Basty bet

Қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүр сақталған

Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы, адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Осы ретте, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» деген сөзі өте орынды айтылған. Ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі саналып келе жатқан ауыл туралы мұндай салиқалы сөз көңілге ерекше бір серпін береді. Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Өйткені, ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар.

Ауданымызда сәні мен салтанаты үйлесіп, заманға сай даму жолына түскен үлгілі ауылдар баршылық. Соның бірі ретінде ауданнан шалғайда орналасқан Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастау ауылын да айтуға болады.
Ауылдағы халық саны 944 адамды құрайды. Оның ішінде 296 жас, 102 зейнеткер және 490 экономикалық белсенді тұрғын бар. Аула саны – 194.
Елді мекенде тұрғындар егін және мал шаруашылығына ден қойған. Осы ретте, ауылда малдың басы жылдан-жылға артып келеді. Ауылда мал басы биылғы жылы 596 бас ірі қараны, 342 бас жылқыны, 5794 бас қой мен ешкіні, 176 бас шошқаны, 1217 бас құсты құрап отыр.
Ауылда бірлігі мен ынтымағы жарасқан орыс, татар, шешен, өзбек, қырғыз ұлттарының өкілдері мекен етеді. Қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан олар ауылдың тыныс-тіршілігіне бейімделіп, тұрғындармен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Түсі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір өзге ұлт өкілдері татулықты бағалап, ынтымақты ту етеді.
Мұндағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке Динара Молдабаева басшылық етеді. Білім ошағы 1957 жылы пайдалануға берілген. 2013 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда білім ошағында 214 бала білім алады. Мектепте оқушыларға 32 білікті ұстаз тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатуда.
Сонымен қатар, «Билікөл» бөбекжай-балабақшасында 50 бүлдіршін тәрбиеленуде.
«Бірінші байлық – денсаулық» демекші, ауыл тұрғындарына ақ халатты абзал жандар медициналық қызмет көрсетеді. «Билікөл» дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі дәрігер Жансұлу Қолбаева. Денсаулық сақтау ұйымында бір дәрігер, алты орта буындағы медицина қызметкері жұмыс істейді. Адам өмірінің арашасы саналатын елді мекендегі медицина қызметкерлері жұртшылықтың алғысына бөленіп, ризашылықтарын алуда.
Рухани ошақ саналатын Қарабастау ауылдық кітапханасында тұрғындарға кітапханашы Гүлсім Жұмаханова қызмет көрсетеді. Кітапхана екі бөлмеден тұрады, онда 9310 кітап қоры бар. Сондай-ақ, бұл жерден ауыл жұртшылығы рухани азық алуымен қатар, цифрландырылған ақпараттық орталықтан қажетті анықтамаларын ала алады.
Қарабастау ауылында Мәдіхан Рахманқұлов, Тұрсынбай Паширов есімді Жуалы ауданының Құрметті азаматтары бар. Сондай-ақ, тоғыз «Алтын алқа» және 17 «Күміс алқа» алқаларын иеленген көпбалалы аналар тұрады.
«Кәсібің-нәсібің» дегендей, қарабастаулықтардың арасында кәсіпкерлікке бет бұрған жандар баршылық. Олардың қатарында «Уәлиханов» жеке кәсіпкерлігі жанар-жағармай құю бекетін ашса, «Шымырхан» жеке кәсіпкерлігі көлік жөндеу қызметін көрсетеді. Сондай-ақ, «Сан-Рум-Яна», «Жандос», «Айлин», «Сүлеймен» атты азық-түлік дүкендері бар.
Аудан әкімінің «көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы» Қаулысына сәйкес, ауылда іс-шаралар жоспары жасалынған. Елді мекенде күзгі және көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары туралы екі айлық жоспарға сәйкес орындалуда. Мұнда екі саябақ бой көтеріп, көктемгі абаттандыру, тал егу және қоршау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, жалпы алаңы 1700 шаршы метр құрайтын алаңға көгал (газон) себіліп, барлығы 2800 түп тал отырғызылды.
