El іshі
Білім мен ғылымның алтын ғасыры
«ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.
Жалпы білім, ғылым жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да айтылды. Президент: «Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.
Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін»,- деп атап өтті.
Тек терең білім, іскерлік дағды, кәсіби біліктілік кезкелген ұстаздың күнделікті іс-әрекетіне енгенде ғана қабілетті тұлға, яғни жан-жақты заман талабына сай, дүниетанымдық қасиеті дамыған, сын тұрғысынан ойлауды көздейтін ойшыл азамат тәрбиелеу болса, оны атқаруда мектептің әдістемелік кеңесі мен бірлестік жетекшілеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Біздің мектептің оқу-тәрбие жоспарының бір саласы осы тақырыпқа бағытталған.
Талапты ауылындағы мектеп алғаш рет 1931 жылы «Талапты бастауыш мектебі» болып ашылды. 1938 жылы «Талапты 7 жылдық мектебі», 1962 жылдан бастап «Талапты орталау мектебі» болды. 1983 жылдан бастап «Бауыржан Момышұлы атындағы орталау мектебі» болып өзгерді. 2002 жылдан бастап Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп болып үлкейтілді. Мектеп 2004 жылы қыркүйек айында жаңа екі қабатты типті ғимаратқа көшірілді. Ғимарат 250 оқушыға арнап салынған. 21 оқу кабинеті, спорт залы, асхана, мәжіліс залы, шеберхана, екі информатика кабинеті, бір робототехника және медициналық қызмет көрсету кабинеттері бар.
Бүгінде білім ордасында дәріс алып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген танымал азаматтарымыз баршылық. Олардың қатарында республика деңгейіне танымал, қазақ көсемсөзінің сардары, шындықтың шырақшысына айналған Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, ҚР Сыртқы істер министрлігінің елшісі Бекжан Әліқұлов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ғылым докторы, биолог-ғалым Зерекбай Әліқұлов, профессор-академик, мәдениет қайраткері Мұсабек Жарқынбек, ғалым-математик Қанат Тәжібаев, бүгінде ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Гүлзахира Шоңғарова, Салауат Дембаев, Ақылжан Мамыт, Ермекгүл Нақыпбекова, Гүлжазира Нақыпбекова, Әлижан Мұртазаев, Керімхан Төреқұлов сынды тұлғалар шыққан.
Білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Білім шаңырағы үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандырып келеді. №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп шағын жинақталған мектеп қатарында болғандықтан 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша 136 оқушы жалпыға бірдей біліммен қамтылды. Дайындық тобында 10 бала тәрбиеленді. Білім сапасы 71%-ды құрап, 8 оқушы орта мектепті бітіріп қолдарына кәмелеттік аттестат алды. Бүгінде барлық түлек жоғары оқу орындарына түсіп, білімдерін жалғастыруда. Ал 2020-2021 оқу жылында 127 оқушы білім алуда.
Мектеп оқушыларының бұл көрсеткіштері ұжым педагогтарының ғылыми-әдістемелік және кәсіби шеберлік бағытында күнделікті ізденісінің жемісі болып табылады. Мектепте ұжым мүшелерінің шығармашылық ізденіспен еңбек етуіне жан-жақты жағдай жасалған. Директордың орынбасарлары Г.Нұрбаева, Л.Жолболдиева, А.Дембаев ұстаздардың оқу-тәрбие жұмыстарын ұтымды жоспарлауға және жүргізуге, ұжым мүшелері арасында өзара түсіністік, ынтымақтастық, жақсы ахуал қалыптастыруға ұдайы назар аударып отырады.
Білім мекемесінің оқу-тәрбие саласындағы жұмыстарда жоғары жетістіктерге жетуіне «Озат тәжірибе» мектебінің құрамына енетін тәжірибелі ұстаздар қомақты үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда мектебімізде 35 мұғалім дәріс берсе, оның 10-ы бірінші санатты, 9-ы екінші, 5-і «зерттеуші-педагог», 6-ы «Педагог-сарапшы» біліктілік санаттағы ұстаздар. Оның арасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған М.Мамытов сынды, облыстық білім басқармасының Алғысхатымен марапатталған Р.Сайлаубаев, Л.Жолболдиева, Г.Ергебекова, М.Бекжігітова, М.Құрмашова сынды майталман ұстаздар бар.
