Арадан қаншама жылдар өтсе де бала кездегі сол бір «Алтын қоразымды» әлі ұмыта алар емеспін. Екі көзінен қан тамшылап, үй түбінде бүкшиіп отырған сол бейнесі көз алдымда тұрады да қояды…
Біздің отырған жеріміз жасыл желекке бөленген керемет ауыл еді. Әр үйдің іргесіндегі жиырма бес сотық жер учаскесінің төрт шеті түгел екі-үш қатар егілген тал-дарақ. Көше бойындағы зәулім-зәулім ақ теректердің сұлулығы ақ қайыңнан бір кем түспейді. Оның үстіне әркім өзіне тиесілі жекеменшік жерінің біраз бөлігіне алма, алмұрт, өрік, шие сияқты жеміс ағаштарын егіп тастаған. Онан қалған жердің тағы бір бөлігі көк жоңышқа. Мал ұстайтындықтан ба, біз жақта әр шарбақта жоңышқа бар. Және әркім өз үйінің ауласына қалағанынша бақша дақылдарын өсіреді. Менің әкем сияқты ерінбегендер қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, картоп егетіні бар. Ол кезде бастау-бұлақтардың суы көл-көсір, нендей дақыл ексең де қаулап шыға келеді. Ал болымсыз, жалқау адамдар үй іргесіне жоңышқа егіп тастап, жата беретіні де жасырын емес. Алайда біздің ауылымыз маған әлемде теңдесі жоқ жұмақ мекен болып көрінетін.
Ауыл тұрғындары бір бұзаулы сиыр мен оншақты қой-ешкі ұстап, сонымен күнелтеді. Бір сиырға қоса бір құлынды бие ұстайтын тұрмысы сәл түзулер кәдімгідей өзін бай-бағлан сезініп, кісімсініп жүретіні бар. Ал анау бір жылдары өкімет бір сиыр, үш қойдан артық ұстамаңдар деп пәрмен беріп, содан ауданнан комиссия шығып, үйме-үй аралап, жекенің малын санап, артық тұяқтарын машинаға тиеп әкеткенін көргенім де есімде. Сондықтан ел басы артық мал ұстаудан қорқып, жаппай тауық асырауға бет бұрған. Әр үйде отыз-қырық тауық бар. Осы үй құстарының жұмыртқасын жинап, аптасына бір мәрте саудагер әйелге өткізіп, содан түскен тиын-тебенмен қант-шайын ажыратып отырған ел.
Шынын айтқанда, тауық асырау да оңай шаруа емес. Ол өзі өте тойымсыз мақұлық. Ауладағы көкөніс, бақша дақылдарын шоқып маза бермейді. Қызанақтың тең жартысын шоқып жеп жарамсыз етіп тастағанын күнде көріп те жүрміз. Тары піскенде оның сәмбі талдай майысып, иіліп тұрған масақтарына жабысқан тауықты егістіктен қуып шығудың өзі қиын. Ал көк жоңышқаның баланың тырнағындай жапырақтарына тауық біткен тіптен өш. Дұрыстап бақпасаң тауықтың пайдасынан зияны көп. Сондықтан ауыл тұрғындары тауықтарын сымтемірден тоқылған тор көз шарбаққа қамап, алдарына жем шашып, ыдыстарына су құйып асырайды. Бір шетте тауық жұмыртқалайтын ұяшық тұрады. Орыстың кемпірлері қорадағы тауықтарына көк шөп пен жоңышқаны, қиярдың, қызанақтың, алманың қалдықтарын турап беріп, ерекше бағып-күтіп жүрсе, ал біздің қазақтар жалқаулық па, әлде істің көзін таппай ма, қайдам, тауықтарына екі мезгіл екі уыс арпа-бидай шашып қойып қарап отырғаны.
Кешке дейін сым тордың ішінде қамалып тұрған үй құстарының күн екінтіден асқанда бірер сағатқа бостандыққа шыққанда айналасын апырып-жапырып жіберетіні содан болса керек. Тауықтың жаны көк шөп пен көкөністе екенін кейін біліп жүрміз ғой.
