Basty bet
«Жасыл ел» еңбек жасағының күшімен 20 тонна күл-қоқыс жиналған
Бүгінгі таңда «Жасыл ел» еңбек жасағына тартылған жастар күшімен 20 тонна қоқыс шығарылып, 10 гектар алаң тазартылған. Сондай-ақ 3169 түп ағаш көшеттері саябақтар мен аллеяларға отырғызылған.
«Жасыл ел» еңбек жасағының Жуалы аудандық бөлімшесі де өңірдің экологиялық тазалық айлықтарына өз үлестерін қосып келеді. Жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Төлеуішовтың айтуынша, бүгінгі таңда «Жасыл ел» еңбек жасағына тартылған жастар күшімен бірінші маусымда 9 тонна қоқыс шығарылып, 4,5 гектар алаң тазартылған. Ал тал-дарақ отырғызуға 22 жас қатысып, 1169 түп ағаш көшеттері саябақтар мен аллеяларға отырғызылған. Жастар ол ағаштарды өз күтіміне алып, араға апта салып суарып тұруды әдетке айналдырып та үлгерген.
Бұдан бөлек, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында еңбек жасағы Е.Сауранбекұлы, Жамбыл, Абылайхан, Жамбыл және Д.Қонаев көшелері бойында, Боранды, Ақсай, Ынтымақ, Н.Тұрысов көшелерінің сай беткейлері мен «Жастар ресурстық орталығы мекемесінің» ауласында сенбілік ұйымдастырып, бір гектар алаңды тазартып, 2,5 тонна қоқыс шығарған.
– Аудан көлемінде өткізілген экологиялық сенбіліктерге өңірдегі 12 ауылдық округтің барлығы қатысуда. Онда жастардың белсенділігі жоғары болды. Мәселен, Нұрлыкент ауылдық округінде қоқыс полигонына апарар жол бойына, сонымен бірге ондағы Е.Байғазиев, Тұран, Жастар көшелері бойында ұйымдастырылған сенбілікте 2 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар жастар бір гектарды құрайтын саябаққа 1000 түп жеміс және декоративті ағаш көшеттерін отырғызды, – дейді Мейіржан Телеушов.
Өзге ауылдық округтерге тоқталар болсақ, Шақпақ ауылдық округінде Д.Пахомов көшесі бойында орналасқан саябақ пен әкімдік ғимараты ауласына барлығы 12 түп арша, 62 түп жеміс ағаштарының көшеті отырғызылған. Еңбек жасағы күшімен көшелер мен өзен-көлдер бойына сенбіліктер ұйымдастырылып, 2,5 тонна қоқыс шығарылыпты. Ал Қарасаз ауылдық округінде 2 тонна қоқыс шығарылып, округ әкімдігі ауласына 80 түп шырша көшеті отырғызылып, күтімге алынған.
Екінші маусымында жастардың күшімен 6,5 тонна қоқыс шығарылып, 3 гектар алаң ретке келтірілген. Бұл кезеңде көшелермен қатар саябақтар мен аллеяларға күтімге алынған. Атап айтсақ, жастар «Мәңгілік ел аллеясы» саябағындағы шөптерді орып, гүлзарларды арам шөптен арылтқан. Күйік асуында орналасқан «Жуалы» жазуына қалпына келтіріп, ақтаған. Шақпақата ауылындағы «Шақпақ әулие» киелі орында «Табиғат және біз» атты экологиялық акция өткізіп, ондағы шағын аллеядағы жеміс ағаштарын суарған. Шақпақата өзені бойында тазалық жұмыстарын жүргізіп, Д.Пахомов көшесі бойындағы орталық саябақта ақтау, сырлау жұмыстарын атқарған.
Үшінші маусымда да еңбек жасағы аянып қалған жоқ. Аудандағы экологиялық ақуалды жақсарту мақсатында сенбіліктер ұйымдастырып, өзен-көлдердің жағасында тазалық жұмыстарын жүргізді. Мәселен, 2 шілде күні «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қызметкерлері мен «Жасыл ел» жасақтары мүшелері аудандық «Бірге – Таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстарына ат салысты. Аталған акция барысында жастар «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы көлемі екі гектар аумақ тазаланып, бір тонна қоқыс жинаған.
Диас МАРАТҰЛЫ,
студент