El іshі
Кәсібін дөңгелеткен азамат
Елімізде шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлік саласына бет бұрып жатқан жастардың саны өте көп. Олардың ішінде жеке кәсібін ашып қана қоймай, халық үшін, мемлекет үшін өзінің кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар да баршылық.
Бүгінгі тақырыпқа тұздық болып отырған жас кәсіпкер Сәбит Мәдіқұлұлы. Ол – Күреңбел ауылының тумасы. Сәбит №10 Күреңбел орта мектебінде оқыды. Еңбек жолын «Күреңбел» өңдірістік кооперативінде қарапайым жұмысшы болып бастайды. Сонымен қатар, ол аталған жұмыс орнында қойма меңгерушісі болып еңбек етті. Еңбек ете жүріп Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне оқуға түсіп, оны құқықтану мамандығы бойынша тамамдайды. Шаруашылықтың қыр-сырын меңгерген Сәбит «Әлинұр» шаруа қожалығын ашуға бел байлап, өз кәсібін бастайды.
Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан жеңілдетілген 6 пайызбен 2 млн теңге көлемінде несие алып, кәсібін одан әрі қарай жетілдіреді. Сонымен қатар, «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамынан лизингпен 7 пайызбен Беларус (МТЗ -82.1) трактор және КУМ тіркемесімен қоса алады. Қазіргі таңда шаруа қожалықтың иелігінде 30 бас мүйізді ірі қара және 15 бас жылқы бар. Қожалық иесінің жазда үш жұмысшыны және қыс мезгілінде бір жұмысшыны жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
-«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, әр адам еңбек ете білуі керек деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда елімізде жастарға көп көмек-қолдаулар жасалып жатыр. Жеңілдетілген несиелер беріліп, кәсіп ашуға жол көрсетілуде.
Өз шаруа қожалығымда құрған уақытта менде тек жерден басқа ештеңе жоқ еді. Кейіннен бірте-бірте кәсібімді алға қарай дөңгелетуді қолға ала бастадым. Әлі де алға қойған жоспарларым көп. Соның бірі – ауылда жем тартатын орын ашсам деймін. Жұмыс орнын аша отырып, жастарды көптеп жұмысқа тарту ойымда бар. Себебі, ауылда бос жүрген жастар көп. Сондай жастар кездесе қалса, ақылымды, кеңесімді айтып, жол көрсетіп отырамын, – дейді Сәбит Мәдіқұлұлы.
Туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі Сәбитті ауылда еңбек етуіне жетеледі. Ендеше, осы сүйіспеншілік арқылы ол туған жерін түлету үшін әлі де аянбай еңбек ете беретініне сенім мол.
Үміт Ысқақова,
Күреңбел ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы