El іshі
Аудан орталығында ауыл күндері өтті
Сәрсенбінің сәтті күнінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – ән-жырым!» атты Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінің және Б.Момышұлы ауылының аудандағы күндері өтті.
Сондай-ақ, аудандағы орталық алаңда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекованың құс еттері, «Ақ мол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Бурное» ірімшік зауытының сүт өнімдері, «Таң» шаруа қожалығының жеміс-жидектері және сұйық май, пісте, картоп, пияз, асқабақ сияқты өнімдер арзан бағада сатылды.
Нақтырақ айтар болсақ, жәрмеңкеде картоптың бір келісі 150 теңгеден сатылса, сәбіз – 130 теңге, қырыққабат – 250, ірімшік – 2000, май – 2200-2400, үй сүті – 200, пияз – 80 және қымыз 750 теңгеден сатылды.
Одан бөлек қымыз, банкідегі тұздалған қияр, компот, түрлі салаттар да сатылымға қойылды. Айта кету керек, жәрмеңкеде ауыл тұрғындарының қарасы қалың болып, саудагерлердің қолы жүрді деуге болады. Ауыл тұрғындары да өз кезегінде үйлеріне керекті жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін сатып алып жатты.
Шараға аудан әкімі Олжас Қаржауов қатысып, алдымен ауыл еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін тамашалап, балдай тәтті қымыздан дәм татты. Әрі қарай аймақ басшысы славян, әзірбайжан этномәдени бірлестіктерінің салт-дәстүрлерінен сыр шертетін көрмелерімен танысты. Мұнда сөз алған «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Эсмира Мамедова ауыл тұрғындарын келе жатқан 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Спорт – бейбітшілік елшісі», демекші әрі қарай аудан басшысы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруындағы асық, дойбы және арқан тартыс ойындарына ден қойды. Сонымен қатар, аудан суретшілерінің суреттеріне, қолөнерші әжелердің қолөнер бұйымдарынан қойылған көрмеге ерекше назар аударды.
Әріректе ауыл келіндері қазан-ошаққа бауырсақтың иісін бұрқыратып пісіріп, ауыл тұрғындарына үлестірді.
Бұдан соң шара «Достық» мәдениет үйінде ауылдық округ өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тауып, көрерменнің көңілінен шықты. Мерекелік кешті аудандағы №1 мектеп-гимназия, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің ұстаздары Бағила Нұржігіт және Ақылбек Қожахметов жүргізді.
Кештің шымылдығы «Балауса» бишілер тобының «Шашу» биімен ашылды. Мерекелік кеште патриоттық рухты көтеретін, отансүйгіштік қасиетке баулитын «Атамекен», «Туған жер», «Ел аман», Үштік тобының орындауында «Біз бақытты баламыз», «Қазақстаным», «Мен сені сүйемін – Қазақстаным!», «Қазақ үшін», «Тәуелсіз елдің ұраны», «Тәуелсіздікке арнау», «Қазағым», «Мәңгілік ел», «Мен қазақпын»және «Жаса, Қазақстан!» әндері шырқалды. Әннің арасында №1 мектеп-гимназияның оқушыларының шешен ұлтының ұлттық биі көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастаса, №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Нұрәли Мырзахметтің орындауындағы «Ерке сылқым» күйі көрерменді тәнті етті.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»