El іshі
Абай қалдырған із – мәңгілік мұра
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Даналықты көздесең
Жат, тоқып ал көңілге», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, Абай Құнанбайұлы тарихи еңбегімен ерекшеленетін қайталанбас қайраткер тұлға. Елімізде биылғы айтулы даталардың бірі ретінде ұлы ақынның 175 жылдығы тойлануда.
Осы орайда, Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері Гүлзира Рустамова және Анар Жолшыбекованың бірлесіп ұйымдастыруымен Нұрлыкент ауылдық кітапханасында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы…» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Шараға аталған балабақшаның «Бәйтерек» тобынан Нұрасыл Аңсатбай, Сезім Хожаберген, Раяна Ахмад, Іңкәр Аман, Мирас Әлемин, «Айгөлек» тобынан Жанайым Еркін, Асхат Алемин, Милана Резникова, Нұрсезім Қашқынбай, Бағлан Гүлімбай қатысты.
Іс-шарада Абай өлеңін балалар қазақ және орыс тілдерінде жатқа оқыды, шағын көрініс қойылды. Көріністе Мейрамбек Досан Абай рөлін сомдап ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, «Көзімнің қарасы» әні шырқалды. Кеш барысында тәрбиеші А.Жолшыбекова балалардан Абай атамыздың бойынан қандай жақсы қасиет табылатындығын, әлемге қазақ елін танытқан қандай қыры екендігін сұрады. Балалар ұлы ақынның бойындағы қырларын яғни «Абай-ақын», «Абай-дана», «Абай-аудармашы», «Абай-композитор», «Абай-философ», «Абай-жазушы» деп сипаттап, тәрбиешінің сұрақтарына жауап берді. Бүлдіршіндер мерекелік іс-шарадан ерекше алған әсерлері туралы достарымен бөлісті.
Кеште белсенділік танытқан балаларда аталған балабақшаның әдіскері Жанна Әбіханова Алғысхаттармен марапаттады.
Анар Байғазықызы,
«Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі