El іshі
«Бақыт» шаруа қожалығында құлпынай құлпырып тұр
Құлпынай – бүлдіргендер тобы, раушангүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Құлпынай – дәрумендерге аса бай жеміс. Құрамындағы С дәруменінің мөлшері цитрус өсімдіктеріне қарағанда анағұрлым көп. Біздің ауданда құлпынай кәсібімен айналысатын тұрғындар баршылық. Соның бірі Көкбастау ауылдық округінде орналасқан Көктөбе ауылындағы «Бақыт» шаруа қожалығы. Шару қожалық иесі 10 жылдан бері құлпынай өсірумен айналысып келеді. Бес соттық жерден бастаған құлпынайдың көлемін қазіргі таңда шаруа қожалық 80 соттық жерге дейін ұлғайтып отыр.
«Бақыт» шаруа қожалығы 2012 жылы құрылған. Қожалықтың төрағасы Қуанышбек Қалдыбеков. Олар алғашында тек мал және егін шаруашылығымен айналысады. Уақыт өте келе құлпынай өсіру кәсібімен айналысуды ойлайды. Шаруа қожалық құлпынайдың «Черный принц» сортын егеді. Құлпынайдың бұл түрі суыққа төзімді әрі ірі болып келеді. Қазіргі таңда құлпынайға деген сұраныс көп. Өйткені, «Шоколодтағы құлпынай» дайындау кәсібімен айналысатын жастар көп.
– Қолға алған кәсібім қатты ұнайды. Бұл кәсіптің түрімен айналысып көрмегендіктен алғаш бастағанда кішкене қорқыныш болды. Бірінші жылы құлпынайды шағын жерге отырғыздық. Бірақ алқаптағы құлпынай өзіміз ойлағаннан да жақсы өнім берді. Келесі жылы жерді тағы да кеңейтіп, құлпынай отырғыздық.
Ерінбесең ғана, еңбегіңнің жемісі тәтті болады. Жалқаулық – жаман әдет екені. Дегенмен жеңіл жұмыс еш жерде жоқ. Құлпынайдың жемісінің мол болуы ең алдымен жерге байланысты. Оның дәмді, әдемі болуы үшін топырақтың құнарлығына аса мән берген жөн.
Құр қарап отыруға болмайды. Оңай жерде табыс пен пайда жоқ. Барлығы осындай тынымсыз еңбектің арқасында келеді. Еңбектің арқасында жақсы өнім алып, оның пайдасын көрудеміз.
Құлпынайды мәпелеп өсіру қандай жауапты жұмыс болса, оны зиянкестерден, құстардан қорғай білу де соншалықты маңызды. Әйтпесе, көздің жауын алатын жеміс әп-сәтте ірілі-ұсақты құстардың олжасына айналады. Сондықтан да біз пісуге таяған кезде әр тұстан «қарақшы» орнатамыз.
Құлпынай – негізінен ылғал мен күннің көзін сүйетін дақыл.
Мендегі құлпынайдың сорты суыққа төзімді. Құлпынайды біз екі жылда бір жекелеп отырамыз. Ешқандай тыңайтқыш қолданбаймыз. Бәрі табиғи. Тыңайтқыш есебінде сай жаққа малдың қиын әкеліп төктіремін. Сол қиды құлпынай егілген жерге шашып отырамын. Бұл – нағыз табиғи тыңайтқыш.
Құлпынай жаппай піскен кезде ауылдың алты-жеті адамын уақытша жұмыспен қамтимыз. Бір күнде 20-30 жәшік өнім жинаймыз. Бір жәшік бес келі шығады. Бір түптен бір келідей өнім аламыз. Жиналған өнімді аудан орталығына апарып сатамыз. Кей кезде басқа ауылдардан тапсырыс түсіп жатады. Ол кезде жиналған өнімді өздері алып кетеді,- дейді шаруа қожалық иесі.
Шаруаның айтуынша, құлпынай өсіру үшін ең алдымен көшеттің тұқымы, сорты сапалы болуы керек. Құлпынай гүлдеп, өзінен мұртша тастау арқылы көбейеді. Құлпынайдың салған жемісі ірі болуы үшін мұртшаларын қырқып отыру керек. Ал, мұртшалары қырқылмаса, тамырдың бүкіл қуаты соларға кетіп қалып, мәуесі үлкеймейді. Қала берді, мұртшалар тұрған жерінде тамырланып, ағын судың жолын бөгейді. Тамырланған мұртшалардан өсіп шығып, шоғырланып қалған құлпынайды көшет ретінде қазып алып, басқа жүйекке отырғызуға болады. Шаруа қожалық төрағасы құлпынайды жылыжайда да өсіріп көріпті. Бірақ жылыжайда өскен құлпынай мен ашық алқапта өскен құлпынайдың айырмашылығы жер мен көктей дейді. Өйткені, ашық жерде өскен құлпынай тәтті әрі дәмді болады.
Өткен аптада қожалық 30 соттық жерге құлпынайдың жаңа көшеттерін отырғызыпты. Жаңадан отырғызылған құлпынай көшеттері күзге қарай өнім береді деп күтілуде. Құлпынайды тамшылатып суғару әдісі арқылы суғарады. Тамшылатып суғаруға қажетті құрал-жабдықтарды шаруа Шымкент қаласынан алдырыпты.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»