El іshі

«Денсаулық – адам жаны мен тәнінің амандығы»

дейді жас дәрігер

«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді дана халқымыз. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі, тіпті, биік. Әсіресе, медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болады.

Кейіпкеріміз Жалғас Дүйсенбек те адал еңбегімен өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын жас дәрігер.
Жалғас Дүйсенбек 1995 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Машат ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектепте оқып, білім алады. Әкесі Кендебай Дүйсенбекұлы аталған орта мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болса, анасы Шолпан Алмасбекова ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Жалғас Кендебайұлының айтуынша, оның 5 сынып оқып жүргенде жазуы мүлде түсініксіз болған. Сондықтан да ұстаздары «Жалғас, сен өскенде дәрігер боласың!» деп айтады екен. Содан бері Жалғастың дәрігер мамандығына деген қызығушылығы ояна бастайды. Одан бөлек, полиция қызметкері болсам деп те армандайды. Өсе келе Жалғастың ойы өзгеріп, «Адамның бойында ауру қайдан пайда болады? Оны қалай ізін қалдырмай емдеп жазуға болады?» дегендей сұрақтарға жауап іздеп, дәрігер мамандығына қызығушылығы күн өткен сайын жоғарылай береді. Осылайша Жалғас оқуды аяқтаған бойда, Түркістан облыстық Қожа-Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жалпы медицина мамандығына оқуға түседі. Бұл университетте бес жыл, одан әрі Шымкент қаласындағы қазақ-түрік университетінің филиалында екі жыл білім алады.
2019 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң Жуалы аудандық орталық ауруханасынан бір айлық тәжірибден өтіп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен тұрақты жұмысқа қабылданады. Бүгінде Жалғас Дүйсенбек аудандық орталық аурухананың емхана бөлімінде жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс жасайды. Осы ауылдан үй алып, шаңырақ көтереді. Бір реттік жәрдемақыдан да шет қалмайды. Жары Сандуғаш Мүтәлева осы аурухананың перзентхана бөлімінде акушер-гинеколог. Қазіргі таңда екеуінің Кәусар есімді бір қыздары бар.
– Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екені – шындық. «Ауырмай тұрып денсаулығынды бағала» дегенді өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңіруге, олардың өз денсаулығына немқұрайды қарамауға шақырамын. Денсаулық – адам жаны мен тәнінің амандығы. Дені сау адам отбасы үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек. Біз осы мақсатта ерінбей еңбек етіп, талмай жұмыс істеп келеміз. Мен үшін, жалпы дәрігер үшін үлкен марапат – ол халықтың алғысы, – дейді Жалғас Кендебайұлы.
Айта кетерлігі, Жалғас бес жасында мықты ағаш ұстасынан бата алған екен. Сондықтан да жұмыстан қолы қалт еткенде ағаш пен темірден түрлі бұйым жасауды әдетке айналдырған. Кейіпкеріміз осындай хоббиі барлығын мақтанышпен жеткізді, әрі осындай істермен демалатынын да айтты.
Сонымен қатар, медицина саласын жандандыруға, халықтың өмір сүру жасын ұзартуға үлес қосуды алдына мақсат етіп отырғанын жасырмады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close