Basty bet

Ақынмен сырлас, мұңдас болуымыз керек

Үкіметіміздің 10 тамызды Абай күні деп жариялауы, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер» туралы Заңға бұл жөнінде тиісті толықтыру енгізу туралы Қаулы қабылдануы, енді жыл сайын 10 тамыз – Абай күні ретінде мерекеленетіні туралы хабар бүкіл қазақ секілді мені де зор қуанышқа кенелтті.
Саналы ғұмырымның 40 жылын Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте ұстаздыққа арнадым. Қарағанды қаласындағы педагогикалық университетті қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде алғашқы түлектердің бірі болып тамамдаған болатынмын. Негізінен Қарағанды қаласы Абайдың бір отаны. Мұнда ұрпақтар сабақтастығы жатыр, яғни ақынның анасы Ұлжан осы қасиетті жерде дүниеге келген. Студенттік шағымызда «Абайтану» сабағы жүргізіліп, онда небір қазақтың білімді профессорлары дәріс берді. Менің Абайға деген көзқарасым осы тұста жақсы қалыптасып, оны өмір бойы рухани азық ретінде пайдаланудамын.
Ақынның биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтілуін алғашқы жарияланған сәттен бастап қуанышпен қабылдадым. Ал, бүгінгі Абай күнінің белгіленуі тарихи оқиғалардың бірі деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуы тиіс» деп «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында дөп басып айтып отыр.
Осы ретте, Ел Президентінің бүгінгі мақаласында «Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ, Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс» деген сөздері кім-кімді болсын ойландырмай қоймайды. Әсіресе, педагогтарды. Абайды кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтан кейін ақынды толық зерттеуші ғалым ретінде Мекемтас Мырзахметовтың атын атауға әбден лайық деп білемін.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, Абай әлемі адамды даналыққа жетелейді. Абайдың поэзиясы, қарасөздері бір бөлек дүние. Ал, ақынның өмірге деген көзқарасы мүлдем басқа нәрсе. Абай қоғамдағы адамдардың іс-әрекеттеріне байланысты пәлсапалық, ұлттық санаға байланысты дүниетанымдық, эстетикалық, экономикалық көзқарастарды бізге жеткізген. Адамдарды оқығанына қарай білімді демейді, керісінше, адами жоғары қасиеттерге ие, адамгершілігі, сыйластығы, дұрыс қарым-қатынасы бар адамды білімді дейді. Жан сақтаудан гөрі ар сақтауды жөн санайды. Адамдарды еңбекке баулып, күш-жігерін қажырлы еңбекке, сана мен еңбекті ұштастыруға үндейді. Іскерлікпен, белгілі бір кәсіп түрімен айналысуға шақырады.
Абайдың әр шығармасында, әр тармағында, өнегелі қара сөздерінде үлкен ой көтеріледі. Ол бізге қалдырған мол мұрасын білім мен надандық арасында ұштастырады.
Жалпы Абайдың арманы – адамды азаматқа айналдыру, яғни толық адамды қалыптастыру болатын.
Абаймен сырлас, мұңдас болуымыз керек. Абай бізден алыстаған жоқ. Күн сайын бізбен жақындасып, ол рухани көсем, рух беруші жан екенін ұғынудамыз. Абай мәңгі бізбенен бірге.
Зейнет жасындағы ардагер ұстаз болсам да әлі де Абайды іздеп отырамын. Кейбір күнделікті өмір сүру қалпымызда ақынның шығармаларындағы жайттар дәл келіп, мына сөз осы жерде айтылса, шешімі табылып, көпке ой салар сөздер айтылар еді-ау деген ойда қаламын.
«Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенде Абай атамыз бір уыс қазаққа «ынтымағыңды, бірлігіңді сақта, тату болыңдар, өзара бауыр, дос тұтыңдар» дегенді айтады. Ал, «Адам болам десеңіз» деген өлең жолдарымен, «бес дұшпаннан» толық арылып, адам болып қалыптасуды көрсетті.
Абайды оқу әр отбасынан басталады. Жанұядағы дұрыс тәлім-тәрбие ертеңгі күні ұрпағының дұрыс жолмен жүруіне ықпал етеді. Баланың жақсы болуы отбасына, ортасына, ата-анасына, тұрмыс-болмысына байланысты өрбиді. Сондықтан ұлтымыздың ертеңгі келешегі білімді ұрпақ қолында екені айтылып жүр. Мұндай ұрпақты тәрбиелеу үшін мектеп қабырғасынан, яғни бастауыш сыныптап бастап баланы Абайдың шығармаларын оқыту арқылы өсіру керек.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы жыл біздің отбасымызда Абай деген немереміздің дүние есігін ашуымен есте қалды. Өмірге келген жаңа сәбиге тарихи оқиғалармен, яғни Абайдың 175 жылдық мерейтойымен байланыстырып, ақынның атын бердік. Бұрынғының салтымен қайнағамыз, әулеттің үлкені «Абайдай дара болсын, ақынның жолына өзінің білімімен, еңбегімен жетсін» деген ниетте қойды. Бұл – біздің ақынға деген шексіз құрметіміз.
Несіпкүл Уәлиқызы,
ардагер ұстаз.
Қарабастау ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close