Basty bet

Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметшінің міндеті

Қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілері қоғам тарапынан қойылатын талаптарға сай болуы тиіс, себебі олардың басты міндеті – азаматтардың қоғамдық мүдделері үшін қызмет ету болып табылады. Олар ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін, халықтың барлық топтарына ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етеді, адалдықтың, әділдіктің және кәсіпқойлықтың үлгісі болып табылады.
Әрбір қазақстандық мемлекеттік қызметші өз қызметінде мемлекеттік қызметтегі мінез-құлық қағидаларын реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндетті. Кодекске сәйкес, олар жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларды сақтауға тиіс.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге адамгершілік бағыт-бағдар беруге арналған. Оның мақсаты – мемлекеттік қызметшінің өз жұмысының маңыздылығына сенімділігін арттыру және кодексте көрсетілген барлық қағидаларды сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің жарқын үлгісі болғанына мақтаныш сезімін қалыптастыру болып табылады. Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың азаюына ықпал етеді. Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, кәсіби әдеп пен іскерлік әдеп саласында қажетті білім деңгейін, оларды кәсіби қызметте пайдалану дағдыларын қамтамасыз етеді.
Кодекстің құрылымына «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» атты жаңа тарау пайда болды, соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлықтарына үлкен мән берілуде. Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының талаптарын сақтап, мемлекеттік қызметті адал атқаруы қажет.

Арайлым Налекова,
аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close