El іshі
Біріксек, індетті жеңеміз
Баршаңызға белгілі, қазір бүкіл дүниежүзі коронавирус пандемиясына байланысты тым күрделі жағдайды бастан өткеруде. Оның ішінде біздің еліміз де. Бұл жағдайды ескерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемге тараған коронавирус індетінің алдын алу жөнінде көптеген шаралар қабылдады. Мұның барлығы мемлекет тарапынан халқының амандығы мен денінің саулығы үшін жасалып отыр.
Әр мемлекеттің ең басты байлығы – халқы. Ал, сол халқының амандығы үшін індеттің алдын алу және болдырмау мақсатында түрлі сақтық шаралары қолға алынды. Алайда елімізде індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Сол себепті шектеу шаралары әр өңірлерде, аймақтарда күшейтілді. Осындай кезеңдерде Үкімет халықты сабырлыққа шақырып, түсіністік танытуға үндеп отыр. Сонымен қатар, Президентіміз төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетті. Жаны жомарт жандар көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға азық-түліктей көмек көрсетуде. Сондай-ақ, мұндай сын сәттерде ерікті жастар да белсенділік танытып, алдыңғы шептен көрінуде.
Бұл уақытша дүрбелеңді, індетті бәріміз елдігіміз бен бірлігімізді танытып, жеңеміз. Бұл сынақтан да өтеміз. Барымызға шүкіршілік етіп, сабыр етуіміз керек. Халқының денсаулығы үшін аянбай қызмет етіп жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Осы індетті жеңуге тер төгіп жатқан азаматтарға, ақ халатты абзал жандарға да алғысымды, аналық ақ тілегімді білдіремін. Біз біріксек, бұл індетті де жеңеміз.Біз біргеміз!
Ранай Айымбетова,
Батыр ана.
Көлбастау ауылы