Basty bet

Тәлімдік дайджест

Біздің өміріміз өзіміздің ойларымыздан туындайды

Біз жиі кездесетін бірден-бір өзекті мәселе – дұрыс көңіл-күйді таңдау екендігіне еш күмәнім жоқ. Егер біз оны дұрыс таңдай алсақ, өз проблемамызды шешуге жол табамыз. Рим империясын басқарған ұлы философ Марк Авелий бұл ойды тоғыз ауыз сөзбен жеткізген, бұл тоғыз ауыз сөз сіздің тағдырыңызды айқындайды: «Біздің өміріміз өзіміздің өмір туралы ойларымыздан туындайды».
Шынында, біз бақыт туралы ойласақ, өзімізді бақытты сезінеміз. Егер бізді мұң басса, біз мұңға батамыз. Егер бойымызды үрей билесе, біз қорқамыз. Егер ауру туралы ойласақ, ауырып қалуымыз әбден мүмкін. Егер біз жеңіліс туралы ойласақ, бірде болмаса бірде жеңіліске ұшырауымыз ғажап емес. Егер біз өзімізді-өзіміз аясақ, адамдар бізге аянышты көзбен қарап, айналып кетуі мүмкін.
Сіздің ойыңызша, мен біздің проблемаларымызға оптимистік көзқараспен қарауды насихаттап отырған шығармын? Жоқ. Өмір ойыншық емес. Мен адамдардың қоршаған ортаға теріс емес, оң көзқараспен қарауын қолдаймын. Басқа сөзбен айтқанда, біз өз проблемамыз туралы мазасызданудың орнына оларды шешу туралы қамдануымыз қажет. Бұл екеуінің айырмашылығы неде?
Мен бұл ойға мысал келтіре кетейін. Күн сайын мен Нью-Иорктің қандай да бір көшесін кесіп өткен кезімде көлденең өтіп бара жатқан көліктің астына түсіп қалмауыма жағдай жасаймын. Бірақ бҰл қорыққаннан емес. Өзіңе-өзің жағдай жасау дегеніміз – біздің проблемаларымыздың мәнін түсіну және соны шешуге күш салу.
Біздің ішкі жан-дүниеміз проблемаларға толы болса да, оны сырт көзге білдірмей, еңсеңді көтере, басыңды тік ұстап та жүре беруіңе де болады.
Адамдарға отыз бес жыл үздіксіз дәріс беруімнің нәтижесінде мен бір нәрсеге толық көз жеткіздім, ол – ерлер мен әйелдер өздерінің ой-пікірлерін өзгерту арқылы бойын мазалаған мазасыздықтан, үрейден, ауру-сырқаудан арылып, өз өмірлерін түбегейлі өзгерте алатындығы. Өз өмірлерінде осындай ұлы өзгерістер болған жүздеген адамдарды білемін. Менің оларды көп көргендігім соншалықты, мен оларға таң қалмайтын да болдым.
Менің шынында да терең түсінгенім, сезінгенім – ол біздің рухани тыныштығымыз бен өмірдегі қызығымыз қай жерде, қандай қоғамда, қандай екендігімізге қарамастан – адамның көңіл-күйіне байланысты болады.
Мильтон көзі көрмейтін көрсоқыр болса да, бұл туралы үш жүз жыл бұрын: «Адам өзінің ақыл-ойы арқылы жұмақты – тозаққа, тозақты – жұмаққа айналдыра алады» деп айтқан екен.
