El іshі
Облыстық байқауда жүлдегер атанды
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпы ұлттық акциясын жүзеге асыру, оқу мәдениетін дамыту және қолдау, әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Кітап – өнер, білім ордасы» атты облыстық кітапханашылар байқауы өтті.
Байқауға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Мәдениет және өнер бөлімінің» бас маманы Жадыра Құттыбаева, «Тифлология» бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегімов, «Болашақ» мектеп-интернатының кітапханашысы Қаракөз Сатқұлова қатысты.
Сайыс барысында Байзақ, Жуалы, Сарысу, Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары байқау ережесінің шарттарына сәйкес «Таныстыру», «Мамандығым – мақтанышым!», «Сұрақ-жауап», «Брайлист», «Өнерлі кітапханашы» кезеңдері бойынша бақ сынасып, өз өнерлерін, кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Сондай-ақ, Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның әншісі Әділет Әбдікерімов «Үш Меркі», «Желдірме», кітапхананың тұрақты оқырмандары Алмат Жұматаев «Туған жер», Сағынкүл Шадырқұлова «Көңілді күн» әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Байқау соңында кітапханашы мамандығының сапасын, интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін қалыптастыратын, мүмкіндігі шектеулі оқырмандармен жұмыс жасауда инновациялық бағдарламаларды іске асыратын ізденімпаз кітапханашылар анықталды.
Қазылар шешімі бойынша I орынды Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Айгүл Төлегенова иеленсе, II орын Байзақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жанар Рахманқұловаға бұйырды. Ал, III орынды жерлесіміз, Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Мөлдір Темірбаева алды.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, басқа да қатысушыларға Алғысхаттар табысталды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»