Кешкі сағат бес-алтыларда тауықтарды қорадан шығарған кез нағыз қызыққа толы сәт. Үйіміздің қарсы бетіндегі Ырза шалдың қызыл қораз бастаған тауықтары біздің үйге қарай, ал біздің ақ қораз бастаған қалың тауық сол үйге қарай лап қояды. Бір нәрседен құр қалғандай алға қарай атойлаған тауықтар легі бір-біріне қарсы шабуылға шыққан екі рота әскерге ұқсайды. Алдарындағы қызыл айдарлары желпілдеген екі қораз өз роталарын шабуылға бастап келе жатқан командирлер сияқты. Қолыңа шыбық алып алдарынан кес-кестемесең көрші үйдің тауықтары біздің бақшаны, ал біздің «қырқарлар» Ырза шалдың бау-шарбағын тас-талқан етуден тайынбайды. Қанша қорысаң да бәрібір көрші үйдің тауықтары тесік тауып, біздің жоңышқалыққа өтіп кетеді. Жоңышқа жапырағын жесе жей берсін, бақшаға тимесе екен деп, енді амалсыз жоңышқа мен бақшаның арасында шыбығыңды сумаңдатып тұрғаның. Ырза шалдың мойын жүні мен арқасы, екі жақ қанаттары, құйрығындағы кейбір қауырсындары сап алтындай сап-сары, бауыры жып-жылтыр жасыл түсті қоразы ерекше көз тартады. Басында әскери қызыл фуражкасы бар, иығындағы пагондары мен омырауы алтынмен оқаланған, жасыл кительді генералға ұқсайтын бұл қораздың тұрқы да ірі. Сирақтары ұзын, басқа қораздардан еңселі. Жуырда ғана «Генерал Карташов» деген кітапты қызыға оқып бітірген мен генералдың әскери формасы қандай, өзі қандай болатынын санама түйіп алғанмын. Сондықтан қоразды генералға теңеуім бекер болмаса керек.
Сол қораздың көркі мен тұрқы қандай ерекше көрінсе, іс-әрекеті де айрықша. Өз үйіріне бірде-бір бөтен әтешті жуытпайды. Едіреңдеп, елпілдеп жетіп келген біреу-міреуі болса, әп-сәтте айдап шығады. Тектілігі басым. Өзі мекиендері жоңышқаға әбден жайылып бір қарқындап алғанша басын төмен бір имей асқақ қарап тұрғаны.
Қанша қорып, қорғаштап жүрсек те біз бен Ырза шалдың тауықтары араласып жайылады. Соның бәрін билеп-төстейтін «генерал» қораз.
Күндердің-күнінде біздің бір ақ тауық күрк-күрк етіп күркілдеді де, күрік болып қалды. Апам Күлайша жәшіктен ұя жасап, ішіне жұмсақ сабан төсеп, толтыра жұмыртқа салды да үстіне күрік тауықты әкеліп отырғызды. Алдына жемін салып, суын құйып қойды. Күрік тауық содан жұмыртқа басып жиырма бір күн жатқан соң, әлгі жұмыртқалар жарылып, ішінен сары үрпек балапандар шыға бастады. Мен қызықтап қарап тұрамын. Құйттай ғана сары балапандар енесінің астынан шиқ-шиқ етіп басын шығарады да қайтадан жұмсақ жүннің астына тығыла қалады. Қандай сүйкімді балапандар десеңші.
Тағы біраз уақытта шіріген екі-үш жұмыртқа болмаса, басқалары толық балапан шығарды. Апам енді митімдей сарыауыз балапандар аш қалмас үшін әрі ауыздарына сиымды болу үшін алдарына майда ақ тары шашып, су құйылған банканы төңкеріп қоятын болды. «Суды беті ашық ыдысқа құйсаң балапандар ішіне түсіп өліп қалуы мүмкін. Ал банканы төңкеріп қойсаң ернеуінен шыққан судың өзі-ақ оларға жеткілікті» деп түсіндіріп қояды анам.
