Basty bet

Білім саласындағы келеңсіз мәселелер өз шешімін тапса…

Өткен жұма күні аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен өткен отырыста 2024 жылдың 25 сәуір күні болған аталған комиссияның кезекті отырысының №7 хаттамасында бекітілген тапсырмалар бойынша зерделеу жұмыстарының қорытындысы қаралды. Сондықтан отырысқа комиссия мүшелерімен бірге зерделеу жұмысын жүргізген топ мүшелері, орын алған мектеп басшысы мен жауапты педагогтер шақырылды.

Отырыс барысында аудан мектептерінің бірінде орын алған үш жағдайға байланысты зерделеу жұмыстарының қорытындысы баяндалып, мәселелер жан-жақты талқыланды.

Тілші түйіні: Орын алған мәселе комиссия отырысында бұған дейін де қаралған. Комиссия отырысында балаларға қатысты түрлі мәселелер қаралуда. Өкініштісі, мәселенің қаралу барысында көңілге кірбің ұялататын, “әттеген-айлар” өте көп кездеседі. Жүректі сыздататыны – кемшіліктің көбінде қоғамның айнасы саналатын мұғалімдердің тарапынан кетіп жатқаны. Мәселен, мектеп директорының жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмауы, мектеп әкімшілігімен, ұжыммен байланыстың жоқтығы, оқу-тәрбие процесі барысында балалардың бақылаусыз қалуы, жұмыс барысында арнайы нұсқама, ереже, алгоритм талаптарының орындалмауы және ұжымда ауызбіршіліктің жоқтығы – өте үлкен мәселе. Ең сорақысы, мектеп басшысы сөздің төркінін түсіне алмай, жаңылтпаш жауап беруі. “Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ” демекші, залда отырған кісілердің барлығы түсінген ойды, басшыға түсіндіре алмауымыз. Мұндай жағдайда мектептегі жұмыс сапасын сұраудың өзі артық.
Қай мектепте мұғалімдер арасында өзара айтыс-тартыс көп, ол жерде жұмыстың сапасы да төмен. Психологиялық ахуал дұрыс болмаған жерде, адамдар басқа нәрсемен айналыса бастайды. Ал, мектептегі дәл осындай жағдайлардың салдары баланың білімі мен тәрбиесіне зор зиянын тигізіп, өте ауыр салмақ салуда.
Одан кейінгі мәселе – кейбір ата-ананың орынды-орынсыз шағымы мен бәлеқорлығы баланың тәрбиесіне, болашағына тигізер кері әсері шаш етектен екенін түсінбеуі.
Мұның барлығын қалай шешеміз? Мектеп ұжымын да, бейауыз ата-ананы да тәртіпке шақырып, жұмысты үйлестіру үшін ең бірінші мектеп басшысын дұрыс таңдау қажет. Білімді, тәжірибелі, адами қасиеті жоғары, талапшыл, әділ, мәдениетті, сөзіне іс-әрекеті сай басшы ғана жұмысты өз деңгейінде жүргізе алады. Сондықтан алдағы жаңа оқу жылында білім саласындағы келеңсіз мәселелер өз шешімін тапса деген тілек бар…

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close