El іshі
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын…»
Есік алдының жасыл желекке оранып, бау-бақшаның мол өнімге малынып тұрғанын кім қаламайды дейсің? Дәл қазір сауда орындарында самсап тұрса да, өз еңбегің сіңген, өз бақшаңнан үзіп жеген жеміс-жидекке не жетсін?! Алайда, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін еңбек. «Таза болса табиғат – аман болар адамзат». Бұл – бұлжымайтын қағида. Әдетте, осылай деп айтып жатамыз. Алайда көбінесе біздің бойымызда қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа деген жанашырлық жетіспей жатады.
«Табиғаттың тынысы кең, тілі бай,
Ауасының шәрбатын-ай, тұнығы-ай.
Бұлбұл болып сайрап кетсе, ал бірде,
Адамдарша сөйлейді екен, күнім-ай». Осынау жыр жолдары ақынның табиғатқа деген жанашырлығынан туғаны анық. Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы және аялы есігі, қуатты қонысымен бірге өсіп-өнетін мекені. Табиғат ана жалпы адам баласының ортақ қазынасы.
Жалпы табиғатты қорғау, туған жердің қадірі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай деп ой толғайды:
«Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет.
Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада.
Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек»,- деді Президент.
Біз Президент сөзін мақалаға неге келтіріп отыр дейсіздер ғой? Өскелең жастар қасиетті Қазақстанда осындай киелі жерлердің бар екенін білсін, оны көздің қарашағын сақтауға, аялауға атсалыссын деген мақсат біздікі. Шынында, қазір экологияға деген көзқарас дұрыс емес. Адамдар табиғаттан ала берсем дейді. Ал табиғатқа жанашыр болуды білмейміз. Президент айтқандай, ең алдымен санамызды дұрыстайық, сонда отаншылдығымыз да арта түсетіні белгілі.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұратын Ербол Дербісәлиевты қоршаған ортаға жанашырлық танытқан патриот азамат дерсің. Балғын балалық шағын қасиетті Қошқарата ауылында өткізген Ерекеңнің жаны табиғатты сүйеді. Ағаш егіп, бау-бақша баптауды да ата-анасынан, ауыл қарияларынан үйренген екен.
Ербол Дәртайұлының аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман болып жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл 37 жыл толып отыр. «Дарақ бір жерде көгереді» десек, Ерекеңнің есеп-қисап, салық саласында, аудандық бюджетті қалыптастыруда еткен еңбегі елеусіз емес. Ол бірқатар салалық марапаттармен, аудан, облыс басшыларының Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталған.
Жұмыс өз алдына. Ал Ербол ағаның жұмыстан қолы босағанда айналысатын бір хоббиі бар. Ол – ағаш егу, бау-бақша өсіріп, баптау. 1993 жылы аудан орталығынан өз алдына үй сатып алып, отбасымен тұрмыс кешуде. Содан бері тұрған үйінің шарбағын түгелдей дерлік алма, түрлі жеміс ағаштары, қалқан жапырақты, одан бөлек, сәндік ағаштармен, гүлдермен көмкерген десек, артық айтқанымыз емес. Ерекеңнің тұрып жатқан үйі де ағаш, бау-бақша егуге өте қолайлы сайдың жағасында орналасқан.
«Бағыңда өскен бәйтерек күтімін тапсаң, солмайды» демекші, Ербол ағаның айтуынша, бүгінде бағбанның шарбағында 15 түрлі 80 түп алма, 20 түп алмұрттың да бірнеше түрі бар. Жеміс ағаштарының өзі 40 түптен асады. Одан бөлек, қылқан жапырақты ағаштардан (балқарағай мен шыршаның бірнеше түрі), емен, аққайың ағаштары жайқалып өсіп, айналаға көрік беруде. Бұл бір жағынан еңбек болса, бір жағынан адамның жанына жайлылық, таза ауа сыйлайды. Осыншама тал-дарақтарды, жеміс ағаштарын тамашалап болған соң, бағбандықты жаны сүйетін Ербол Дәртайұлын әңгімеге тартқан едік.
-Өзімнің негізгі мамандығы есеп-қисап саласы. Біз де ауылда туып, ауылда өстік. Сонда ата-әжелеріміз бізді жетектеп жүріп, үлкендерді сыйлаумен қатар, табиғатты сүюге, қоршаған ортаны аялауға, оның ішінде ағаш егуге, бау-бақша өсіруге үйреткен екен. Мұны өзіміз де ақсақалдық жасқа жеткенде терең ойланып отырмыз. Менің бағбан болуым ең алдымен аталарымыздан дарыған қасиет деп білемін. Одан соң өзімнің ұғымталдығым мен еңбекқорлығымнан болса керек. Аудан орталығында тұрып жатқаныма 35 жылдан асып барады. Алғашқыда отбасыммен біраз уақыт пәтерде тұрдық. 1993 жылы Жамбыл көшесінен жеке үй сатып алдым.