Екі-үш күннен кейін ақ тауық күркілдей жүріп, балапандарын солдаттай тізіп, ертіп шыға келді. Сол-сол екен, ақ тауықтың да мінезі күрт өзгерді. Жақындай қалсаң күркілдеп, барқылдап өзіңе айбат шегеді. Қашып үлгермесең болаттай үшкір тұмсықтарымен шоқып қан-жосаңды шығарудан тайынбайды. Менің жасым 8-де, бәрін де түсініп, біліп қалған кезім. Балапандарын қызғанған долы тауыққа жақындамаймын әрі кішкене бөпелерімді де жуытпаймын.
Егер маңында ешкім болмаса балапан ашқан ақ тауықтан өткен мейірімді ене жоқ. Әр жерді тепкілеп, аяғымен жер тырмалап, тауып алған жемін балапандарының аузына тосады. Оларды ертіп жүріп көк шалғында жайылуға, балауса шөпті жұлып жеуге үйретті.
Менің бір таңғалғаным, балапандар тез өсіп-жетіледі екен. Арадан бір ай өтер-өтпесте кешегі мамық сары жүндері ағарып, түлеп, қанаттарына қауырсын пайда болды да, енелерінен бөлініп, өз беттерінше күн көруге көшті. Ақ тауық та «енді басым бос» дегендей, өз үйіріне қосылып кетті.
Енді, міне, кешегі балапандардың төбесінен қызарып кішкене айдар жарып шыға бастады, түстері де өзгерді. Біреуі аппақ, енді бірі қара, келесі біреуі қоңыр түске айналды. Бір күндері солардың ішінен Ырза шалдың «генерал» қоразынан аумайтын ерекше құлпырған, мойны мен арқасы, қанаттары алтын түске боялғандай, ал бауыры көк қыжымдай жылтыраған жасыл түсті бір қораз шыға келді. Сұлулығына көз тоймайды. Мен оны «Алтын қораз» деп атадым. «Ит-құстан аман болса, енді тауықтарымыздың да тұқымы жақсаратын болды»,– деп әке-шешем мәз. Әкемнің «ит-құстан аман болса» деген сөзінің де мәнісі бар. Жуырда Ырза шалдың «генерал» қоразын қапияда ит талап өлтіріп қойған…
Келесі жазда менің Алтын қоразым өсіп-жетіліп, денесі толқысып, бойы сыптай тартылып, нағыз жауынгер қоразға айналды. Ырза шал мен біздің үйдің тауықтарының «басиесі» сол. Ол айдары мен мойын жүндерін күдірейтіп, маңғаз қарап тұрғанда бұл маңдағы бірде-бір әтеш екі үйдің тауықтарына маңайлай алмайды. Кейде көшенің жоғарғы жағынан сандалып келіп қалатын есерсоқ, ақымақ қораздар болады. Менің жауынгер Алтын қоразымның сырын әлі біле қоймаған ол өзінше кісімсіп, маңғаз басып, «қоқ-қоқ» деп жақындап қалғанда Алтын қораз лезде мойын жүндерін тікірейтіп, есерсоқ әтештің қарсы алдынан шығады да, қазіргі таэкондошылар сияқты ананы секіріп барып бір тепкенде кісімсіген бөтен әтеш «құйрығын жымыра қысып» қаша жөнеледі.
