Basty bet
Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы республикалық баспасөзде жарық көріп, оны зор ықыласпен қабылдадық. Себебі, мақала ұлы ақынның шығармашылығымен, даналық сөздерімен, көзқарастарымен қазіргі қоғамдағы түйіткілді мәселелермен тұтастыра байланыстырылған.
Президент ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін Абайдың шығармаларын мұқият оқу керектігіне тоқталды. Өйткені, Абайдың өз заманындағы қазақ қоғамындағы түрлі мәселелерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін пайдалы. Біз ұлы ақынның ойынан тағылым алуымыз керек. Сонымен қатар, әр үйде домбыра болуы керек секілді, әр шаңырақты ұлы ғұламаның кітаптары және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» болуы керек екенін баса айтты. Яғни, әр адам өзін рухани байытумен қатар, ұлттық құндылықтарды жас өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп өсіреді.
Мақаламен таныса отырып, Президенттің әлемге қазақ халқын Абай арқылы таныту керектігі туралы ұтымды ой айтқанына қуандым. Себебі, Мемлекет басшысы айтқандай, әлем елдері Қазақстанды саяси және экономикалық жетістерімен жақсы біледі. Бірақ әлем қазақ халқының рухани бай дүниесімен және мәдениетімен аса көп таныс емес. Сондықтан мақаладағы «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс» деді. Олай болса, қазақ халқын әлемге Абайдың бай әлемі арқылы таныта алсақ, нұр үстіне нұр.
Жалпы, қазақ қоғамы Абайдың ұлы мұраларындағы адамзатқа керекті парасат-пайымдарын өз керегіне қарай пайдаланады деп білемін. Ұлы кемеңгердің шығармаларындағы айтылған әрбір ой қазіргі таңдағы қоғамда кездесіп жатқан, мәселен, тіл үйрену, өзара бірлік, татулық, билік өкілдерінің халықпен тығыз байланысы, дін және тағы басқа жайттарды Мемлекет басшысы мақалада орамды ойларымен айтып, одан бағыт-бағдар алуға шақырады.
Мақала жалпы қоғам үшін басшылыққа алатын құжат болмақ. Себебі, ол ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдырады. Сондықтан Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы бәріміз үшін үлкен сын.
Әсемхан Сыдықова,
зейнеткер ұстаз