El іshі

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!

Жұқпалы аурулар бөліміндегі ақ халатты абзал жандарға айтар алғысым шексіз

Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы орталық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары бір қарағанда елеусіздеу көрінуі мүмкін. Себебі, денсаулық сақтау мекемесінің өзі бір шетте елеусіз ғана орналасқан. Қазір мұнда әлсіз, инфекциялық ауру, жөтел жұқтырған, күш-қуаты аз науқас жандар емделіп жатыр.

Мынау әлемді жайлап, қыспағына алған аты жаман улы індет бес айлық баладан бастап 80-90 жасқа келген қарт кісілерді де уысына түсіріп, арбап жатыр. Мұндай сұмдық болады деген ой адамзаттың төрт ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар? Сұмдық… «Басқа түссе, баспақшыл» деген. Адам баласы басқа салса бәріне көнеді екен. Көнбей қайтсін?! Ең алдымен бір Алланың өзі жар болып сол қауіпті ауруды абайсызда жұқтырған адамдарды емдеп, сауықтыруда ақ халатты абзал жандардың еңбектері өлшеусіз. Мұнда түн ұйқысын төрт бөліп неше бір дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің бірнеше буыны үй бетін көрмей, науқастардың бәрін дерлік қайта сауықтырып, ауруханадан аман-есен үйлеріне шығарып жатыр.
Менің де дене қызуым түспей, аудандық орталық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөліміне келіп түскеніме міне он күннен асып барады. Бірінші Алла, ал екінші осы дәрігерлер мен медбикелердің дер кезінде тиісті көмек, сапалы ем-дом жасауының арқасында бетім бері қарады. Олар қашанда адамдарға саламатты өмір сүрудің салтын дәлелдеп келеді.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» дейді дана халық. Жақсының жақсылығын айтсақ, қашанда оның нұры тасиды. Осы орайда жұқпалы аурулар бөлімінің инфекционист дәрігер, мейірбикелер Олжас Ысқақов, Зарина Сыздықбаева, Гүлімшат Қоңқашева, Зиятхан Ергешов сияқты адал да мейірімді азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Қызметтері өсіп, абыройы асып, адамдардың өмірі үшін арпалысқан ерен еңбектері жана берсін. Ұлы Жаратушымыз халқымызды қашанда даласымен, сәбиді анасымен сақтасын. Аты жаман індетпен ешкім ауырмасын. Індеттің беті қайтып, еліміз бұрынғы қалыпты өміріне қайтып оралса екен деген тілегімді білдіргім келеді. Еліміз ғана емес, әлемде бұл аты жаман аурудың аты біржолата өшсін. Ол үшін сақтанып жүруіміз қажет. Деніміздің саулығын сақтықта екенін ұмытпағанымыз абзал.
Дәрігерлер адам жанының жақыны, адам жанының арашашысы іспетті. Қалай десек те, денсаулық күзетінде жүрген ақ желеңді жандардың ел үшін атқарып жатқан еңбектері адал. Оларға деген халық құрметі қашанда толастамауы керек деп білемін.
Елмира Байболатова,
Алатау орта мектебінің мұғалімі.
Алатау ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close