Basty bet
Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі
Баланың шыр етіп өмірге келуі – зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығында. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тал бесікке салып тәрбиелген. Бесік жырымен әлдилеп, алақанға салып аялаған. Бала тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген дана сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса, адам өмірінің мәні – өз ұрпағының жалғастығында.
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз ата-ана. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – жанұядағы тәрбиемен баланың бойына сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып жай-күйіне үңіле отырған. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ.
Әке мен шеше ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуіне болады. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендерінің өзі әдептілік танытқандары жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тарту өрескен дүние бала өміріне тікелей әсер етеді. Қазақта «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен жөн.
Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әр істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт-бағдар бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты парызы. Баланың аты бала. Ол білместікке ұрынбай тұрмайды.
Мұндайда халқымыз «Ата – балаға сыншы» немесе «Баланың балалығына әкенің даналығы бар» дейді. Жаны сұлу жайсаң азамат өсіруде әке орны бөлек. Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен де сыйлы да құрметті. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды.
Сондықтанда әке ұлын батылдыққа, батырлыққа, ер жүректікке, адалдыққа, қайраттылықа, ұлтжандылыққа, әйел баласына серілік қарым-қатынас танытуға, отағасы қандай болу керек екендігін өз тәжірибесі арқылы үйретіп, үй еңбегінің аса қиын соғатын істерді өз мойнына алуға талпынуға бейімдеу керек.
Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты». Ата-ананың адамдық парызын осы мақалалар да өте әдемі бейнеленген. «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар» – дегендей сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн.
Назерке МАҚТАБАЕВА,
аудандық «Жастар
ресурстық орталығы»
мекемесінің психологі