Basty bet
Чемпиондар ауылдан шығады
“Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға”,- деп ақын Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай, үлкен арман адамды заңғар биікке, жетістікке жетелейді.
Кез келген жеңіс адамға оңайлықпен келмейді. Жетістік те, жеңіс те үлкен арманның, еңбектің нәтижесі. Еңбекпен келген жеңіс адамға бақыт сыйлайды.
Сәрсенбінің сәтті күні Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте осындай бір бақытты сәттің куәсі болып, көңіліміз толқыды. Яғни, аталған білім шаңырағында жақында ғана Ақтөбеде өткен 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар Бексұлтан Боранбек пен Ескендір Тұрғынды марапаттау рәсімі өтті.
Шара басталмас бұрын мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Төлепберген қонақтарды жаңартылған білім мазмұнына орай мектеп жаратылыстану мен математика бағытындағы мектеп болғандықтан, соған орай дайындалған бұрышпен, яғни мектеп тарихымен, жетістіктерімен таныстырды. Ал, білім шаңырағының білімді шәкірттерінің бірі 8 сынып оқушысы Әйгерім Қыдырбек жаратылыстану және математика бағытында оқушылардың жасаған туындыларымен таныстырды.
Қонақтар сонымен бірге мектеп фойесіндегі жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған бұрышта ақынның мерейтойына орайластырылған челленджден үзінді тамашалады. Және де оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатындағы шахмат бұрышымен танысты.
Іс-шара “Ай жұлдыз” би тобының “Қазақ” биімен басталды.
Кезек марапаттау рәсіміне берілді.
Сөз кезегін алған Бокс мектебінің директоры, білікті, тәжірибелі бапкер Мұхтар Бердімбетов қуанышын ерекше тебіреніспен жеткізді.
-Біз бала кезден спортқа құмар болдық. Ол кезде қазіргідей спортшыларға жағдай жасалмаған. Өзімізбен- өзіміз сарайда дайындалдық.
Қазақтың белгілі спортшысы Серік Қонақбаевты өзім үлгі тұтып, сол азамат сияқты болуды армандадым. Кейін сәті түсіп, Серік Қонақбаевпен танысып, араласып кеттік. Серік аға маған “Мұхтар, сен Құдай қаласа, үлкен бапкер боласың” деп сенім артты. Алла қалап, Жамбыл облысында аға бапкер болдым. Қазақстан құрама командасының бапкері болдым. Шәкірттеріміз көптеген биік белестерді бағындырды. Серік Қонақбаев мені аға бапкер ретінде Непалға жіберді. Ол жақта келісімшартпен төрт ай бапкер болып келдім.
Ол жақтан келген соң бір жарым жылға Индонезияға жіберді. Индонезияға барайын деп жүргенде ауылға келдім. Бір жарыста рингке Жуалыдан үш спортшы шықты да, үшеуі де жеңіліп қалды. Сол кезде өзім іштей жаман болдым, намысым келді. Содан Серік Қонақбаевқа барып айттым: “Серік аға, Сізге үлкен рақмет! Қазақта “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген мақал бар ғой. Сондықтан мен Индонезияға бармаймын. Өзімнің туған жерімде қаламын. Өз елімнен чемпиондар шығарамын” дедім. Серік аға маған риза болды.
Не керек бокс мектебін аштық. Аллаға шүкір, қазір жақсы бапкерлер, жақсы, мықты жас спортшылар бар. Осы ауылдың өзінде мықты спортшылар көп. Спортты қолдап, қолдарынан келген көмегін көрсетіп отырған барлық жандарға үлкен алғысымды білдермін.
Жалпы өмірде мықты адамдар ауылдан шығады. Сондықтан ауылға деген қолдау ешқашан үзілмеуі керек.
Бүгінгі чемпиондарымыз Бексұлтан мен Ескендірдің жаттықтырушысы Нұралы бауырымызға келсек, ол спортты жан-тәнімен сүйетін азамат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары айлық төлемесе де бес-алты жыл балаларды спортқа тегін баулыды. Елдің келешегіне сенді. Пандемия басталғанда да жұмысын тоқтатқан жоқ. Бүгінгі жеңіс сол тынымсыз еңбектің жемісі. Бұл Жуалының ғана емес, облыстың қуанышы.
Бексұлтан мен Ескендірдің еңбегі де біздің көз алдымызда. Еліміздегі жасөспірімдер арасындағы ең мықты деген споршылармен қолғап түйістірді. Өздерінің мінезін, рухын, еңбегін көрсете білді, дәлелдей білді. Бұлар Бақтияр мен Әбілханның ізбасарлары.
Ауданымыздан тұтас еліміздің мақтанышы болар жастарымыз шыға берсін! Сіз бен біз жастар үшін, келешек үшін аянбай тер төге берейік!- деді Мұхтар Бердімбетов.
Жамбыл облысына қарасты Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Мәдібекқызы да жас спортшыларды жеңісімен құттықтап, ұжымның, бапкерлерінің жұмысына абырой тіледі.
Споршылардың Дипломдары мен Кубогын ұстаздары мен сыныптастарының алдында қошеметпен табыстады.
Мектеп директорының шараны ұйымдастырғандағы мақсаты – мектептің абыройын асқақтатқан шәкірттерінің қуанышымен бөлісу, жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру әрі жастарды бір-бірінің қуанышын шын жүректен бөлісуге, еңбекке құрмет көрсетуге үйрету болатын.
Келесі кезекте Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбеков, спортшылардың бапкері Нұрлан Бүйенбаев, мектеп директоры Зәуре Сегізбаева сөйлеп, жүрекжарды тілектерімен бөлісті.
Шара “Мен қазақпын!” әнімен аяқталды.
Марапаттаудан кейін жас спортшылармен кездесіп, біз де өз ізгі тілегімізді білдіріп, аз-кем сұхбаттастық.
Бексұлтан боксқа жүйелі түрді 4 сыныптан бастап барса, Ескендір 5 сыныптан бастап барған. Екеуі де бүгінде 9 сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімдері де жақсы.
-Арманымыз – әлем чемпионы болу.
Мықты спортшы болу үшін Бауыржан атамыз айтқандай, тәртіпке бағынуымыз керек. Уақтылы тынығып, дұрыс тамақтанып, уақтылы ерінбей жаттығу жасауымыз қажет. Жеңіс үлкен еңбекпен ғана келеді. Әрине қиын. Сондықтан спортшыға шыдамдылық өте қажет.
Ұстаздарымыз үнемі адал, патриот болуды құлағымызға құйып отырады. Патриот болу дегеніміз – отбасыңды, мектебіңді, ауылыңды сүюден, қызмет етуден басталады. Жеңіске жетіп, мемлекетіміздің Әнұраны орындалғанда кеудемізді ерекше мақтаныш сезім биледі,- дейді чемпиондар.
Лайым елімізде Бексұлтан мен Ескендірдей рухты, жігерлі, жан-жақты жастар көп болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»