Жаңа кезеңге сай оқу мен тәрбие сапасын жетілдіре отырып жеке тұлғаны қалыптастыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандыра түсуде. Ұйымдастырылған құрылым мұғалімдердің білімін, кәсіптік деңгейін, шеберлігін жетілдіру жолдарын жүзеге асырады. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру және шығармашылықпен жұмыс істеу бағытында әдістемелік кеңес жанынан құрылған үш шығармашылық топ жұмыс жасайды. Олар «Талапкер» тобы – жас мамандар мектебі, «Ізденіс» тобы – мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін жетілдіру мектебі және «Озат тәжірибе» тобы – жаңашыл мұғалімдер мектебі.
Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», – деп білім беру жүйесіне жаңа міндеттер қойған болатын. Осының негізінде жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері Н.Жетікбаев, Ж.Сауранбаева, Р.Жетікбаевалар арнайы курстан өтіп, вариативті компонентіндегі химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуда. Қазір ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол деп білеміз.
Ұжымда ұзақ жылдардан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған жас мамандар да өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсатында аянбай ізденуде. «Талапкер» әдістемелік-тәжірибелік мектебі еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осының арқасында 2020 жылы орыс тілі пәнінің жас маманы Ақшолпан Мұртазаның шәкірті Қуаныш Қарақат «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты республикалық ғылыми жұмыстар байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру, ең алдымен мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп, шығармашылық ізденісте жүруіне байланысты. Осындай мақсатты ұстанып оқушыны білімге қызықтырып, талмас еңбекқорлық пен жұмысқа деген құлшыныс пен таза ниет арқылы жетістікке жеткен бірқатар ұстаздар мен оқушылардың жеңістерін атап өткім келеді. «Кенгуру – математика барлығы үшін» халықаралық конкурсында Жолдасбек Саят жеңімпаз атанса, «Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқу» республикалық байқауында Бердібаева Ақбала /жет. Л.Жолболдиева/ бас жүлдені, «Жұлдызды талант» ІІІ республикалық оқушылар фестивалінде Жамалбек Шынар бас жүлдені, «Ұлы дала ұрпағы» атты республикалық өнер мен білім байқауында Әлімбек Анель І орынды жеңіп алды.
Қазіргі таңда елімізде болып жатқан жаңартулар оқу-тәрбие жұмысының бағыт-бағдарын заман талабына сай міндеттейді. Педагогикалық ұжымда мониторинг жасаудың ішкі заңдылығы – рейтинг жүйесі қалыптасты. Педагогтардың қызметін жүйелеу үшін «Үздік бірлестік» рейтингісі мен индикаторы, сынып жетекшілер және мұғалімдер арасындағы рейтингтің қорытындысы сараланады. Сондай-ақ тұрақты түрде жыл қорытындысы бойынша «Жыл мұғалімі», «Жылдың үздік сыныбы», «Жылдың үздік оқушысы» байқаулары ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сый-сияпаттармен марапатталып отырады.
Мектеп ұжымы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді іске асыруда жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, оқушылардың сана – сезімін, ой-өрісін дамыта отырып, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған рухани таза, ар-ожданы мол, ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, өз елін, жерін, тарихын, Отанын сүйетін, өз халқының салт-дәстүрін білетін, жақсы қасиеттерді бойына сіңірген ХХІ ғасырдың азаматын тәрбиелеуді «Халықтық педагогика» мен қазіргі заманғы салт-дәстүрін үлгі тұтып жұмыс атқаруды мақсат етіп алған. Мектепте құрылған «Шаңырақ» тәрбие орталығы оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай үш буынға бөлініп, бағыт-бағдарлары мен мақсат-міндеттері белгіленген. Сонымен қатар оқушылар арасында шығармашылық топтар құрылған. Олар: «Жас Ұлан», «Мирас», «Адал ұрпақ», «Бауыржан ұландары» патриоттық клубтары. Мектепте сонымен бірге «Пікір-сайыс», «Қолөнер», «Шахмат», «Волейбол», «Футбол», «Жас ғалым» тағы басқа ақысыз үйірмелері жұмыс атқарады. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық жарыстарға өз үлестерін қосып, жүлделі орындарға ие болуда.