Наполеон мен Элен Келлердің өмірге деген көзқарасы да бұл сөздеріме толық дәлел бола алады. Наполеон қанша байлыққа, атаққа, билікке қол жеткізсе де, Қасиетті Елена аралында тұрып: «Мен өзімді өмірімде ең болмаса алты күн де бақытты сезініп көрмеппін» десе, құлағы керең, көзі соқыр Элен Келлер: «Мен өзімді сондай бақытты сезінемін» деген екен.
Жарты ғасырдан астам өмірімде мен «өзімізден басқа ешкім бізге рухани тыныштық әкелмейтіндігіне» көзім анық жетті.
Ұлы философ Эпиктет: «біздің денемізде пайда болған бездерді алып тастағаннан гөрі басымыздағы жаман ойларды алып тастауға көп көңіл аударуымыз керек екендігін» баса айтқан болатын.
«Сонымен, егер сіздің қабағыңызды кірбің шалса, сіз бірден көңілдене алмайсыз. Ал егер сіздің отырысыңызда, қозғалуыңызда немесе сөйлеген сөзіңізде бір көтеріңкі көңіл болса, сіздің тез-ақ қабағыңыз ашылады».
Шынында да осы бір қарапайым әдіс пластикалық операция сияқты әсер етеді. Сенбесеңіз, өз басыңыздан өткеріп көріңіз. Алдымен риясыз көңілмен күлімсіреңіз, денеңізді тік ұстап, терең дем алыңыз. Қандай да бір көңілді әннің бір қайырымын ыңылдап әндетіп көріңіз, ән айта білмесеңіз – ысқырыңыз. Егер ысқыра білмесеңіз – күбірлеп көріңіз. Сонда ғана Уильям Джеймстің не айтқанын түсінесіз.
Бұл табиғи шындықтың бірі және ол сіздің өміріңізге көп өзгеріс енгізеді.
Бірнеше жыл бұрын менің есімде ұмытылмастай із қалдырған бір кітап оқыдым. Оның аты «Адам қалай ойлайды?», авторы – Джеймс Лейн Аллен. Онда мынадай сөздер келтірілген:
«Адам баласы өзінің айналасындағыларға, басқа адамдарға деген көзқарасын өзгертсе, олардың да бұған деген көзқарастары өзгереді. Адам өзінің ой-пікірін түбегейлі өзгертсе, оның өмірінің материалдық жағы да өзгереді. Біздің тағдырымыз өз қолымызда. Адамның қол жеткізген жетістіктері – оның өзінің ақыл-ойының нәтижесі. Адам өзінің ойы арқылы жоғары көтеріліп, жеңіске жетеді. Ал ойын бағыттай aлмаған адам әлсіз, бақытсыз болады». Сондықтан өз бақытымыз үшін күресейік. Алдымен күресуді оптимистік ойлау негізінде жүзеге асырайық. Мен сіздерге күнделікті орындайтын бағдарлама ұсынамын. Оның аты «Дәл бүгіннен бастап» деп аталады. Мен оны аса қажетті деп санағаным соншалық, жүздеген дана етіп көбейттім. Оны марқұм Сибилла Ф.Партридж жазған. Егер сіз бен біз осы бағдарламаны бетке ұстансақ, өміріміз тынышталып, француздар атаған «өмір ләззатынан» көбірек дәм татамыз.

