«Барлығы да майдан үшін, барлығы да Жеңіс үшін!» деген ұранмен тынымсыз еңбектің үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлерінің қатарында Фания Рахметова да бар. Тыл ардагері 1932 жылы Башқұрстанның астанасы Уфа қаласында дүниеге келген. Ұлты – татар. Әкесі Хабиболла – инженер, колхозда төраға, ал, анасы Фатима – медицина қызметкері болып жұмыс істеген екен.
-Мен он жасымда жетім қалдым. Әкем әскер қатарына алынып, Ленинградтағы шайқаста қаза тапты. Анам мен ағам осы сұрапыл соғыстың зардабынан о дүниелік болды. Әке-шешеден айырылған мен балалар үйіне алынып, сонда өстім. Соғыс кезінде балалар үйінде болдық. Ол кезде бізді бала деп бетімізге қарап отырмады. Колхоздың жұмысына апарып, майдан үшін, жеңіс үшін еңбек еттік. Шөп жұлып, картоп жинауға қатыстық. Біз бала болып ойнаған емеспіз. Қорқынышты күндерді, зұлмат жылдарды бастан өткіздік. 15 жасыма дейін балалар үйінде тәрбиеленіп, одан кейін военкоматта түнгі ауысымда байланысшы болып жұмысқа орналастым. Жұмыс істеп жүрген кезімде нағашы ағам соғыстан оралып, қазақ жігіті Зиденді кездестіруіме себепші болды. Зиден екеуміз отау құрдық. Нағашы ағам соғыста оның командирі, қаруласы болған, – дейді Фания Хабиболлақызы.
Фания апай 1947 жылы жолдасы екеуі Уфадан Қазақстанға жол тартып, Шымкент қаласына келіп қоныстанады. Фания апаның жолдасы Зиден Рахметов Ақтөбе қаласының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Екеуі ата-ананың жылы алқанынан айырылған соң, өз беттерінше еңбекке араласады. Отағасы Шымкент қаласындағы сол тұстағы «Байжансай» деген шахтаға жұмысқа орналасып, инженер-техник болып жұмыс істейді. Зиден ата техниканың тілін жақсы білген. Соғыстың зардабынан кейін Фания апаның жолдасы еңбекқорлығымен ұжымда жақсы қырымен көзге түседі. Оның техникаға икемділігін байқаған басшылық Жамбыл облысындағы жаңадан құрылған Сарысу ауданына жолдамамен жұмысқа жібереді. Себебі, қазақи ауылға техниканың тілін жақсы білетін қазақ азаматы қажет болды.
-1955 жылдары Сарысу ауданындағы колхозға қоныстандық. Онда соғыстан кейінгі жылдары жағдай өте нашар еді. Үйлер жамау-жамау. Біз бір кішілеу үйге орналастық. Аудандағы колхозда жолдасым талай жыл қажырлы еңбек етті. Ал, мені аспаз мамандығына оқытып, 1967 жылы Жайылма совхозындағы асханада жұмыс істедім. Әйтеуір ешқандай жұмыс таңдамай, ауданның өсіп-өркендеуі үшін еңбек еттік. Одан кейін басшылықтың бұйрығымен аспаздықты қойып, құрылысқа атсалыстым. Әйелдерді ұйымдастарып, құрылыс бригадасын басқардым. Кірпіш құйып, жаңадан үй салдық. Жаңатас тауынан тас тасыдық. Осы еңбегімді бағалаған мені райкомға шақырып «партияға қабылдаймыз, партияға өтесің» деп партияға қатарына қабылдап, құрылыста біраз жыл жұмыс істедім. Сол кезде ауданда жаңадан үйлердің бой көтеруіне әйелдер көп күш салған болатын.
Ауданның тұрмыс-тіршілігіне бойымыз үйреніп, елді мекеннің жағдайын жақсартуға атсалысып жүрген кезімізде бізді Шу ауданының төменгі жағында орналасқан Шығанақ совхозына мал шаруашылығын дамыту үшін жұмысқа жіберді. Бір айта кетерлігі, Зиденнің техниканы жақсы білгенінің маған да пайдасы тиді. Оның қасында жүріп техниканың тілін үйрендім.
Жаңадан салған үйімізді тастап, мына совхозға келгенде тағы бір қиын күндерді, еңбекті бастан өткердік. Бұл жерде ішетін су жоқ, қып-қызыл құм, көлдің жағасы, адам тұратын жер емес еді. Жолдасым колхозда өз мамандығы бойынша жұмысқа кірісті. Ал, мен құрылыс-техникалық қоймасының бастығы болып жұмысқа орналастым. Отбасымызбен Шығанақта ұзақ жылдар бойы өмір сүрдік. Еңбек ете жүріп Москваға көрмеге барып, конференцияға қатыстық. Вулканизатор болып жұмыс істеген шағымда кеңестік жарыстың жеңімпазы атандым. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік таныттым. Жалпы совхоздың гүлденуі үшін отағасы екеуміз көп еңбек сіңірдік. Себебі, бізге артылған үмітті ақтауымыз керек болды, – деп өткен күндерін еске алды қарт ана.
Осы ретте ойыма халық даналығындағы «Еңбегіне қарай құрметі», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген сөздер есіме еріксіз келді. Себебі, ардагердің жетістікке жетуі, елі үшін, майдан, Жеңіс үшін еңбек етуі оны абыройға бөледі. Фания апаның қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше рет «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар, оның кеудесінде Жеңістің мерейтойлық медальдары жарқырайды. Ол Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің мүшесі болған. Осы тұста Сарысу ауданында Халық депутаттарының Қамқалы селолық Советінің депутаты болып сайланған. Сондай-ақ, ардагерді Сарысу аудандық ХХVI партия конференциясында депутаттыққа қайта сайлайды.
-1984 жылы Шығанақ совхозынан зейнетке шықтым. Одан кейін отбасымызбен 1997 жылы Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына қоныс аударған болатынбыз. Жолдасымның соғыстан алған жарақаты дендеп, 2006 жылы қайтыс болды.
Біз не көрмедік?! Көшіп-қонып жүрдік. Соғысты көріп, бейнет еттік. Барлығын шыдамдылығымыздың, еңбекқорлығымыздың арқасында жеңдік. Біздің көргенімізді ұрпағымыз көрмесін. Соғыс атаулы болмай, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жеңіс мерекесі құтты болсын! Сендер, жастар білім алып, елдерің үшін қызмет етіндер. Болашақтарың жарқын болсын!- деп бізге де аналық ақ батасын берді.
Фания апа өмірге Фатима және Абдулла есімді ұл-қызды әкеліп, бүгінде олардан немере, шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Бүгінде қарт ана 88 жаста. Денсаулығы қалыпты, үйге өзі кіріп, шығады. Бірақ оның күтіміне ұлы Абдулла мен келіні Манар ерекше көңіл бөледі. Немерелері де ардақты әжелерін мақтан тұтады.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