El іshі
Табысқа жетелейтін тың жоба
«Еге білсең, егін тасқа да бітеді» дейді халық даналығы. Пилоттық жоба аядай ғана аулада қосалқы шаруашылықты дамытып, ауылдың ажарын арттырып, тірліктің қазаны мен базарын қыздыратын баламасыз бастама. Бүгінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы ауданымызда Ақтөбе ауылдық округінде іске асырылуда.
Ақтөбеліктерге қанатқақты жобаның шапағаты тиіп, елді мекенде жұмыссыздар қатары азайып, мал басы артты. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын отбасылардың қатары азайып, кәсіпкер тұлғалар көбейді. Тұрғындар үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, тұрмыстық табысын арттырды.
Ал, енді биыл дәл осы пилоттық жоба Ақсай ауылдық округінде жүзеге асыру қолға алынуда. Қазіргі таңда мұнда біршама жұмыстар атқарылған. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов: «Пилоттық жобаға бұл елді мекеннің таңдап алыну себебі, ауыл тұрғындарының бірігіп, тез арада кооператив құруында. Жобалардың басым бөлігі кәсіпкерлік саланы дамытуға арналғандығында болып отыр», дейді.
Ауылдық округтің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов жоба арқылы ауылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту күтілуде екендігін айтады. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімі «пилоттық жоба биыл ауданымызда екінші рет қолға алынғалы отыр. Өйткені, Ақтөбе ауылдық округінде жобаның нәтижесі көрінді. Ендігі біздің мақсат – қаржыны тиімді әрі дұрыс пайдалану. Сапа мен нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет. Жобаға өтініш білдірген азаматтардың өз ісін дұрыс әрі мақсатты бастауын өзіміз қадағалайтын боламыз. Біздің елді мекенде де қанатқақты жоба арқылы кәсіп орны ашылып, тұрғындардың тұрмыстық табысының артуы үшін еңбек етеміз» дейді.
Ауылдық округте «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Оның төрағасы – Әбілқасым Әлімбеков. Коопертив Қайрат және Диқан ауылдарының тұрғындарын біріктіріп, олардың жерін игеруді, бірге мал азығын дайындауды, өндірілген өнімді АШӨК арқылы өткізуді мақсат етіп отыр.
«Жуалы-2020» АШӨК-нің төрағасы Ә.Әлімбековтің айтуынша, бүгінгі таңда 85 жобаға 314,5 млн қаржы бөлінген. Жеңілдетілген пайызбен несие алуға 62 азамат жүгінген. Тұрғындардың табысын жақсарту үшін бес бағыт бойынша құжаттар тапсырылған. Яғни, ауылдық округте пилоттық жоба үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтерді жабдықтау немесе құру және тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бағыттарында жүзеге асырылатын болады.
Бүгінгі таңда ниет білдірген азаматтардың құжаттары қабылданып, толық «Тараз» ӘКК»АҚ-на жөнелтілген. Оның ішінде Махит Сәрсеқұл жобаның І бағыты бойынша жылыжай соғуды қолға алуға ниетті болса, 52 азамат жобаның ІІ бағыты бойынша өтініш білдірген. Ал, тоғыз өтініш V бағыт бойынша түскен. Яғни, Қайсар және Елдар Құралбай бал ара шаруашылығымен айналысуды жоспарласа, «Бірге» жеке кәсіпкерлігі сүт өнімін өңдеу цехын қолға алмақшы. Диқан ауылынан жем өңдеу цехын ашу бойынша өтініш Қымбат Сатаровадан түскен. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ішінде наубайхана және кондейтерлік цехты ашуды Әшіркүл Наурызқұлова көздеуде.
Кәсіпкерік саласына аса мән берген ақсайлықтардың ішінде Қуанышбек Төребеков трактор жөндеу орталығын іске қосуды ниет етіп отыр. Ал, «Kinghaus» жеке кәсіпкерлігі тұшпара, кондитерлік цехын, Асхат Ғабитұлы және Диас Рахманқұлов жүннен жасалған кілемге портрет салу ісін бастау үшін және Қанат Жұманов балық шаруашылығымен айналысу үшін құжат тапсырған.
Одан бөлек, ауылдық округтен бес жылыжай салуды, төрт шағын құс фермасын және полипропилен қапшықтарын және баулау жібін өңдеу цехын ашуды, сонымен қатар, екі бағытта яғни, осетр, карп, сазан балықтарын өсіруді қолға алуды жоспарлауда. Сондай-ақ, елді мекеннен бір құрылыс заттарына арналған павлония ағашын өсіруге арналған жылыжай соғуды көздеуде.
Жобаның төртінші бағыты бойынша «Тараз» ӘКК» АҚ мекемесіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникаларына сұраныс берілген.
-«Жуалы-2020» АШӨК-нің құрамында 80 адам бар, – дейді копператив төрағасы Әбілқасым Дәулетбайұлы. -Ауыл тұрғындары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілігін танытып, бір кооперативке бірікті. Бірігіп жұмыс істеп, нәтижелі әрі сапалы тірлік жасауды қолдады. Тұрғындармен жүйелі жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өтініштер түсіп, құжаттар қабылдануда.
Қанатқақты жобаның Ақсай ауылдық округінде жүзеге асырылатынына тұрғындар дән риза. Өйткені, көпшілік жоба арқылы төмендетілген пайызбен несие алып, табысын арттырады. Үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланып, мал басын көбейте алады. Әртүрлі бағыттағы кәсіпкерлікке бет бұрып, өзінің жеке кәсібін ашу мүмкіндігіне ие болуда. Ендігі көпшіліктің тілегі – қаржы ертерек түсіп, мал азығын уақтылы әзірлеу, – дейді ол.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының аудандағы өкілі Мирас Әділбек Ақсай ауылдық округіндегі пилоттық жоба бойынша 100 пайыз құжаттар жиналып, 60 пайызы қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, құжаттардың 30 пайызы бағалау есептерін күтуде. Қазіргі таңда 41 құжат қабылданған. Осы құжаттар бойынша кемшіліктерін түзету жұмыстары және 30-ға жуық жобамен жұмыстар атқарылуда. «Негізгі тұрғындарға қаржыны қыркүйек айының ортасында беру жоспарланған. Құжаттарды қабылдап, бірден қомақты қаржыны бере алмаймыз. Өйткені, барлығы заң аясында жасалуы керек. Құжаттар толық талаптарға сай дайын болған кезде, келісімшарт жасағанда ғана берілетін болады» дейді ол.