Basty bet

Жанельдің мінсіз бұйымдары

Олжаның ең үлкені – өнер үйрену. «Өнерлімен дос болсаң қызықтырар, еріншекпен дос болсаң бұзып тынар» демекші, өнерлі жанмен сұхбат құрсаң, міндетті түрде өмірге деген сүйіспеншілігіңді арттырады.
Жас ана, өнерлі келіншек Жанель Ерғалиеваның өнері ауылдықтарды тәнті етіп келеді. Жанельдің қолөнермен айналысатыны жайлы мен Ақтөбе ауылдық округіне іссапармен барғанымда естідім. Жас ана «Жаңаталап» балабақшасында еңбек етеді екен.

Жанель Шоқайқызының қолдан жасаған тамаша өнер туындыларын көріп, шеберлігіне, еңбекқорлығына, төзімділігіне қайран қалдым.
Тамаша! Тура бір арнайы фабрикадан шыққан дайын дүниелер сияқты. Оның қолдан жасаған түрлі шашбаулары, қуыршақтары, сәнді сөмкелерінде, карона, аксессуарларында мін жоқ.
Жанель Шоқайқызы 2000 жылы Жаңатас қаласында өмірге келген. Қаладағы М.Әуезов атындағы орта мектепте білім алады. Отбасылық жағдайына байланысты Тараз қаласына көшіп келіп, орта білімін Тараз қаласындағы №55 орта мектепте тамамдайды.
Мектеп бітірген соң «Астана» көпсалалы колледжіне ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түседі. Колледждің 1 курсында оқып жүріп, жаңаталаптық Әлішер Мүсірепбековке тұрмысқа шығады.
Әлішер 1991 жылы өмірге келген. Мамандығы – электрик. Бүгінде теміржолда күзетші болып еңбек етеді.
Жанель қолөнермен бала кезден, 4 сыныпта оқып жүрген кезінен бастап айналысады.
-Жаңатас қаласында Балалар мен жасөспірімдер орталығындағы тоқыма үйірмесіне қатыстым. Мектеп қабырғасында жүргенімде уақыттың тапшылығына байланысты көп айналыса алмадым. Тұрмысқа шыққан соң қолға алуыма мүмкіндік болды. Алғаш қызыма қуыршақ жасадым, көйлек тоқыдым, көзмоншақ жасадым.
Қолөнермен айналыссам көп мазасыз ойлардан арылам, тынығып, ізденіп отырамын. Қолөнер ісі адамды төзімділікке, еңбекқорлыққа, әдемілікке тәрбиелейді.
Үнемі әрбір затты қайтсем әдемі, жаңаша жасаймын деген ойдың жетегінде отырамын. Сосын бір рет жасаған дүниемді екінші рет қайта жасағанды ұнатпаймын. Екінші рет оны басқаша жасауға тырысамын.
Өз бетімше іздену арқылы мектепке шығармашылық картиналар, бүлдіршіндерге түрлі қуыршақтар, жастарға түрлі білезіктер, диадема, аксессуарлар, т.б заттар жасаймын. Әр нәрсенің өзінің жасалу жолы, өзіне қажетті заттар болады. Соның барлығына мұқият болу керек.
Өткен жылы «Әулиеата бояулары» атты аудандық, облыстық байқауларына қатыстым. Облыстық кітапхананың Жастар жылына орай жастар шығармашылығына арнап ұйымдастырған онлайн байқауға қатысып, сертификат алдым.
Жалпы, қолөнерге қызығатын жастар өте көп. Әсіресе, ауылда. Сол себептен алдағы уақытта жастар арасында қолөнер үйірмесін ашсам деген жоспарым бар.
Үйде енем де қолөнермен айналысады. Ол кісі де тоқыманы жақсы тоқиды.
Болашақтағы арманым – колледжді тамамдап, жоғары оқу орнына осы қолөнер бойынша түсіп, білімімді жетілдіріп, осы бағытта еңбек еткім келеді,- дейді Жанель.
Жанель бір қыздың анасы. Алла қаласа, екіншісін күтіп отыр. Еңбекқор жастар Әлішер мен Жанельдің отбасына бақыт, еңбектеріне табыс тілейміз.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close