Осында көшіп келгеннен бастап, ағаш егумен айналысып келемін. Ағаштар да қартаяды. Қурай бастаған соң оның орнына жас көшет егу қажет. Осылай жыл сайын жас көшеттер егіп, бауды жаңартып отырамын. Ағаш отырғызу, бау-бақша баптау да үлкен өнер. Бұл жұмыс адамнан жанашырлықты, тындырымдылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Егіп қойдым болды деген сөз жоқ. Не нәрсе ексең де, оны күтіп, баптай білуің керек. Мысалы, алма ағашын отырғызу үшін алдымен жақсы жер таңдауың керек. Жерді шұңқырлап қазып алған соң, оған тыңайтқыш ретінде қарақи саласың. Сөйтіп барып көшетті отырғызып, топырағын майдалап қайтадан көмесің. Жас көшетке ең алдымен су қажет. Әсіресе, жаздың күндері күнделікті суғару аса маңызды. Одан соң әр көктем мен күзде дәрілеп, бұтау қажет. Арасында тыңайтқыштар береміз. Көшетті қоректендірмей, одан мол өнім ала алмайсың. Бау-бақша өсіретін кез келген адам ең алдымен осыны ескеруі керек. Әлбетте, ағаш та тірі ағза. Оған қамқорлық, мейірім керек. Сонда ғана табиғатты жаныңмен сезе аласың. Табиғаттың кез келген тірі жәндігі аялағанды сүйеді,- дейді бағбан.
Бағбан ағаш көшеттерін көбінесе Меркі ауданынан әкеліп егеді екен. Ал қылқанжапырақты ағаштардың көшетін Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласынан, кейбірін Ресейден тапсырыспен алдырған екен. Ербол ағаның айтуынша, жақсылап күтіп, баптасаң алма көшеті үш-төрт жылда жеміс беретін көрінеді. Әрине, бағбан айтқандай, көп нәрсе бапқа байланысты. Басқасын айтпағанның өзінде, бағбан алма бауынан жыл сайын екі тоннаға жуық өнім жинайды екен. Бұл әрине, отбасына да, артылғанын сатуға да жетерлік. Алманың превосход, гала (қызыл) т.б. түрлері жетерлік. Алматының әйгілі апортын да Ербол ағаның бауынан табасың. Апорт алманың үлкен болатыны соншалық, бір жылы үлкен бір алманың салмағы 820 грамм тартқан екен. Бұл да баптаудың арқасы.
Бағбан ағаш, бау-бақша өсіруден бөлек, үйде бірнеше сауынды сиыр ұстап, жылқы, ірі қара бордақылайды. 200-дей тауық, күркетауық асырап, күніне 50 данаға дейін жұмыртқа жинайды. Ауылдастарын экологиялық таза жұмыртқамен де қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын жылқы бордақылап, сапалы ет өндіруде. Жыл сайын ауыл сыртындағы егістік алқабына арпа, бидай, жоңышқа егіп, мал азығын да молынан дайындайды. Мұның бәрі еңбектің арқасында екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Әрине мұндай қажырлы қол еңбегінің барлығына Ерекеңнің жалғыз өзінің үлгереді десек, өтірік болар. Еріне тірек болып жүрген жұбайы Күлмаш Мәсенқұлова көмектеседі.
Бір жағынан күнделікті атқаратын мемлекеттік жұмысы бар. Дегенмен, ол таңертең ерте тұрып, жұмысқа кеткенше біршама шаруаны бітіріп алады. Кешке де дәл солай. Жұмыстан келе салысымен киімін жұмыс формасына ауыстырып, тірлікке кірісіп кетеді. Алма бауы бар, бау-бақша дақылдары бар дегендей. Бәрін өзі егіп, күтіп, баптайды. Малға қарау да үлкен еңбекті, күшті талап етеді. Бұдан бір жағынан адамның дене белсенділігі артса, бір жағынан еңбек адамды шыдамдылыққа, адалдыққа тәрбиелейді. Үй шаруасына жұбайы Күлмаш Жүзімханқызы да қолғабыс етіп, еңбекқор азаматтың жанына жалау болып жүр. Еңбекқор әрі өнегелі отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиеленген.
-Жыл сайын байқаймын, мамыр айында бауға бұлбұл, тағы басқа құстар ұшып келіп, ұя салады. Ағаштар жапырақ жайып, гүлдер гүлдеп айнала ерекше құлпырып, хош иіске толып кетеді. Сондайда баудың көлеңкесінде отырып шәй ішіп, демалған қандай рақат. Айнала таза ауа. Мысалы, қылқан жапырақты ағаштар басқа ағаштарға қарағанда оттегіні көп бөледі. Бұлбұлдар сайрап, айнала ерекше күйге бөленеді. Табиғатпен сырласу дегеніңіз осы шығар. Менің пікірімше әрбір ер азамат үйінде ағаш егуі керек,- дейді бағбан.
«Егер бір жылдығыңды ойласаң – егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң – тал ек, ал, мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген шығыс даналығына сүйенсек, бағбан Ербол Дербісалиевтың ісі көпке үлгі болуы тиіс. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы болса керек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев