Basty bet
Талапты орындамағандар айыппұлға тартылуда
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың 10 тамыз 2020 жылғы №329 Қаулысымен ауданда объектілердің жұмысын қайта бастауға дайындығын бағалауды жүргізу үшін мониторингілеу жұмысын жүргізу үшін төрт мониторингтік топ құрылған. Топ жетекшілері аудан әкімінің орынбасарлары Әбдікерім Уркумбаев, Асхат Жабағы, Ернұр Қалмұрзаев және аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов.
Аталған төрт топ жұмысының мақсаты – жеке кәсіпкерлерге, жалпы халыққа Жамбыл облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғ.Д.Надуевтың 14 тамыз 2020 жылғы Жамбыл облысы аумағында шектеу іс-шараларын кезең-кезеңмен әлсірету туралы №32 Қаулысының талаптарын түсіндіру. Яғни, коронавирус індетінің алдын алу, таралуына жол бермеу.
Аудан әкімінің тапсырмасымен мониторингтік топтар аудан орталығы мен ауылдық округтерге шығып, кәсіпкерлік нысандарды аралап, Қаулы талаптарын түсінідіріп, орындалмаған жағдайда ескерту жасап, айыппұлға тарту арқылы халықты тәртіпке шақыруда.
Бүгінгі таңда аталған мониторингтік топтар 74 рет рейд жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 691 нысан араланып, 304 нысанға ауызша ескерту берілді. Сонымен қатар 4 нысанға хаттама толтырып, сот қарауына жіберілген. Ауданда карантин режімі талаптарын бұзғаны үшін барлығы 5 жеке тұлғаға 15 АЕК-тен (41670 теңгеден 208 350 теңге), 1 жеке тұлғаға 30 АЕК (83340 теңге) және 1 заңды тұлғаға 115 АЕК (319470 теңге) айыппұлдар салынды.
Атап айтқанда, карантин режімін бұзғаны үшін Б.Момышұлы ауылы, Наурыз көшесінің тұрғыны У.Б. есімді азаматқа тиісті талаптарды сақтамай туыстарын жинап, келін түсіргені үшін ҚР ӘҚБК 426 бабының 1- тармағына сәйкес 15 АЕК (41670 теңге) айыппұл салынды.
Б.Момышұлы ауылы Абылайхан көшесінің тұрғыны Б.И. есімді азаматқа карантин кезінде тиісті талаптарды сақтамай медициналық бетпердесіз жүргені үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 426 бабының 1 тармағына сәйкес 41 670 теңге айыппұл салынды.
Б.Момышұлы ауылы Әйтеке би көшесінің тұрғыны Б.Т. және Шығыс көшесінің тұрғыны Т.А есімді азаматшалар карантин кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, «Сарыағаш» орталық базарында бетпердесіз жүрген, аталған жағдай бойынша ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» Кодексінің 425 бабының 1 тармағы бойынша 41 670 теңгеден 83340 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қарасаз ауылы, Бірлік көшесі мекенжайында орналасқан «Мөлдір» дүкенінде келушілер бетпердесіз жүргені үшін жеке кәсіпкерге 319 470 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар Қарасаз ауылы, Бейбітшілік көшесінде орналасқан «Ерсайын» дүкені сатушысына тамыз айының 11-і күні күні кешкі сағат 20:38 минутта дүкенді ашқаны үшін 41670 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны С.А.сынды азаматқа карантин кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай медициналық бетпердесіз жүргені үшін ӘҚК 425 бабының 1 тармағы бойынша 30 АЕК 83340 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Топ жұмысының мақсаты әрине, оңды-солды айыппұл салу емес, алайда тәртіпті талап етпеген жерде жұмыстың нәтижесі болмайды.
Коронавирус індетін жұқтырмаудың басты жолы – сақтық шараларын қатаң сақтау. Халық көп жиналатын орындарда арақашықтықты сақтау, бетперде кию, тағы да басқа. Алайда халық арасында бұл шараларға немқұрайдылықпен қарайтындар көп кездеседі. Немқұрайдылықтың соңы орны толмас өкініш болмасына кім кепіл?!
Басты байлық – халықтың денсаулығы, амандығы. Сондықтан өз денсаулығымызға, жақындарымызға жанашыр болайық!