Биылғы жылы сәуір-мамыр айларында Қарабастау ауылының С.Слямханов көшесі мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің айналасына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жарықтандыру жұмыстары соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталды. Болат темірден жасалған сегіз қырлы 9 метрлі баған (маркасы: ОГК-9), арнайы металдан жасалған шам 1,5 метрлі кронштейн (маркасы: «Ива»), эконом диодты шам (маркасы: «Кобра») қойылды. Жарық беретін аумақ 70 метр радиусты құрайды. Жүргізілген көше жарығының ұзындығы 1,200 шақырым. Атқарылған жұмыстың құны 4,0 млн теңге.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Қарабастау ауылы орталығынан спорт алаңы бой көтерген. Онда кіші футбол алаңы, баскетбол және волейбол аландары бар. Мемлекеттік сатып алу порталының конкурстық хаттамасына сәйкес, жеке кәсіпкер «Ануфриева» 605,0 мың теңгеге «Стрит Воркаут» алаңшасын салып берді. Спорт нысандарында жастар бұқаралық спортты дамытып, дене шынықтырумен айналысуда. Осы мақсатта жыл сайын дәстүрлі түрде мектеп жастары арасында футбол, волейбол, баскетболдан және қазақша күрестен облысаралық Мірәз атаны есеке алу турнирі жыл сайын ұйымдастырылады. Турнир барысында ауылдың тумасы Ғабит Миразов жағдайы төмен отбасыларға компьютер жабдықтарын, үздік оқушыларға ноутбук, планшет, велосипед сыйлады. Сондай-ақ, осы ауылдың тумасы Бекберді Қашкеевті еске алуға арналған қазақша күрестен жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтіп тұрады.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Бағдарламаның екінші бағыты «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 60 азамат бір айдың ішінде кәсіпкерліктің негіздерін меңгерді. Оның 32-сі жобасын қорғап, өз кәсіптерін ашу мақсатында 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа өтініштерін берген. Өтініш берген 13 азамат жобаларын сәтті қорғап, грантты жеңіп алды. Оның ішінде алтауы жастар.
Қайырымдылық – адам бойындағы ерекше қасиет болып табылады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін бір-біріне деген сүйіспеншілік пен көмек. Қазіргі таңда елімізде бұл үрдіс кеңінен көрініс табуда. Қайырымды жандар қиын-қыстау сәтте көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсетуде. Осы орайда, ауылдағы бірқатар жомарт жандар тұрғындарға қайырымдылық жасады. Қайырымдылық шарасы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді.
Тұрғындарға көмек қолын созуды азаматтық борышы санаған «Береке» шаруа қожалығының басшысы Әсел Ғалымова жағдайы төмен бес отбасына 100 000 теңге көлеміндегі азық-түлік себетін таратты. Сонымен қатар, қайырымды азаматтың бірі, жеке кәсіпкер Ғалымжан Қайнарбеков те аз қамтылған көпбалалы 25 отбасына 20 000 теңгеден, яғни барлығы 500 000 теңге көлемінде қаржылай көмек жасады.
Сонымен қатар, округтегі әр көшедегі аз қамтылған бір отбасына сол көше тұрғындарынан жиналған қаражатқа 11 отбасыға азық-түлік себеті ұйымдастырылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай округтегі 11 тыл ардагерін ескерусіз қалдырмай, әкімшілік тарапынан сый-сияпат жасалып отыр.
Коронавирус инфекциясының округте таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында тұрғындарға 400 дана медициналық маска тегін таратылды.
Мұндай игі істерге ауыл жастары да атсалысып келеді. Атап айтқанда, 1992 жылы туған азаматтар екі отбасына 35 000 теңгеден қаржылай көмек берді. Сондай-ақ, жастардың ұйымдастыруымен демеушілік ретінде жиналған 2 000 000 теңге қаражатқа Қарабастау ауылының орталық алаңын және Қарабастау су тоспасын қоршау жұмыстары жүргізілді.
Бұл қасиетті мекеннен түлеп ұшқан азаматтар туған жеріне қол ұшын беруді азаматтық парызы санайды. Осындай ізгі жанның бірі, жеке кәсіпкер Ерғали Төреұлы туған ауылынан жырақта жүрсе де, оны ешқашан жадынан шығарған емес. Құтты мекеніне әрдайым қолынан келгенше көмек қолын созып, жерлестерінің алғысына бөленіп жүрген азамат. Ең алдымен, ол Қарабастау ауылына мешіт салдырып, тұрғындардың имандылыққа бет бұруына септігін тигізді. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын Берікқара шатқалынан балалардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында «Берікқара» лагерін ашты. Жыл сайын лагерь жан-жақтан балаларды қабылдап, олардың жазғы демалыстарын қызықты өткізу үшін жұмыс істеуде.