Мектеп оқушылары қазіргі уақытта қоғамның толыққанды мүшесі және болашақта өз ортасының жетекші тұлғасы болатындықтан олардың бойына патриоттық тәрбиемен қатар, мұражай арқылы пәнаралық білім негізін қалыптастыру – бүгінгі педагогтардың міндеті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Жамбыл облыстық Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығымен, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығымен, Жеңіс саябағында орналасқан Б.Момышұлы атындағы Даңқ залымен өңіріміздің тарихы мен мәдени мұраларын зерделеу және насихаттау мәселелері жөніндегі өзара бірлескен ынтымақтастық Меморандумға қол қойылды. Мұндағы басты мақсат – Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, олардың өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету және насихаттау.
Меморандум аясында мектеп оқушылары тұрақты түрде танымдық сабақтарына қатысып, өз өлкесінің тарихы мен ұлы тұлғаларын тек біліп, сүйсініп жүру жеткіліксіз екендігін, оларды сақтап, қорғап, насихаттау қажет екендігін түсініп келеді. Тәрбие құралы ретінде мұражай жұмыстары да қолға алынған. Мектептің екінші қабатында Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаға арналған мұражай жасақталған. Онда Батыр мен жазушының өмірлік жолдарын кеңінен насихаттайтын мәлімет бұрыштары қойылған. Сонымен қатар мектептің тарих пәнінің мұғалімдері М.Мамытов, Р.Пешенов оқушыларға батырдың кіндік қаны тамған «Момыштың бұлағына», аудандық Б.Момышұлы атындағы және өлкетану мұражайларына экскурсиялық сабақтар өткізуді қолға алған. Жалпы мұражай тарихқа деген қызығушылық туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады. Ал тарих туған жерден басталады, сондықтан әр өскелең ұрпақ өзі тұрған елді мекен жері мен азаматтарының тарихын білгені жөн.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында тұрақты түрде «Қазақтың руханияты – Шерхан Мұртаза» атты еске алу кеші, 24 желтоқсан Б.Момышұлының туылған күніне орай мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Н.Халықов жетекшілік ететін “Бауыржан ұландары” ұйымының ұйымдастыруымен “Ел аузында ерлігі – аңыз аты-жыр, халқымыздың мақтанышы – батыр ұл” тақырыбында өнеге сағаты, «Ауғанның отты жалыны» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кештері, тұрақты түрде «Ерлік ескірмейді» тыл еңбек ардагерлеріне қайырымдылық акциялары, үй шаруасына көмек беру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Ұлы даланың – ұлы тұлғасы» атты әдеби монтаж (ақын өмірінен көрініс) кеші және Б.Момышұлының 110 жылдығына орай танымдық шаралар өтті. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы Ұлы Жеңістің 75 – жылдығына орай ұйымдастырылған «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз» атты республикалық тағзым эстафетасы Батыр атамыздың атымен аталатын мектепте жалғасын тауып, «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі» тақырыбында ерлік сағаты өтті. Аудандық білім бөлімі, ішкі саясат бөлімі, қорғаныс бөлімі мен бірлескен Б.Момышұлының 110-жылдығына орай «Бауыржан афоризмдеріндегі тағылым», «Бауыржан мұралары» т.б байқаулары ұйымдастырылды. Бүгінгі күні тарихи тұлғалар Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы, Ж.Жабаевтың 175 жылдығы, М.Мақатаевтың 90 жылдығына байланысты танымдық шаралар ұйымдастырылып келеді. Аталған шаралар тұрақты түрде аудандық «Жаңа өмір» және «Жуалы» қоғамдық-саяси газеттерінде, мектептің тыныс-тіршілігі туралы облыстық «Jambyl» телеарнасында «8 қыр» бағдарламасы мен жаңалықтар топтамасында, облыстық «77tv» арнасында бірнеше рет жарияланды. Сонымен қатар, мектепте өткен әрбір шара мектептің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. Сондықтан да мектеп педагогтары өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, үш тұғырлы тілді меңгерту, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге тәрбиелеу міндеттерін өздерінің абыройлы парызы деп түсініп, парыз биігінен көріну үшін қажымай еңбек етуді мақсат тұтуда. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді», – деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, мұғалім еңбегінің жемісі шәкірттерінің қол жеткен табыстары болып табылады. Дегенмен ұжым мүшелері қол жеткен табыстарға тоқмейілсімейді. Табыс бір жағы ұстаздар үшін мәртебе болса, бір жағы – жүктелген өте үлкен жауапкершілік.
Руслан САЙЛАУБАЕВ,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры.
Аудандық мәслихаттың депутаты.
Талапты ауылы