El іshі
Ауылдан жеткен ақпарат
Б.Момышұлы
Аудандық кітапхананың «Білім» орталығында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай «Ауғанның – от жалыны» атты кеш өтті. Кездесу кешін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Айгүл Дәуітова ұйымдастырып, шараға Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары қатыстырылды. Сонымен қатар, шараға Ауған соғысының ардагерлері Мақсатбек Әбдібеков, Бақтияр Жұмашев, Темірхан Сейділдаев, Ғалым Қылышбаев және Әлімхан Әсібеков қатысты.
Кеште кітапханашы А.Дәуітова оқушыларға Ауған соғысы туралы кеңінен мәлімет берді. От пен оқтың арасында жанкештілік ерлік көрсетіп, қаза болған боздақ жерлестерімізді еске алды. Ал, оқушылар кезегімен патриоттық өлең шумақтарын мәнерлеп оқыды. Кітапхананың қызметкері Еркебұлан Тәліпбек және Назерке Ахмет патриоттық әндер шырқап, терме орындады. Сонымен қатар, кеште Ауған жерінде өздерінің интернационалдық борыштарын өтеген ардагерлер естеліктерімен бөлісті.
* * *
Жақында ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен №16 Жуалы колледжінде қазақ тілі тыңдаушыларының қатысуымен «Поэзия TIME» кеші өтті. Кеш барысында тыңдаушылар ақынның өмірімен және шығармашылығымен танысты. Сонымен қатар, тыңдаушылар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, өз ойларымен бөлісті. Шараға белсенділік танытқан тыңдаушылар Алғысхатпен марапатталды.
Жетітөбе
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте жоспарға сай түрлі іс-шаралар өтуде. Осы ретте қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестіктерінің ұйымдастыруымен «Өшпейтұғын артына сөз қалдырған» тақырыбында әдеби кеш өтті. Кеш барысында оқушылар ақынның қара сөздері мен өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыса, 5 сынып оқушысы Ернұр Мәлікбай Абайдың балалық шағынан көрініс көрсетті. Сонымен қатар, мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімдері «Абай – поэт, Абай – гений» тақырыбында кеш ұйымдастырды. Ал, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері ақынның әндерін ағылшын тілінде орындады.
Мұғалімдер Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқу эстафета-челленджіне үн қосты. Мектеп кітапханашысы Мая Қадырходжаева «Абай – дана, Абай – дара» тақырыбында көрме ұйымдастырып, оқушыларды Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқуға шақырды. Сондай-ақ, мектеп кітапханашысы ақынның шығармашылығына шолу жасап, оқушылардың бойына сіңіруге ықпал жасады. Ұйымдастырылған кештерді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалымжан Абдуалиев қорытындылап, ақынның шығармаларын оқуға шақырды.
Мыңбұлақ
№13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте мектепішілік семинар өтті. Семинардың мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, білімдерін тереңдету, өз көзқарастарын білдіруге және дұрыс таңдау жасау дағдысын қалыптастыруға ықпал жасау. Семинар 8 сынып жетекшілері Нұргүл Мырзахметова мен Ақтолқын Бәкірованың ұйымдастыруымен жасалған ақпараттық стендте берілген суреттер арқылы өз құқықтарымен танысу, өзіне маңыздысын таңдаудан басталды.
Шара екі кезеңде өтті. Сабақтар түрлендіріліп ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 2 «б» сынып жетекшісі Ботагөз Момышева «Құқық әліппесі» тақырыбында ашық сабақ өткізсе, 10 «ә» сынып жетекшісі Зина Дәрменқұлова «Бала зорлығы – қоғам қасіреті» тақырыбында коучинг сабағын өткізді. Ал, 9 сынып жетекшісі Әсем Ералиева «Құқық – әділет пен парасат жолы», 8 «в» сынып жетекшісі Екатерина Петухова «Наши права и обязнности», 6 сынып жетекшісі Гүлден Әліқұлова «Қылмыс пен жаза», 5 сынып жетекшісі Лаура Разымбетова «Әлімжеттік жасау – әлсіздік», 7 «ә» сынып жетекшісі Ақмарал Ибрагимова «Бала құқығы – адам құқығы» және 4 сынып жетекшісі Арайлым Болатбекова «Біз әлемді өзгертеміз!» атты тақырыптарда пікірсайыс, ашық тәрбие сағаты, дөңгелек үстелдер, тренинг сабақтар, сахналық қойылым, зияткерлік сайыс ұйымдастырылды.
Қызыларық
ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында және саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында №25 Ақтөбе тірек мектебінде «Спорт – денсаулық кепілі» атты волейболдан мектеп оқушылары арасында жарыс өтті.
Шараға учаскелік полиция қызметкері, аға сержанты Р.Заманбекұлы, Ақтөбе тірек мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Алмар Өсерхан, Б.Әбілдаев және №23 Алатау орта мектебінен 1 команда, №25 Ақтөбе тірек мектебінен 2 команда, №26 Жаңаталап орта мектебінен 2 команда қатысты.
Жарысты Қызыларық ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы Зиятхан Қуаныш ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттық шараға ауылдық округтің спорт нұсқаушысы О.Шымыр, А.Өсерхан мен Б.Әбілдаев төрешілік етті. Нәтижесінде І орынды №26 Жаңаталап орта мектебінің 11 «б» сынып оқушылары жеңіп алды. Ал, ІІ орынды №25 Ақтөбе тірек мектебінің 10 «а» сынып оқушылары иеленді. Ойынның ІІІ орыны №25 Ақтөбе тірек мектебінің 11 «а» сынып оқушыларына бұйырды. Сонымен қатар, «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы» номинацияларымен А.Қапарова және Н.Сүгірбек, төрелік еткені үшін «Жастар ресурстық орталығының» дипломымен Б.Әбілдаев марапатталды. Жеңімпаздарға орталықтың атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»