Байқаймын, күндердің-күнінде ауыл адамдарының назары менің Алтын қоразыма ауа бастаған сияқты. Әсіресе, балаларда ес жоқ, күнде біздің үйге келіп менің алтын қоразымды тамашалайтын болды. Ал жасы он бес-он алты шамасындағы менен едәуір үлкен Үлекбайдың менің қоразыма деген қызығушылығы ерекше. «Сатпайсың ба?» – деп қояды. Мен сатпайтынымды айтамын. Бұл Үлекбай не сабақты оңдырып оқымаған, не бір адамдық қасиеті жоқ, өзінен жасы кішілерге әлімжеттік жасап, зорлық істеп жүретін сотқар бала. Қашан көрсең майда балалардың асығын тартып алып жүргені. Мектептің қабырға газетіне арқасындағы сөмкесі «2» деген бағаға тола, шашы өсіп кеткен, өзі ыржақтап асық ойнап жүрген Үлекбайдың суретін салып, мазақтама жазып қойса да бұдан қорытынды шығарған ол жоқ. Бір сыныпта екі-үш жылдан отырған Үлекбай әлі оңайлықпен ілгерілейтін емес. Түрі де оңып тұрған жоқ. Екі бетіне қарай жайыла біткен екі танауы, олардың ортасын біріктіріп тұрған жалпақ мұрыны, үш картопты біріктіре салған сияқты қораш көрінеді. Екі көзінің үсті томпақ, сол томпақты ұстарамен тіле салғандай жымық көзі жылтырап әрең көрінеді. Құлақтары да қос шелпекті жапсыра салғандай қалқиып тұр. Бет-әлпеті қара қошқыл. Ал жасы келмей маңдайына түскен екі терең сызық және «М» әрпі құсап иректеп біткен маңдай шашы оны өз жасынан едәуір есейтіп көрсетеді. Жалпы, түр-келбеті біз ертегілерде кездестіретін диюларға көбірек ұқсайды. Мінезі де оңып тұрған жоқ. Озбырдың озбыры. Балалардың бәрі одан қорқады. Мен болсам әкемнің арқасында әзірше оған есе бермей келемін. Үлекбайдың тағы бір кәсібі ауылда ит таластырып, қораздарды шоқыстыру.
–Қоразыңды сатпасаң-сатпа. Бірақ ауылдағы барлық қоразбен төбелестіріп, күшін сынап көрейік. Әгарәки бәрін жеңіп шықса, қоразыңа чемпион атағын беремін,– деді Үлекбай маңғазданып. Мен үндемедім.
Бұл бау-бақша өнімдері тегіс жиналып, тауықтар аулада да, шарбақта да еркін жүретін күз мезгілі. Бір күні Үлекбай өзінің кепе қозыдай дәу қара қоразын көтеріп біздің үйге келді. Мен оның айтуы бойынша үйден бір кесе жем алып шығып, «тө-тө-төлеп» тауықтарымды жемге шақырдым. Бұл шақыру олардың құлақтарына жақсы таныс. Бір нәрседен құр қалғандай қора-қопсының әр бұрышынан, бақша жақтан тауықтарым қыт-қыттап ентелей жетті. Алтын қоразым да келді. Сол кезде Үлекбай дәу қара қоразын біздің тауықтардың арасына жібере салды. «Тентектің малы да өзіне тартады» дегендей, Үлекбайдың қоразы да өзі сияқты озбыр екен, едіреңдеп менің Алтын қоразымның жанына жетіп барды. Алтын қораз оған жиіркене қарап, жем жеп жатқан қалың тауықтың ішіне кіргізбеу үшін бір қанатымен жер сызып, екінші қанатын аспанға көтере текті қыранға ұқсап, қара дәудің алдына кес-кестеп тұра қалды. Күнде иесі төбелеске салып, әбден машықтанған қара қораз мұны көре сала шабуылға икемделді. Мойын жүні қалқан құсап дөңгелене тік тұрып, менің қоразыма айбар шеге бастады. Табан астында мына келімсектен мұндай тосын мінез күтпеген Алтын қораз да әп-сәтте бойын ашу-ыза кернеп, еркектік намысы мен бүкіл қаны басына шапшып, ол да желке жүнін күдірейтіп бұған едірейе қарады. Бір нәрседен құр қалғандай. Мойнындағы алтын шашақты жүндері алтын жалатқан қалқанға ұқсайды. Бір-біріне ашу-ызамен айбат шеккен екі қораз лезде менің көзіме қалқандарын көтеріп жекпе-жекке шыққалы тұрған екі батырды елестетті. Кішкентайымнан қазақ ертегілері мен батырлар жырын тыңдап өскен мен батырлардың жекпе-жегі туралы жақсы білемін. «Қанжар қалды қайысып, семсер қалды майысып, аттардың белі бүгілді, батырлар жаннан түңілді» деп келетін жыр жолдары арқылы сол жекпе-жектің қаншалықты жанкештілікпен өтетінін, өмір мен өлім арасындағы айқастың қаншалықты ауыр болатынын мен жан-тәніммен сезінетін едім. Енді, міне, айқас алаңына шыққан екі қораздың қазіргі жағдайы сонау ықылым замандардағы батырлар шайқасын көзге елестетіп тұрған жайы бар.
