Basty bet
«Қызықпай атақ-даңққа, қызмет етемін халыққа»
Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 30 жаста. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені 1991 жылы туған ел азаматтары бодандықтан бостандыққа аяқ басқан шақта өмір есігін ашты. Ал, бүгінде олар ел үмітін арқалаған жастық шақтан, бір үйдің жауапкершілігін арқалаған ана мен әкеге айналып отыр.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дүние есігін ашқан жандардың бірі – полиция майоры Байжан Дәуітов. Ол полиция бөлімінде аға жедел уәкілі болып халықтың тыныштығын күзету жолында талмай еңбек етуде. Тәуелсіз елдің құрдасы болғанына мақтанады және жауапкершілігінің де аз еместігін айтады.
Байжан Дәуітов №2 Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы заң колледжінде және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде заңгер мамандығында оқып білім алған. Еңбек жолын 2011 жылы Жуалы аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып бастаған. Араға бір жыл салып аталған бөлімде кримминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, 2019 жылы аға жедел уәкілі болып қызметі өседі.
– Қылмыстық іздеуде жүрген, хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың жүрген жерін және аты-жөні белгісіз мәйіттердің кім екенін анықтау біздің басты жұмысымыз. Біздің жұмыста небір түрлі жантүршігерлік оқиғалар болады. Күндіз-түні жұмыста жүреміз. Көп той-жиындарға да бара бермейміз. Әлеуметтік желіде отырып, ұялы телефонға қарайтын да уақытымыз болмайды. Бірақ, мен мұндай мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының «Қызықпай атақ-даңққа, қызмет етемін халыққа» деген керемет қанатты сөзі бар. Сол секілді Тәуелсіз елге өзімнің титтей де болсын пайдамды тигізіп, елдің тыныштығын қалтқысыз күзетсем, содан артық арман болмас еді, – дейді Байжан Миятбекұлы.
Басты кейіпкеріміз спортпен де айналысады. Бос уақытында футбол, үстел теннисі ойындарын ойнайды. Жыл сайын белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың ұйымдастыруымен «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты отбасылық футболдан «Дәуіт ата» аталатын футбол құрамының ойыншысы болып жарысқа ұдайы қатысып отырады.
Бүгінде Байжан Миятбекұлы жары Меруерт Орынбек екеуі Бақдәулет және Нұрғиса есімді ұлдарды тәрбиелеп отыр.
Иә, қызығынан гөрі қауіптілігі көбірек мамандық иесі Байжан Миятбекұлына өмір жолына тек жақсылық, жұмыста табысты болуын тілейміз!
* * *
«Адам боп келіп өмірге, адам боп өту парызым!»
Тәуелсіздіктің төл құрдасы Әсем Ералиева Бақалы ауылының тумасы. Ол осы ауылдағы Бақалы бастауыш мектебінде және Теріс ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алған.
Әсем Ералиева бүгінде №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі. Баланы жан-жақты аша білу, оның қызығушылығын арттыру, еңбекке баулу – бәрі-бәрі Әсемнің сүйікті жұмысы. Себебі, ол оқушылармен жұмыс жасағанды ұнатады.
Жұмыстан қолы қалт еткенде психологиялық, бала тәрбиесі туралы кітаптарды оқып, түйгендерін күнделікті өмірде іске асыруға ұмтылады. Қазіргі уақытта жазушы Айгерім Тұрақұлованың «Балам жақсы болсын десеңіз» атты кітабын оқу үстінде.
Әсемнің арман-мақсаты – білім нәрімен сусындатып отырған шәкірттерінің тәуелсіз кең байтақ елдің дамуына өз үлестерін қосқандарын көру.
– 1991 жылы Кеңестер Одағы тарап, енді ғана өзіміздің ел болып қалыптасып жатқан кезіміз болса да, керемет балалық шақтың куәсі болдым. Осы ретте ата-анама айтар алғысым шексіз. Өмірлік ұстанымым, «Адам боп келіп өмірге, адам боп кету парызым!» демекпін. Пенде болған соң, басыңа түрлі жағдайлар келеді. Осындай кезде орынды шешім қабылдап, ешкімге пайдаң тимесе де, зияныңды тигізбей, адами қалпыңнан таймай жүргенді қалаймын. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде тілерім, Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, бейбіт заманда, балаларымыз аман, бауырларымыз бүтін болсын. Заманымыз тыныш, әрбір отбасында тек жақсылық, қуаныш көп болғанын тілеймін. Тәуелсіз еліміз дамып, көркейе берсін. Сол тарапқа біз ұстаз ретінде жақсы-жақсы шәкірттерді тәрбиелеп, өз үлестерімізді қоса берейік, – дейді Әсем Шыңғысханқызы.
Мұғалім Әсем Ералиеваның жетістіктері де аз емес. Мектепішілік өткізілген «Жас мамандар» байқауынан Бас жүлде, аудандық мұғалімдер арасында ұйымдастырылған пікірсайыстан және «Жас келіндер» байқауынан I орынды иеленген.
2018 жылы Елбасының Жолдауына байланысты ұйымдастырылған пікірсайыста II орын, аудандық «Парасатты отбасы» байқауында Алғысхатпен, Республикалық халықаралық олимпиадаларына қатысып, диплом, сертификаттармен марапаталған. Сондай-ақ, шәкірттері де жыл сайын ауданда өтетін олимпиадада топ жарып, бірінші, екінші, үшінші орындарға ие болған. Соның бірі Қуаныш Ерасыл есімді шәкірті «физиканың өміріміздегі орны» аталатын облыстық шығармашылық байқаудың бірінші дәрежелі дипломын алған.
Қазіргі таңда Әсем Шыңғысханқызы жолдасы Абдулла Асылхан екеуі Жанар және Еркежаным есімді қыздарын тәрбиелеп отырған жайы бар. Қыздары оқуда озат, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады.
Иә, қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жастарымыздың тілегі бір – егемендігіміз мәңгілік болса екен. Тәуелсіздік құрдастары, міне, осындай.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»