El іshі

Ауыл күндері қоныс тойға ұласты

Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Жетітөбе ауылдық округінде ауыл күні өтті.
Алдымен біздің тілшілер осы округке қарасты Тасбастау ауылына ат басын тіреді. Себебі мұнда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында күнкөріс деңгейі төмен, жалғызбасты ана Лилия Царскаяға жаңа үйдің кілті табысталып, баспаналы болды.

Толық емес отбасына жататын тұрғынға үй салып беру үшін ауыл тұрғындары бірқатар көмек көрсетіпті. Бұл қуанышқа ауыл ағайындары, жеке кәсіпкерлер тегіс жиналып, жаңа үйдің иелерін құттықтап, ізгі тілектерін жаудырып, тәттіден шашу шашты.
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаевтың сөзінше, ауыл тұрғындары төрт айдың ішінде керекті қаржыны жинақтап, «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылып үйдің құрылысын жүргізген.
– «Отан – отбасынан, отбасы – ошақ қасынан басталады» деген екен дана халқымыз. Ал, сол ошақтың иесі – әйел, ал отбасының иесі – сол үйдің ері. Бүгін міне, көптен күткен қуаныштың куәсі болып отырмыз. Бұл отбасы жаңа, жылы үйге қоныс аударып, «Қоныс тойын» жасап отыр, – деген Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Қанатбекұлы, демеушілерге ерекше алғысын жеткізді.
Бұдан соң, Кәріқорған ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымжан Сатаев, Тасбастау ауылының ақсақалы Шаймерден Шәрденов сөз алып, қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкерлердің есімдерін атап, жаңа үйдің іргетасы мықты, керегесі кең, шаңырағы биік болсын деп тілек білдірді. Сонымен қатар №45 Тасбастау бастауыш мекебінің меңгерушісі Мейрамкүл Сушина мектеп ұжымының атынан үйдің иесіне үлкен кілемді сыйға тартты. Әрі қарай бұл отбасына кілт табысталып, есіктің алдына керілген лента салтанатты түрде қиылып, ауыл тұрғындары үйдің ішіне беттеді.
Үш бөлмелі, еденде жаңа кілемдер төселген, үйдің іші жып-жылы әрі жарық. Ал, үй иесі Лилия Владимирқызының қуанышында шек жоқ. Ол өз сөзінде көмек көрсетіп, қайырымдылық танытқан ізгі ниетті жандарға алғысын айтып, көз жасына ерік берді.
Лилияның екі қызы бар. Бірі осы ауылдағы меткепте 4 сынып оқушысы болса, екіншісі небәрі төрт жаста.
Қоныс тойынан соң ауыл күні Қоңыртөбе ауылының клубында өткізілген «Тәуелсіздік – ән-жырым!» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Клубтың дәлізіне бойлай кітап көрмесі қойылып, сахна тақырыпқа сай безендірілген.
Мерекелік кеш «Аяла» би тобының орындауында «Шашу» биімен ашылды. Әуезді ән мен биден шашу шашылған әсем кешті Алуа Әленова және Шерхан Сауытбек жүргізді. Мұнда сөз алған ауыл әкімі Р.Көсембаев ауылдық округтің жыл қорытындысымен «Жыл үздігі-2021» номинациясымен жеке кәсіпкер, барлық істе белсенділік танытатын азамат Александр Уразовскийге Алғысхат және бағалы сыйлық табыстады. Сонымен қатар осындай белсенді азаматтардың арқасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тұрмысы төмен 30 отбасына азық-түліктей көмек көрсетілгенін тілге тиек етті.
Салтанатты жиыннан соң, №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің спорт залында ауылдық округке қарасты мектептердің ұстаздарының қатысуымен волейбол, гір тасын көтеру және арқан тартыс ойындары өткізілді. Қызықты әрі тартысты өткен сайыста суырылып алға шыққан жеңімпаздардың барлығына ауыл әкімінің атынан дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Иә, халқымыз «Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жер – соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады» деген екен. Дәл тауып айтылған нақыл емес пе?! Ізгілікті шараларды қорытындылай келе ауыл азаматтарының ынтымағы мен бірлігі жарасқан, қайырымдылық десе алдына жан салмайтын жандар екенін анық аңғардық.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close