Basty bet

Шекарамыздың беріктігі – ел тыныштығының кепілі

Мемлекет шекарадан басталады. Сондықтан оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне сеніп тапсырылған. Тарихымызға үңілсек, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды сыртқы басқыншылардан қорғау жолында қаншама апайтөс батырларымыз мерт болды.

«Ұрпақтан-ұрпаққа аман-сау жеткен қасиетті жерімізге жан баласы көзін аларта сұқтанып, еліміздің тұтастығы бұзылмаса екен» деген кіршіксіз армандарын жүзеге асыру үшін қажет кезінде қолына қару алып, ғұмырларын осы жолда сарп еткен барша қаһарман аталарымыздың біздерге қалдырған қасиетті жерін күзету – үлкен абырой, үлкен жауапкершілік.
Үстіміздегі жылы 18 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына – 30 жыл толады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін күн тәртібіне іргелі мемлекеттің шекарасын дербес күзету саясаты қойылды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1992 жылдың 18 тамызында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрылды. Егер сол жылдарға көз жіберсек, белгілі бір деңгейдегі уақытша қиыншылықтар да орын алған. Мәселен, көптеген білікті офицерлер өздерінің тарихи атамекендеріне қоныс аударды. Осы арада Шекара қызметіне сапалы мамандар даярлау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ф.Э.Дзержинский атындағы Шекарашылардың жоғары командалық училищесі Президент Жарлығы негізінде еліміздің қарамағына берілгеннен кейін әлгі мәселені шешу осы әскери орынның міндетіне айналды. Осындай уақытша қолбайлаулар шешілген соң алда Мемлекеттік шекара күзетін заң талаптары аясында жүзеге асыру мақсаты тұрды. Нақты айтқанда, құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру кезек күттірмей шешетін шаруаның бірегейіне айналды. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі депутаттарының талқылауынан кейін 1993 жылдың 13 қаңтарында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» Заңдар қабылданды. Міне, сол уақыттан бері 30 жыл өтті. 30 жылда Шекара қызметі өзінің қалыптасу және күрделі даму жолынан өтті.
Шекарамыздың беріктігі – ел тыныштығының кепілі. Осындай өте жауапты қызметте абыроймен қызмет етіп келе жатқан шекара бөлімшелерінің бірі – біздің ауданымыздың аумағында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесі. Аталған бөлімше 2012 жылы желтоқсан айында ашылған. Биыл бөлімшеге 10 жыл толады.
Соңғы үлгіде салынған бөлімшеде шекарашыларға қажетті ғимараттың, құрал-жабдықтардың, жағдайдың барлығы бар. Яғни, сабақ өтетін орын, жатақхана, спортзал, кітапхана, асхана, дәріхана, т.б.
Бөлімше бастығы Қадырғазиев Азамат Қайратұлы. Аға лейтенант Шекара академиясын бітірген білімді маман. Орынбасары аға лейтенант Жардамов Қуан Ардақұлы. Біз бөлімшеге арнайы атбасын бұрып, шекара бөлімшесінің тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары жайлы Қуан Ардақұлымен әңгімелестік.
-Шекара бөлімшесіне 50 шақырымға жуық шекаралық аумақты күзету міндеттелген. Шекара негізінен адам күшімен күзетіледі. Яғни, негізгі күш сарбаздарға түседі.
Бөлімше инженерлік құрылғылармен жабдықталған,- дейді Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесі бастығының орынбасары Қуан Ардақұлы.
-Дәл бүгінгі таңда бөлімшеде 60 сарбаз әскери борышын өтеуде. Сонымен бірге 16 келісімшарт бойынша жуалылық азаматтар жұмыс істейді.
Бөлімшеде тәрбие жұмыстары жоспар бойынша жүйелі жүргізіледі. Мәселен, жақында бөлімшеде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебеп-ғылыми кітапхананың кітапханашылары көшпелі кітап көрмесін өткізді.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Жуалы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары бөлімшеге келіп концерт қойды.
