қоршау, ауладағы плиталар мен баспалдақтың плиталарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда Б.Момышұлы мемориалдық музейінде жеті бірлік штат қызмет етеді.
Кір жуып, кіндік кескен жерінде Батыр атындағы музейдің жұмыс істеп тұрғаны тағылымды іс. Батырдың өмір жолындағы өнегелі істері мен ерлігін көпке паш ету – біздің борышымыз, міндетіміз. Осы орайда, Батыр атындағы музейге келушілер қатары жыл сайын артып келеді. Келушілер музейдегі экспонаттармен таныса отырып, Батырдың, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктеріне қанық болады. Алдағы уақытта да Даңқты қолбасшы атымен аталатын ауылда Батыр мұрасын сақтаушы киелі орын тұрғындарға сапалы қызмет көрсете беретініне сенім білдіремін.

Сағадат Шілдебайұлы,
Б.Момышұлы мемориалдық
музейінің ғылыми қызметкері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close