… Міне, екі қораз да артқа қарай сәл шегіншектеп барып, көкке енді көтерілгелі тұрған самолёт құсап, бір сәт қалш-қалш етіп тұрды да, көз ілеспес шапшаңдықпен бір-біріне қарсы атылды. Сол екпінмен ары өтіп кеткен олар демде кері бұрылып, тағы да бір-бірін соғып өтті. Алтын қоразым жеңіліп қалып, жерге қарамасам екен деп жанымды шүберекке түйіп мен тұрмын. Қайдан келгенін білмеймін, «ұрыс алаңын» ауылдың барлық баласы қоршап алыпты. Енді солардың көзінше Алтын қоразым жеңілмесе екен деп іштей жаратқанға жалбарынудамын. Бір-біріне найза ала шапқан екі батырдай қайта-қайта айналып келіп қайрат көрсеткен екі қораз да бір-бірін теуіп, әрі бір-бірінің айдарынан шоқып, қан жоса болып жатыр. Бір кезде менің қоразым бүкіл күш-қуатын жинап алып, қырандай екі қанатын серпіп жіберіп, қара қоразды бар пәрменімен тепті дейсің. Анау соншалықты серпінді күшке шыдай алмай ұшып түсті де тұра қашты. Ал менің Алтын қоразым өз мекиендеріне қарай жеңімпаз қолбасшы сияқты аяқтарын нақ-нақ басып бара жатты. Үлекбай болса ашудан жарыла жаздап үйіне қарай жөнеп берді…
Бірақ мен де, менің Алтын қоразым да Үлекбай сотқардың сынақтарынан әлі құтылмаппыз. Ертесіне-ақ ол өз ауылымызды қойып, көрші ауылдардан мықты қораздарды сұрап әкеліп менің қоразыммен шайқастыруын жалғастыра берді. Қобыланды батыр сияқты менің Алтын қоразым бәрін де жайпап салып, зор мәртебеге ие болып жүр.
Осы жеңілістердің бәрінен кейін озбыр Үлекбайдың көкірегіне кек ұялағанын мен балалардан естіп қалдым. «Алтын қоразды ұрлап кетемін де көзін оямын» депті ол бір күні топ баланың алдында мақтанып.
– Менің Алтын қоразым Үлекбай тентекке ұстатпапты да, – дедім мен өзіме-өзім сенімді кейіппен.
– Сен де айтасың, – деді Сағын. – Үлекбайдан қулық артылмайды. Тұзақ құрып немесе жіңішке жіптің ұшына жем байлап, көршілерінің тауықтарын ұрлап бітпеді ме ол. Сенің қоразыңды ұрлаудың да бір амалын табар.
Ойланып қалдым… Бірақ келесі күні менің Алтын қоразым тауықханада жоқ болып шықты. Бұл Үлекбайдың ісі екенін әкеме айтып, іздеп барайық деп едім, ол: «Ұсталмаған ұры емес, балам, көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң, сен ұрладың деп Үлекбайға қалай айтамын!? Оның үстіне қарт әкесінен ұят емес пе?» – деп әкем қарыс қадам аттамай қойды. Түстен кейін жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап біздің үйдің жанынан өтіп бара жатқан Үлекбайды көріп: «Қоразымды сен ұрладың» деп дүрсе қоя бердім. Ашуға булығып, тамағыма өксік тірелді. Сазайын бір берейін деп жұдырықтарымды түйіп алғаныммен, жасы да, бойы да, күші де менен екі есе артық Үлекбайға тиісуге батпадым.
