Basty bet

Тұрғындар қажеттігі – бірінші кезекте

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың ауданға жұмыс сапары кезінде осындай ой түйдік

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылдың 13 наурыздағы өкіміне сәйкес жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сай облыс әкімінің орынбасарлары өзінің жетекшілік ететін салалары бойынша аудандардағы елді мекендерге шығып, жұртшылық өкілдерімен жүздесуі, мекемелерді аралауы, жергілікті жерлерде қордаланған мәселелерді тұрғындардың өз ауыздарынан естіп, проблемаларды жинақтап, облыстық іс-қимыл картасына енгізуі тиіс болатын. Осы мақсатта апта басында ауданға облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова келіп, аудан орталығы мен бірқатар елді мекендердің жұртшылығымен жүздесті, ондағы әлеуметтік-мәдени нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Сұлушаш Сәтбекқызы жұмыс сапарын Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ орта мектебінде ауыл жұртшылығымен кездесуден бастады. Шараны аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, ауданның білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау салаларының жай-күйін баяндау үшін сөз кезегін өзінің орынбасары Ербол Жаңабаевқа берді.
Баяндамадан кейін облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың мәселелерін тыңдауға көшті. Мыңбұлақ орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Роза Мұратай 90 жылдан астам тарихы бар білім ордасының жаңа ғимараты Кеңес Одағы тұсында пайдалануға берілгенін, содан бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін айта келе, мектепке күрделі жөндеудің қажет екенін еске салды. Сұлушаш Сәтбекқызы бұл мәселе бойынша аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжановқа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қажетті қаражатты нақтылауды тапсырды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауданда күрделі жөндеуді қажет ететін жеті мектеп бар екенін, оларды бір мезгілде жөндеудің мүмкін еместігін, сондықтан жол картасын әзірлеп, әр жылы екі мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Нарбай Әбілқасымұлы сондай-ақ ауылға мәдениет ошағының қажет екендігін, оған жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат келесі, 2020 жылы бөлінетінін еске салды. Ауыл тұрғыны Ғани Қадіров өнерлі жастарды қолдау үшін ауылдан өнер мектебі ашылса деген ұсынысын жеткізсе, Балқынай Алтыбаева ауыз және арық суына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуына қарағанда, өткен жылы ауылдағы Әлия Молдағұлова көшесін жөндегенде жолдағы талдарды кескен, сол кесілген талдардың бұтақтары жиналмай, су жолдарын бітеп, жоғарыда өзі тұратын Беделбаев көшесіне ағын су жетпей қалған. Сондай-ақ ауылда ауыз су да тапшы. Мал суғару үшін көше тұрғындары суды сайдан тасуға мәжбүр.
«Шапағат» балабақшасының қызметкері Әсел Айнақұлова мерзімді басылымдарға ерікті жазылу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты.
Сұлушаш Сәтбекқызы осы ретте тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыс қажеттігі бірінші кезекте ескерілуі тиіс екенін айтып, ауданның атқарушы органдарына бұл мәселені бақылауға алуды қатаң тапсырды.
Талапты ауылындағы Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның үйі 2002 жылы жазушының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған. Екіқабатты ғимаратта қонақ күтетін зал, жұмыс кабинеті, кітапхана, тынығу бөлмелері орналасқан. Ғимарат бүгінде Шерағаңның немере інісі Әлижан Батырханұлының күтімінде екен. Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жазушы үйінің жабдықталуымен таныса келе, келешекте бұл үйді Шерхан Мұртазаның музейіне айналдыру мәселесін қозғады.
Аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейдің ІТ-сыныбы оқушылары соңғы кезде заманауи ақпарат технологиясының көмегімен қолдан түрлі пішіндегі роботтар құрастыру ісімен шұғылданып, түрлі байқауларда жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Сынапта сабақ үш бағытта жүргізіледі: 3-D принтер, робототехника және ІТ-технология. Оқушылар пластмассаны балқытып, одан 3-D принтердің көмегімен кез келген пішіндегі бұйымдар шығарады. «Жақсыны көрмекке» дегендей, оқушылардың қолдан құрастырған робот үлгілерін көзбен көріп, ризашылығын білдірген Сұлушаш Сәтбекқызын мектеп оқушыларының қанша пайызының осы жұмыспен қамтылғаны қызықтырды. Сөзін түйіндей келе, ауданда мұндай ІТ-сыныптар санын көбейтіп, олардың жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау қажеттігін тапсырды.
Келесі кезекте «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде болған облыс әкімінің орынбасары мекеменің теолог, ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіруші мамандарының жұмысын сұрастырып, оларға сұрақтар қойды. Сондай-ақ мекеменің Жастар жылы аясында атқарып жатқан жұмыстарын мекеме директоры Жәнібек Мырзалиев баяндап берді. Сұлушаш Сәтбекқызы жастарға бөлінетін жеңілдетілген несиемен, жастарды жұмыспен қамту шараларына баса назар аудару қажеттігін ескертті.
Сұлушаш Құрманбекова Жуалы ауданының мемлекеттік арихивіне де аялдады. Ол мекеменің құжат сақтау қоймасын аралап, құжаттардың сақталу жағдайын көрді. Архив меңгерушісі Ажар Ақбалаева мекеменің қалыпты жұмыс істеуі үшін ғимараттың таршылық етіп отырғанын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың жұмыс сапары аудандық орталық кітапханасында жалғасып, кітапхананың білім және цифрлық-ақпарат орталықтарының жұмысымен, жабдықталуымен танысты. Онымен орталық кітапхананың директоры Бақыткүл Қанаева таныстырды. Мекеме басшысының айтуына қарағанда, осындай цифрлық-ақпарат орталықтары жыл соңына дейін тағы да сегіз елді мекенде ашылмақ.
Одан әрі Сұлушаш Сәтбекқызы Nur Otan партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді. Қабылдауда болған бес азамат өздері тұратын ауыл-аймақтардағы шешімін күткен әлеуметтік мәселелерді алға тартып, облыс әкімінің орынбасарынан шешу жолдарын қарастыруды өтінді. Қабылдаудан кейін облыстық салалық басқармалар басшылары мен аудан әкімінің, орынбасары мен аудан әкімдігінің бөлімдері басшыларының қатысуымен шағын құрамда жиналыс өткізіп, облыс әкімі мен жергілікті атқарушы органдардың арасындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысын пысықтап алды.
Сұлушаш Құрманбекованың жұмыс сапары Нұрлыкент ауылындағы Михаил Ломоносов атындағы орта мектепте түйінделді. 1974 жылы пайдалануға берілген орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Қабырғаларының сылақтары түсіп, жылу, электр жүйелері тозығы жеткен, есік-терезелері қисайып тұр. Ғимаратты аралап көрген Сұлушаш Сәтбекқызы күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға өткізуді тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызының жұмыс сапары кезінде аудан әкімі Нарбай Ергебеков, салалық орынбасары Ербол Жаңабаев, тиісті бөлім басшылары бірге еріп жүрді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close