Basty bet
Қауіпсіздік талаптарын сақтау – басым бағыт
Халықаралық еңбекті қорғау ұйымы қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын 28 сәуірді еңбекті қорғау күні ретінде атап өтеді. Бұл атаулы датаның тарихына үңілер болсақ, дүниежүзілік еңбекті қорғау мәселесі 1989 жылдан бастау алады.
Осыдан 31 жыл бұрын АҚШ пен Канаданың кәсіподақтары мен жұмыскерлері өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қайтыс болғандарды еске алу акциясын өткізіп, сол арқылы көпшіліктің назарын еңбекті қорғау саласындағы мәселелерге аударуды көздеген болатын.
Ал, 2003 жылдан бастап халықаралық еңбекті қорғау ұйымымен ресми түрде 28 сәуір дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып жарияланды. Осы шара арқылы халықаралық ұйым бүкіл дүниежүзі қауымдастығының назарынан туындап отырған проблемаға аудару, еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру арқылы жұмыс орындарындағы адам өлімі мен өндірістік жарақаттанушылықты барынша азайтуға бағытталған шаралар қабылдауға жұмыс берушілерді шақырып отыр.
Халықаралық ұйымның статистикасына көз жүгіртер болсақ, әлем бойынша күніне өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде 6300 адам жазатайым оқиға мен кәсіби аурудан қаза табады екен.
Жылына 2,3 миллион адам жазатайым оқиғалар мен өндірістік кәсіби ауруларға шалдығып, оның 317 мыңы жазатайым оқиғадан, шамамен 1,7-2 миллион адам жұмысына байланысты кәсіби аурулардан көз жұмады екен.
Ал облыстағы өндірістік жарақаттанушылық пен жазатайым оқиғаларға келер болсақ, 2019 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 54 жазатайым оқиға орын алып, оларда 69 адам зардап шекті. Оның 26-сы жеңіл, 29 ауыр жарақат алған, ал 14-і адам өлімімен аяқталған.
Ақпарат ретінде атап айтар болсам:
-27,8%-ы (15 оқиға) жұмыскердің өрескел абайсыздығынан;
-38,9%-ы (21 оқиға) жазатайым оқиға жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы салдарынан;
– 24,1%-ы (13 оқиға) жол-көлік оқиғасынан;
– 5,6%-ы (3 оқиға) еңбектің қауіпсіз тәсілдерін оқытудағы кемшіліктерден;
– 3,7%-ы (2 оқиға) т.б. себептердің салдарынан орын алып отыр.
Осы орайда облыстық еңбек инспекциясы басқармасымен жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылықты болдырмау мен оның алдын алуға бағытталған жол картасы әзірленіп, осы картаның аясында еңбек қауіпсіздігіне қатысты 69 іс-шара (10-ашық есік, 56-семинар-кеңес, 3-мастер-класстар) ұйымдастырылып, 250 мақала мен ақпараттық посттар (әлеуметтік желілер мен ресми сайт арқылы-75, БАҚ беттерінде 75, телеарналар арқылы-6, билбордтар мен LED экрандар арқылы-45) жарияланым жарияланды.
Жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 1114 адамның білімдері тексеріліп, еңбек қауіпсіздігіне жауапты 2271 қызметкерге еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта облыстың ірі кәсіпорындарында өндірістік жарақаттанушылықты барынша төмендету мақсатында «Халықтық бақылау» және «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамаларын енгізуге бағытталған түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы қауіпсіз еңбек туралы мәселе қозғалғанда, ең бірінші кезекте өндіріске жаңа сандық технологияларды енгізу, автоматтандыру, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелерін шешудің қажеттілігі туындайды.
Бұл туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталып өткендігі белгілі.
Одан бөлек, өндірістік жарақаттанушылық пен жазатайым оқиғалардың алдын алудың бір жолы – Дүниежүзілік еңбекті қорғау ұйымы ұсынған (OHSAS 18001:2007, ГОСТ 12.0.230-2007) халықаралық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын облыс кәсіпорындарында енгізу (қазіргі таңда облыстың 103 кәсіпорнында енгізілген) жұмыстарын жандандыру болып табылады.
Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі екендігі баса айтылған. Олай болса, барлық жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын қатаң ұстана отырып, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастырып, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылыққа жол бермеуге бағытталған пәрменді шаралар қабылдауға шақырамын.
Сонымен бірге, елімізде коронавирус пандемиясының алдын алу үшін жарияланған төтенше жағдайға байланысты көптеген жұмыскерлердің карантиндік режІмде бірқатар қиыншылықтарға тап болып отырғандығын ескере отырып, жұмыс берушілерге жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына және әлеуметтік тұрғыда қорғалуына барынша ықпал ету шараларын жедел қабылдауға шақырамын.
Қайрат Досаев,
Жамбыл облысы әкімдігінің
еңбек инспекциясы
басқармасының басшысы.
Бас мемлекеттік
еңбек инспекторы