Жеке кәсіпкер туған өлкесіне саябақ орнатып, тал-дарақтар егуге де атсалысып келеді. Саябақ маңын жасыл белдеуге айналдыру мақсатында 1,5 мың дана тал-дарақ отырғызылды. Қазіргі таңда саябақ жайқалып, ауыл тұрғындарының сейіл құрып, демалатын орнына айналуда. Міне, кәсіпкер Ерғали Төреұлы жақында ауылдың кішкентай бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлап, ойын алаңшасын орнатты. Балалардың ойын алаңшасы Қарабастау ауылының Жамбыл көшесіндегі орталық саябаққа орнатылды. Ауылына осындай көмек көрсеткен жаны жомарт азаматқа тұрғындардың алғысы шексіз.
Қазақ халқының бір ерекшелігі сол, ежелден ата-бабаның қонысы болған елді мекен немесе ауылдарды жер-судың, бұлақтардың атымен атайды. Бұл ауылдың атауы да осы қасиетті Қарабастау бұлағының атымен аталады. Әлбетте, мұны жергілікті халықтың туған жерге, туған өлкеге деген құрметі деп білген жөн. Ал біз осы мақалада әңгіме еткелі отырған Билікөл ауылдық округінің орталығы саналатын Қарабастау ауылындағы бастаудың жөні бөлек.
Тұрғындардың тіршілік көзі болып отырған қасиетті Қарабастаудың ауыл халқы үшін жөні тіптен бөлек. Ауылдың бұрынғы қариялары осы Қарабастаудың маңында жеті бұлақ болғанын айтып отырады екен. Қарабастаудың қасиетін айтсақ, ең алдымен судың құрамында йод көп. Суда өзге де минералдар бар. Біраз жылдар бұрын ауыл халқының күшімен бұлақтың басына бөгет салынған. Су жиналатын тоған жыл сайын тазаланып отырады. Ауыл тұрғындары жаздың алғашқы күнінен бастап осында шомылады. Әсіресе, мұнда балалар көп келеді. Ауылдың балаларының денесінде жарақат деген болмайды. Бұлақтың суы қотыр, тағы басқа ауруларға таптырмас ем. Бұлақтың қасиетін естіген адамдар жан-жақтан шомылуға ағылып келіп жатады. Қарабастаудың маңы жаз бойы адамдардан босамайды деуге болады.
Қасиетті Қарабастау болмаса ауыл да болмас еді. Өйткені, ауыл тұрғындары бастаудың суын ауыз су және бақша суаруға пайдаланады. Бір ерекшелігі, Қарабастаудың суы қақаған қыс мезгілінде де мұз боп қатпайды. Судан үнемі бу шығып тұрады.
Қарабастаулықтардың ұйымшылдығын мәдениет саласының қызметкерлері жоғары бағалайды. Олардың үлгілі, игі істерінің, мәдениетке деген көзқарастарының ерекшелегін ескереді. Осы ретте, Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Салтанат Иманбаева тұрғындардың бірлігі бекем екенін, кез келген шараға ауызбіршілікпен атсалысатынын айтады.
– «Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Мәдениет арқылы адам рухани байиды, көзқарасы қалыптасады, ұлттық құндылықтарымыз дәріптеледі. Осы ретте, мекемеде әдіскер Лала Нүрпейісова, көркемдік жетекші Айгерім Көнебаева және тағы да басқа мамандар жұмыс істейді. Мекемеде жұмыс жоспары бекітілген. Жылдық жоспардағы айтулы даталар міндетті түрде аталып өтіледі. Төрт үйірме жүмыс істейді. «Тұмар» көркемсөз үйірмесін Анар Қартаңбаева, «Гүлдер» және «Ақтоты» үйірмелерін жас маман Қанағат Күмісбек, «Шебер қолдар» үйірмесін Сарбиназ Айжанбаева жүргізеді. Олардың оқушылары ауылда өткізілетін әрбір іс-шарада өнер көрсетеді. Мекемедегі Қанағат жүргізетін үйірменің оқушылары Айзат Жұмабай және Раушан Асқар жетістікке жетіп үлгерді.
