El іshі

Кәсіп түбі – береке

Сәби аяқ-қолына ие болып, талпынған шағында еңбектей бастайды. Сәби үшін бұл – еңбек. Балабақшада балалар тақпақ жаттайды, әртүрлі ойындар ойнайды. Осы жастағы балалар үшін бұл да еңбек. Мектеп жасында балалар біршама есейеді. Сондықтан қыз балалар үй-ішінің жұмысын, ал ер балалар ата-аналарына қолғабыс жасайды. Мектепті ойдағыдай бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсу үлкен еңбекті қажет етеді. Адам алдына қойған мақсатына тек еңбек арқылы жетеді. Еңбек адамды шынықтырады, шыңдайды. Сондықтан адам өмірінде еңбектенудің маңызы ерекше.
Кәсіп демекші, ертеректе қытайлар бабаларымызға бір дана сабынды бір қойға айырбастапты-мыс. Кәсіптің пайдасын содан-ақ біле беріңіз. Беріректе нарық заманы орнағалы халық та соған бейімделе бастады. Қазір кез келген жастың әңгімесіне құлақ түрсеңіз, «бизнес бастау керек еді, жеке кәсіп ашсам қалай болады?» деген әңгімелерді естисің. Бұл ненің айғағы? Ел нарық заңдылығын, бәсекелестікті барынша сезініп жатыр.
Былтыр Билікөл ауылдық округінде 2019 жылдың қазан айында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқыған азаматтардың 13-і 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған болатын. Қазіргі таңда олар бизнес жоспарлары бойынша қой, ешкі, сиыр, шағын құс фермасы, тігін шеберханасын ашып, осы бағыттардағы жұмыстарын жүргізіп отыр.
Ауылдық округтегі кәсіпке бет бұрған талапты жастың бірі – Ержан Махамбет. Ержан Кәрімұлы отбасында төрт ағайынды. Қарабастау ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепті 2010 жылы бітірген. Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің колледжіне оқуға түсіп, бірінші курсты аяқтаған соң Шығыс Қазақстан облысында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, оқуын қайта жалғастырады. Колледждегі оқуын аяқтаған соң, біраз уақыт құрылыс саласында жұмыс жасайды. Арасында Тараз қаласында «Халық банкінде» күзетші болып та істейді.
-Қалада жұмыс істеп жүргенде ауылды сағынады екенсің. Ауыл – біздің қасиетті мекеніміз. Халқымыздың дана, қайраткер, бір сөзбен айтқанда, ұлтжанды азаматтарының көбісі ауылда туып-өскен. Сондықтан ауылды дамыту, өркендету, кәсіп ашып, шаруашылықты қолға алуымыз қажет. Өзім де осындай мақсатпен ауылға келіп, еңбек етіп жатырмын. Отбасын құрдым. Келіншегім Қанағат Күмісбекова қазіргі таңда ауылдағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте ән-күй пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр, сонымен қатар, қосымша домбыра үйірмесін жүргізеді.
Өзім 2019 жылы елімізде жарияланған Жастар жылы аясында қазан айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жуалы аудандық филиалында «Бизнес Бастау» жобасымен оқып, бизнес жоспарымды сәтті қорғап шығып, сертификат алдым. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан 505 000 теңге қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, қаржы желтоқсан айында қолыма тиді. 505 000 теңгеге 15 бас қой, бір бас қошқар алып, қойларым қазіргі таңда төлдеп жатыр. Кәсібімнің берекелі болуы үшін әрі қарай шаршамай еңбектене беремін. Алдағы уақытта әртүрлі бағдарламалар арқылы мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлемесі аз несие алып, малымды көбейтіп, кәсібімді кеңейтсем деген ойым бар,- дейді жас кәсіпкер Ержан Кәрімұлы.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абай атамыздан қалған сөз бар. Жас болса да адал еңбегімен өз замандастарына үлгі болып жүрген Ержанның кәсіптік бастамасы жақсы. Кәсіптің түбі береке болатынын, жақсы бастама тек қана биіктерге жетелейтінін ол ешқашан есінен шығармайды. Мұндай істе әлбетте береке болатыны анық.

Нұрсұлтан Қазақбаев,
Билікөл ауылдық округінің
жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close