– Сенің қоразыңды мен ұрлаған жоқпын, кетші әрі,– деп Үлекбай түк білмегендей ілгері жүріп кетті. Ішім әлем-жәлем боп қала бердім…
Қараша айының қап-қара боп түнерген көңілсіз күндерінің бірі. Далада жайлап қана жаңбыр жауып тұр. Қозы-лақтарымды көріп келейін деп сыртқа шығып, үйді айнала бергенімде дуалдың түбінде бүкшиіп отырған Алтын қоразымды көрдім. Екі иығы салбырап бір уыс болып шөгіп қалыпты. Екі көзінен тырс-тырс қан тамып тұр. Шошып кеттім де үйге тұра жүгірдім.
– Әке, әке, Үлекбай Алтын қораздың көзін ойып тастапты, – дедім аптығымды баса алмай.
Әкем Рахманберді де сыртқа атылып шықты. Соңынан мен де жүгірдім. Әкем бір-ақ күнде бір уыс болып қалған Алтын қоразды жерден көтеріп алғанда байғұстың екі көзінен әлі қан тамшылап тұр еді.
– Мына бейшараның екі көзін бігізбен шабақтап тастапты, Құдай жазаңды бергір,– деп әкем Алтын қоразды жылы үйге алып кірді. Қораздың басы-көзін дәрілеп, ақ дәкемен дәкелеп, аузына су тамызды. Нанды суға жібітіп сонымен қоректендірді. Екі күннен кейін Алтын қораз орнынан әзер көтерілді. Бірақ екі көзі бірдей ағып кеткен ол байғұс жүре алмады. Басы-көзі ақ дәкемен таңылған Алтын қораз сол сәтте маған соғыста ауыр жараланған командир құсап көрінді. Кеудесін намыс пен ашу-ыза кернеген Алтын қораз көп ұзамай өліп қалды. Алтын қоразыма деген аяушылық өзегімді оттай қарып, көпке дейін қиналып жүрдім.
–Жер бетінде қыбырлап жүрген тірі жан иелерінің бәрі Алланың жаратылысы,– деді әкем мені жұбатқысы келіп. – Мына айналадағы табиғатта құрттың да, құмырсқаның да, құстың да, тіпті аю-жолбарыстың да өз орны бар. Олардың бірде-біреуін қорлап зәбірлеуге болмайды. Тірі жан иесін қинағандарды Жаратушы жазасыз қалдырмайды. Алтын қораздың көзін ойған Үлекбай да сол зауалдан құтылып кете алмас,– деді әкем. Мен сенер-сенбесімді білмей, ойланып қалдым.
Әкемнің сөзі ақиқатқа айналды. Көршілердің тауығын тауысып, енді қой-қозыларын ұрлап, үйлерін тонауға машықтанған Үлекбайдан елдің бәрі ығыр болып, қораларын өздері күзетуге кіріскен. Күндердің-күнінде түн жарымында тағы бір көршісінің қорасына түсіп келе жатқан Үлекбайды жасқаймын деп, үй иесі шырттай қараңғыда байқаусыз оның көзіне айырын тығып алыпты. Айырдың екі ашасы екі көзіне бірдей қадалған Үлекбай су қараңғы соқыр, мәңгіге мүгедек болып қалды…
Таяғын тықылдатып, жер темселеп келе жатқан соқыр Үлекбайды сонадайдан көрген сайын менің көзіме үй түбінде екі көзінен қан сорғалап бүрісіп отырған Алтын қоразым елестейді…
Арадан сан жылдар өтсе де бала кездегі сол бір Алтын қоразымды әлі ұмыта алар емеспін…
Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қоғаммен байланыс
бөлімінің бастығы