El іshі
Мақсаты – сенім үдесінен шығу
«Жас келсе, іске!» демекші, қай салада болсын аға буын өкілдерінің ізін жалғап келе жатқан жастар қауымы өмірден өз орындарын табуда. Жас маман бар жерде жаңашылдық бар. Әсіресе, ауыл мәдениеті мен әлеуетін көтеруде олардың қоғам үшін қосқан үлестері мол болуы керек. Өйткені, елімізде жастардың таңдауы мен қызығушылығына ерік беріліп, әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Олардың кәсіппен айналысуына, сапалы білім мен тәрбие алуына, таңдаған мамандығының иесі атануына мүмкіндік жасалып, тіпті, ауылдық жерде тұрақтап қалуы үшін де арнайы бағдарламалар қолға алынуда. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы талай жастың жолын ашып, үлкен өмірге қадам бастырғаны белгілі. Жоба аясында жалынды жастар ауыл-ауылдарға жол тартып, бұқара үшін қызмет етіп қана қоймай, өз тұрмысын да түзеуге мүмкіндік алуда.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Ақбөпе Ембердиева «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен баспаналы болған жас маманның бірі. Кітапханашы Билікөл ауылдық округі Жылыбұлақ ауылының тумасы. Қарабастау ауылындағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің түлегі.
Ол Тараз қаласындағы «Тараз» көпсалалы колледжін кітапхана ісі мамандығымен тамамдаған.
Ақбөпе үйдің кенжесі. Әкесі Кенжеқұл Ембердіұлы өмірін ауыл шаруашылығына арнаған механизатор-тракторшы. Кезінде ел қатарлы «Билікөл» совхозында абыройлы еңбек еткен. Ал, анасы Бибіайым Шеңгелбайқызы өмірге бес қыз, үш ұлды әкелген алтын құрсақты ана. Ол 35 жыл бұрынғы «Билікөл» сауда орталығында дүкенші болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда аяулы ана «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларының иегері. Олар ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырып, бейнетінің зейнетін көріп отырғанын айта кеткен жөн.
Оның кітапханашы мамандығын таңдауына анасы түрткі болған. Өйткені, кенже қыздары нағашы жұртына ұқсап, кітапхана ісін меңгерсе деген арманы болған. Осы ана арманын орындаған Ақбөпе қошқараталық Нұрбол Ақышевке тұрмысқа шығып, төрт баланың ата-анасы атанады. Өмірге перзенттер әкеліп, ол бала күтімімен үйде біраз уақыт отырады. Тек балалары өскен соң Тараз қаласында әртүрлі жұмыс істеп, 2017 жылы Жуалы ауданының орталығына көшіп келеді. Осы тұста аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне сол кездегі мекеме басшысы Бақыткүл Қанаева оны кітап қорын өңдеу және жіктеу бөліміне кітапханашы ретінде жұмысқа қабылдап, ұжымда маман болып қалыптасуына септігі тиеді.
Аталған мемлекеттік бағдарламаның ережесі бойынша мәдениет саласына жұмысқа келген жас маманға көмек көрсетіледі. Мұны естіп-білген Ақбөпе құжаттарын жинап, тиісті орындарға өткізіп, бағдарлама аясында баспаналы болуға ниеттенеді. Өйткені, жас отбасы аудан орталығына тұрақтаған соң уақытша жалдамалы пәтерде тұрады. Әрине, әркім өзінің баспанасы болғанын қалайды. Арманы алға жетелеген Ақбөпенің құжаттары 2020 жылдың мамыр айында мақұлданып, ол бір реттік көтерме жәрдемақыны, яғни 175 мың теңгені алады. Одан кейін көп ұзамай артынша 3 млн 976 мың теңге беріліп, олар оған үй сатып алады.
-Бұл ұжымда еңбек еткеніме төрт жылдың жүзі болды. Кітапханадағы аға буын өкілдеріне қарап бой түзеп, ойымызға көп дүние тоқыдық. Кітапхана ісінде алғашында тәжірибием жоқ болғандықтан уақыт өте келе үйреніп кеттім. Анамның үгіттеуімен таңдаған мамандығым бойынша жұмыс істегеніме қуаныштымын. Ал, ауылда үйсіз жүрген біз үшін мемлекет тарапынан қолдау жасалғанына алғысым шексіз. Әр отбасы үшін өзінің баспанасы болу деген ол көңілдің тыныштығы мен берекеңнің болуы. Біз берілген қаражатқа бірден Б.Момышұлы ауылынан үй сатып алдық. Енді баспана үшін алған қаржымызды ай сайын уақтылы төлеп қайтарудамыз. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Ендігі мақсатым – өз ісімнің маманы болып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету. Артылған сенім мен үміттің үдесінен шығу. Өйткені, мемлекет ауылдың мәдениетін көтеретін жастарға сенім білдіріп отыр, – дейді кітапханашы Ақбөпе Кенжеқұлқызы.
Ол талапшыл маман әрі десе тиянақтылықты, ұқыптылықты жақсы көреді. Ұжымда өзіндік орны да бар. Ол жан-жақтылығын көрсетіп, бойындағы өнерімен де ұжымының ортасында ауызбіршілікте еңбек етуде. Ақбөпе ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына арналған облыстық байқауға қатысып, Алғысхатпен марапатталған. Аудандық кітапханашылар арасында сынға түсіп, бас жүлдені жеңіп алған.
Ендеше, жүктелген жауапкершілік пен сенімнің үдесінен шығып, кітапхана ісінің үздігі болуына тілектеспіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»