Мен сіздерге күнделікті орындау үшін «Дәл бүгіннен бастап» деген бағдарлама ұсынамын

1. Дәл бүгіннен бастап мен бақыттымын. Дәлірек айтқанда, Авраам Линкольннің «Адамдардың көпшілігі қанша бақытты болғысы келсе, сонша бақытты» деген сөзін басшылыққа аламын. Бақыт дегеніміз – айналамыздағы қалыптасқан жағдайдың нәтижесі.
2. Дәл бүгіннен бастап мен өзімнің ойымдағы емес, мені қоршаған өмірге бейімделе бастаймын. Мен өзімнің отбасымды, жұмысымды, айналамда болып жатқан жағдайларды дәл сол күйінде қабылдаймын және оған етене араласуға тырысамын.
3. Дәл бүгіннен бастап мен өзімнің денсаулығым туралы ойлана бастаймын. Мен денешынықтыру жаттығуларын жасап, өз үсті-басыма күтім жасаймын. Дұрыс тамақтанамын, өз денсаулығыма зиян келтірмеуге тырысамын.
4. Дәл бүгіннен бастап мен өзімнің ой-өрісімді кеңейте бастаймын. Білімімді толықтырамын. Миымды жаттықтыратын, қозғауға күш беретін кітаптар оқимын.
5. Дәл бүгіннен бастап мен өз-өзімді жетілдіруді колға аламын. Ол үшін мен үш нәрсе жасауым керек: мен бір адамға өзі білмейтіндей етіп пайдалы іс жасаймын; одан басқа жаттығу ретінде өзіме пайдалы екі іс жасаймын.
6. Дәл бүгіннен бастап барлық адамдарға достық ниетпен қараймын. Жақсы жағымнан көрінуге тырысамын. Мүмкіндігінше, өзіме жарасатын киім киіп, адамдармен дауыс көтермей сөйлесем, ешкімді сынамауға, ешкімге жөнсіз тиіспеуге, ешкімді басынбауға тырысамын.
7. Дәл бүгіннен бастап бүгінгі күнмен өмір сүремін, өз өмірімдегі барлық проблемаларды бірден шешуім мүмкін еместігін есте сақтаймын.
8. Дәл бүгіннен бастап мен өз істерімді жоспарлап, әрбір сағат сайын не істейтінімді жазып отырамын. Мен дәл осы жоспарым бойынша жазылғандарды жүзеге асыра алмауым да мүмкін, бірақ мен оны жасап қоямын. Бұл маған екі жаман әдеттен – асығыстық пен шешімсіздіктен арылуға мүмкіндік береді.
9. Дәл бүгіннен бастап мен жарты сағат жалғыздықта, тыныш жерде отырып тынығамын, ойларымды қалыпқа келтіруге тырысамын.
10. Дәл бүгіннен бастап мен бақытты болудан, әдемілікке сүйсінуден, сүюден және сүйікті болудан қорықпаймын. Мен жақсы көретін адамдардың мені де жақсы көретіндігіне сенетін боламын.
Егер біз өзіміздің көңіл-күйімізді дұрыс қалыптастырғымыз келсе, мына ережені есте сақтауымыз керек:
Сіз өзіңізді өмірге құштармын деп есептесеңіз және солай жасасаңыз, шынында да өмірге құштарлығыңыз артады.

Өзіңіздің қолыңнан келетінді ертеңге қалдырмаңыз

Ертеңгі күнге жету үшін бүгінгі күнгі істеріңді орындауда өз күш-қуатың мен қабілетіңді үйлестіре жұмсай білу керек.
Адам табиғатына тән жаман әдеттердің бірі, менің білуімше, өзінің қолынан келетін істерді ертеңнің еншісіне қалдырып қоятындығында. Біз өзіміздің тереземіздің алдында өсіп тұрған хош иісті райхан гүлдерін көзімізге ілмей, дәл сондай гүлдерді алыс әлемдегі сиқырлы бақтан іздейміз.
Неліктен біз осынша таяз ойлаймыз?
Стивен Ликок былайша жазған: «Адам баласы өмір деп аталатын қысқа ғұмырдың мәнін толық түсінбейді. Бүлдіршін ес біле бастағаннан: «Мен ертең жігіт болғанымда…» дейді. Ал жас жігіт: «Мен ертең ер жеткенімде…» дейді. Ер жетіп, азамат болғанында әңгімесін: «Мен үйленгеннен кейін…» деп бастайды. Үйленгенмен ештеңе өзгермейтінімен шаруасы жоқ. Одан кейін: «Мен зейнеткерлікке шыққаннан соң…» деп ойлайды. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өзінің жүріп өткен өмір жолына қараса, қаншама алтын уақытты босқа өткізгеніне, енді ештеңені кері қайтара алмайтындығына өкінішпен көз жеткізеді. Біз өмірдің мәні бүгінгі сағатта екенін кеш түсінеміз».
(Жалғасы бар)

Гүлтас Сайынқызының
«Қоңырау» атты кітабынан.
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close