Basty bet

Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі

Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігінің мәселесі – күрделі мәселенің бірі. Бұл мәселелер көптеген күш-жігерді тек ғалымдар – биохимиктер, микробиологтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ өндірушілер, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер, мемлекеттік органдар мен тұтынушылар тарапынан да талап етіледі. Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі жыл сайын артуда. Себебі, азық-түлік өнімдері мен өндірістік шикізаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықтың денсаулығы мен гендік қорының сақталуын анықтайтын негізгі факторларының бірі болып табылады.

Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі соңғы жылдары елімізде аса көңіл бөлініп жүрген мәселелердің бірі болып келеді. Тамақ өнімдерінің ассортименті мен өндірісінің түрлілігінің кеңеюі тұтынушыларға азық-түлік өнімдері өндірісінің барлық сатыларында және сатылымында жоғарғы сапа мен қауіпсіздігінің кепілінің қажеттілігіне әкеп соқтырады.
Әрбір адамға оның тұтынатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі маңызды. Сол себепті, біз қаншалықты сапалы өнім тұтынсақ, солғұрлым денсаулығымыз жақсарып, өмір жасымыз ұзақ болады. Осы ретте, «сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қалай жүзеге асыруға болады?» деген сұрақ туындайды. Әлемдік қоғамда бұл мәселені шешу үшін көптеген жаңа тәсілдер әзірленген. Шығарылатын өнімдер өндірісінің барлық сатысында сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әртүрлі халықаралық стандарттар белгіленген. Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапа менеджмент жүйесі құрылды. Ол – сапаны қалыптастыратын және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралар комплексі.
Сапа – күрделі ұғым және оны қамтамасыздандыру ғылыми күштердің бірлестігін, мамандардың творчестволық потенциалы мен тәжірибесін талап етеді. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі – белгiленген жарамдылық мерзiмi iшiнде тамақ өнімдерін пайдалану.
Тамақ өнімдерін, азық-түлік өнімдерін, бұйымдар мен материалдарды бөлшек саудаға жіберетін және қоғамдық тамақтану саласында қызмет атқаратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сатып алушылар мен тұтынушыларға, мемлекеттік қадағалау органдарына азық-түлік өнімдерінің, бұйымдардың және материалдардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы толық және шынайы ақпарат беруі қажет, нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес өнімдердің өндірілуі мен айналымын жүргізуі керек.
Бұл тек жоғарыда айтылған тұлғаларға ғана емес, әрі уәкілетті органдарға да жүктелетін жауапкершілік екені белгілі. Стандарттау, метрология және сертификаттау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария және фитосанитария саласындағы уәкілетті органдар өз құзыреті шегiнде жеке және заңды тұлғаларды:
-тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі;
-тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігіне талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжаттар;
-тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды мемлекеттiк тiркеу;
-тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растау туралы;
-сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды сатудың алдын алу жөніндегі шаралар туралы ақпаратпен қамтамасыз етедi.
Қорыта келе, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар және өндірістік бақылау тарапынан тексеріс пен бақылау өте маңызды. Негізгі жетістік – кепілі азық-түлік өнімдерін өндіруде, өңдеуде, сақтауда және сатуда жауапкершілік пен адамгершілік принциптерін сақтау. Тұтынушылар өз тамақтануларына талапты болып, тек жақсы тамақтанып қана қоймай, әрі өз денсаулығына қатер тигізуден аулақ болуға тырысады және соған сәйкес қауіпсізідігі қамтамасыз етілген өнімдерді тұтынуға тырысады.

Райхан Исаханова,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close