Сонымен бірге бөлімшеде «Жас шекарашылар» үйірмесі жұмыс істейді. Үйірме мүшелері Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп пен Алатау ауылындағы Алатау орта мектебімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен байланысып, сарбаздар мектеп оқушыларымен кездесіп, түрлі іс-шараларға қатысамыз және аталған мектеп оқушылары бізге келіп, сарбаздардың бір күні қалай өтетінін көзбен көріп, бөлімшенің жалпы тыныс-тіршілігімен танысады. Ондағы мақсатымыз – мектеп оқушыларының патриоттық сезімін ояту, әскерге баруға шақыру. Отан қорғау – ер-азаматтың азаматтық борышы екенін санаға сіңіру.
Сарбаздарға кестеге сәйкес жауынгерлік дайындықтарын жоғарылату мақсатында сабақ өтеді. Саптық дайындықтар жасалады.
Шекара бөлімшесіне аудандық «Тілдерді оқыту» орталығының мамандары келіп, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретеді. Бөлімшеде тек қазақ қана емес орыс, түрік, ұйғыр сарбаздар бар.
Сарбаздар шекара күзету қызметіне кезекпен түседі. Мәселен, түнде күзетте болған сарбаздар күндіз ұйықтайды. Шекара күзету уақыты 8-10 сағат. Сарбаздарға үш мезгіл тамақ беріледі.
Сарбаздар бос уақытында теледидар көреді, өнерлі жігіттер гитара тартып, ән айтады, спортпен шұғылданады, кітап, газет-журналдар оқиды. Бөлімшеге «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жаңа өмір», «Отан сақшылары» газеттері мен «Шекарашы» журналы келеді. Өлең шығаратын сарбаздар да бар. Дәл қазіргі сарабаздардың ішінде қатардағы жауынгер Бекболсын Сәрсенбаев деген сарбаз өзінің әр сәттегі сезімін өлең арқылы қағаз бетіне түсіріп отырады.
Сарбаздар сонымен бірге қызметтік аттар мен иттерге күтім жасайды. Бөлімшеде 10 ат және үш ит бар. Иттер қызметтік мақсатта үйретілген. Аттарға негізінен үйінде жылқы малын қарауды үйренген, жылқы малын серігім деп білетін жігіттерге тапсырылады.
Сарбаздар алысқа атпен барады. Жақында нақтысын айтсам, 27 шілде күні Қазақстаннан Қырғыз еліне контрабандалық жолмен 87 бас ірі қара малын алып өтпекші болған азамат ұсталды. Біздің шекаралық аумақтың ерекшелігі бір жағы таулы аймақ болса, бір шеті жазық. Сондықтан да болар шекарада заңсыз жолмен мал алып өтпекші болған азаматтар көп кездеседі. Біздің жұмысымызға ауыл тұрғындары да көмектеседі. Шекара аумағынан бөтен адамдардың жүргенін байқаған тұрғындар, малшылар бізге хабарласып, мән-жайды айтып жатады.
Сарбаздар алдымен оқу орталығында үш ай теориялық дайындықтан өтеді. Бір жыл әскердегі өмірінің қалған уақыты шекаралық бөлімшеде болады. Мұнда келгенде сарбаздар бір ай бейімдеуден өтіп барып, өз еріктерімен шекара күзетуге жіберіледі.
Сарбаздардың әскери қызметтік мерзімі аяқталып, үйлеріне қайтарда әрқайсысының тәрбиесі, жауапкершілігі, жан-жақты қабілеті ескеріле отырып, Алғысхаттармен, Грамоталармен марапатталады.
Сарбаздармен Тараз қаласынан психолог маман келіп, түрлі қиындықтарға тап болған жағдайда психологиялық тұрғыдан дайын болуы үшін жұмыстар жүргізеді.
Жалпы, әскери қызмет жауапкершілігі өте жоғары әрі абыройлы қызмет. Әскерде болу ер-азаматтың патриоттық сезімін, қайратын, жігерін жаниды. Отаншылдық рухын көтереді. Жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды, барыңды бағалауды үйретеді. Әр азамат өзін жан-жақты дамытады.
Біздің мақсатымыз – мемлекеттік шекараны үлкен жауапкершілікпен күзету, шекараны бұзуға жол бермеу, жеке құрамның психологиялық, рухани жағдайын жоғары дәрежеде ұстау,- дейді Қуан Ардақұлы.
Иә, көршілес мемлекеттермен бейбіт аспан астында достық қатынаста ғана болу біздің елдің өмір сүру салтына айналса, басты күшіміз – бірлікте. Десе де, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын ұлан-ғайыр атырап шебін шекарашылар жіті қорып, кірпік қақпай күзетуде. Сондықтан да шекарашылардың еңбегі қашанда үлкен құрметке лайық. Шекарашылардың нәтижелі еңбегі темірдей тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншіліктің жемісі.
18 тамыз – ҚР Шекара әскерінің құрылған күні қарсаңыңда барша шекарашыларды құттықтай отырып, қиын да абыройлы, жауапкершілігі мол істеріне табыс, дендеріне саулық тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қашан да ел іргесі берік, бейбіт заман болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close