Ауыл – алтын бесігіміз. Мұнда қаймағы бұзылмаған қазақи дәстүрдегі жандар өмір сүреді. Қадірменді қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыз бар. Осы кісілерден ұлттық құндылықтар туралы көптеген кеңес алып отырамыз. Оларды іс-шараларға тарта отырып, жастарды тәрбиелейміз. Себебі, бүгінгі жас өткен күннің тарихын білуі керек. Рухани азық алып, ұлттық тәрбиені, болмысты, құндылықты ұмытпауы керек. Осыған көп мән бергендіктен, ауылда дәстүрлі түрде «Әжелер», «Абысындар», «Келіндер» сайысы, «Ертегілер әлемі» шарасы өткізіледі. Сайысқа өмірден көрген-білгені, түйгені көп ақ жаулықты аналарымыз қазылық етіп, өнерлерін бағалайды. Ондай жандардың қатарында Қоныскүл Мамекова, Балқия Абдрашева, Мейрамкүл Сүйгенбаева сынды апаларымыз бар. Сондай-ақ, ауданның Құрметті азаматы, қадірменді қариямыз Мәдіхан Рахманқұлов ақыл-кеңесін айтып отырады.
Әрбір өткізген шарамызды ерекшелендіруге тырысамыз. Тұрғындардың қызығушылығын оятуды мақсат тұтамыз. Себебі, олардың қызығушылығын оятпасаң, тығыз байланыста жұмыс жасамасаң, мәдениет үйіне келтіре алмайсың. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп, мәдениет саласына деген көзқарастарын қалыптастыру керек.
Жыл сайын Жаңа жыл мерекесін тойлауды дәстүрге айналдырғанбыз. Бұл кезде ауылдың барлық жастары демалысқа келеді. Осыны ескеріп, биылғы жылы лоторея ойнату арқылы өткізуді жоспарладық. Барлық тұрғындарға хабарландыру беріп, ұтыс ойнатылатындығы туралы хабар тараттық. Мұны естіген олар бір уақыт өздеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекені сезіну арқылы қарсы алды. Тынымсыз жұмыс істеу арқылы жастардың ауылға деген мейірімі түсу үшін мерекелік шараны ұйымдастырдық. Себебі, ауылда жастар тұрақтап қалуы керек.
Концерттік бағдарламалар алғашқы жылдары орталықта өтетін. Ал, қазір мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, барлық іс-шара осында ұйымдастырылады. Енді ауылдың тумасы, генерал Ғабит Миразовтың бастамасымен ауыл жастары бірігіп, орталық саябақ жанынан сахна салуда. Бұның өзі мәдениетке деген жанашыршылықты білдіреді.
Еліміздегі аты жаман індеттің таралуына байланысты онлайн режімде жұмыс жасадық. Өзге ұлт өкілдерімен, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші жандармен етене тығыз байланыста болдық. Бірлікті бағалайтын өзге ұлт өкілдерінің құттықтауларын ұйымдастырып, «Құлақ тесу», «Киіз сабау» дәстүрлерін өткіздік. «Құлагер» атты шарада ат құлағында ойнатын, ат әбзелдерін жақсы білетін Әлім Нүрпейісов кейінгі ұрпаққа атбегілік туралы кеңінен ақпарат берді.
Онлайн режімнің бір пайдасы да тиді. Сахнаға шығуға қысылатын, өнерін жасыратын тұрғындар ашыла түсті. Белсенділік танытып, өнерлерін көрсетті, – дейді Салтанат Амангелдіқызы.
Жер бетіндегі өркениетті елдер ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанып, тек өздерінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылып жатады. Осындай халықтардың қатарына өзімізді яғни, қазақ халқын да жатқыза аламыз. Сол себепті, әрбір үлгілі ауылда мәдениетті дамыту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптей аламыз. Ең бастысы, ауылдың өркениеті мен мәдениетін дамытамыз. Осы ретте, ұлттық тәрбиені жоғары бағалайтын, қаймағы бұзылмаған қазақи Қарабастау ауылын үлгілі ауылдардың бірі деуге әбден лайық.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close