El іshі
Құрақ құрау, бұл да – бірегей өнер
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы екені даусыз. Бұл мақаласында Елбасы Ұлы дала тарихын философиялық тұрғыдан жаңадан зерделеуге шақырып отыр.
Елбасы: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деп түсіндіреді. Бұл – бүгінгі болмысымызды саралап, болашағымызды бағамдауға арналған мақала. «Ұлы даланың жеті қырының» әрқайсысы әр қазақстандықтың өткеніне үңілуі, қоғамның дамуына қосқан үлесін ой таразысына салуын көздейді.
Жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізге оң көзқараспен қарауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосса, «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашары сөзсіз.
Өткенімізге көз жүгіртсек, ата-бабамыздан бүгінгі күнге дейін жеткен ұлттық салт-дәстүріміз, ойындарымыз, төл өнеріміз төрден орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Әсіресе төл өнерімізді дамытып, заман үлгісіне қарай жаңартып жүрген шеберлеріміздің орны әрдайым бөлек. Қарасаз ауылындағы Меруерт Молдабекова да үйінде отырып, құрақ құрап, қолөнермен айналысуда.
Ісмер Меруерт Тілеуқабылқызы осы ауылдың төл тумасы. Ол А.Пушкин атындағы орта мектепте білім нәрімен сусындап, білім ошағынан түлеп ұшқан. Бала күнінен ата-әжесінің тәрбиесінде болып, ұлттық тәрбиемен сусындаған. Әкесі Тілеуқабыл Молдабеков Карл Маркс совхозында еңбек еткен. Алланың жазуымен кенеттен 53 жасында өмірден өтіп, анасы алты баламен жалғыз қалған. Анасы саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнаған ардақты ұстаз. Өмір бойы ауылдағы білім ошағында бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс істеп, мектеп табалдырығын аттаған балғындарды қанаттандырған.
Ер азаматынан ерте айырылған анасы Дүрия Әмірханқызы ұл-қыздарын қатарынан қалдырмай өсіріп, аяқтандырады. Қара шаңырақтың түтінін түзу түтетіп, өмірлік серігінің ошағын өшірмейді. Бүгінде бұл үйде екі қызымен бірге ел қатарлы ғұмыр кешуде.
Елу жасты алқымдаған Мерует Тілеуқабылқызы ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Оның қайсарлығы мен еңбекқорлығы аяғының ауырғанын ұмыттырып, қолынан тігін машинасын тастамауға жетелейді. Бос уақыты бола қалса, бірден ине-жіп, қайшысын алып, ою ойып, құрақ құрайды. Оның қолынан әдемілігі мен үйлесімділігі орын тапқан көрпелер, көпшіктер, тағы басқа бұйымдар шығады. Көбінесе, құрақ құрауды жаны сүйеді. Ісмердің анасынан қалған ескі тігін машинасы және қазіргі заманауи үлгідегі жаңа тігін машинасы бар.
– Анамның айтуымен бұрынғы қаладағы 8-ші училищеде біржылдық оқуды оқып, тігіншілікті меңгеріп шықтым. Одан кейін ауданға келіп, фабрикаға жұмысқа орналастым. Фабрикада ісмерлермен бірге кілем тоқып, киім тігетінбіз. Кейіннен бұл жұмыстан қол үзіп қалып, көбінесе үйде маталарымды алып, тігін тігетінмін. Бала күнімізде анам қолына тігін машинасын алып, ара-тұра әр нәрселер тігіп отыратын. Әжеміз де ісмер кісі болса керек. Маған өнер нағашыларымнан дарыған.
Менің өмірімнің мәні құрағым, қолөнерім. Тігін машинасына отыра кетсем, барлық нәрсені ұмытамын. Ісімнен жаным жайлылық табады. Бір отырсам, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізіп, аяқтап шығамын. Маған ши құрақты көрпелер ұнайды. Еңбекті, төзімділікті қажет еткенімен, нәтижесінде көздің жауын алатындай дүние шығады. Қиын болса да, сәнді әрі пайдалы зат туындайды. Ши құрақтың әр бөлігінің пішіні бірдей болуы тиіс. Бірінен-бірі асып кетпеуі немесе кем болмауы қажет. Мен ондай ұсақ-түйектерге қатты мән беремін. Барлығын әдемілеп қиып, тепе-теңдігін үйлестіремін. Үйлесім тапқан зат үйге де ерекше сән береді. Сары, көк, жасыл, қызғылт түстерді қолданғанды жөн санаймын.
Маталарды Тараз қаласынан алып келеміз. Кейде денсаулығым болмай матаны әкеле алмасам, бауырларым жеткізіп береді. Қазіргі уақыттың талабына сай ескіні жаңартып, түрлендіріп отыруымыз қажет. Әр жылда көрпенің әртүрлі сәні болады. Соған қарап, көпшіліктің сұранысын жаңаша үлгіде жасауымыз керек. Ол үшін қолым қалт етсе, Instagram әлеуметтік желісіндегі пайдалы ақпараттарды іздеп, сақтап отырамын, – дейді ісмер Меруерт Тілеуқабылқызы.
Адамда арман таусылады ма шіркін?! Әрине, жоқ. Әсіресе, денсаулықтың қадірін жақсы ұғынатын Мерует Тілеуқабылқызы үшін ең бірінші кезекте аяғына жасалатын отаның сәтті өтуі. Аяғын нық басып кетсе, өнерін дамытып, керекті заттарын өзі алып келуді армандайды. Түрлі қолөнер конкурстарына қатысып, жан-жақты болуды, жаңашылдықты қалайды.
– Жаңашылдық арқылы ескіміз дамиды, жаңарады. Жаңару арқылы ескіміз жоғалып кетпей, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Құрақ құрау өнері қазақ халқында ерекше мәнге ие болған. Бұл өнер өте ерте заманнан келе жатыр. Әжелеріміз мата қиындысының қалдықтарын қалдырмай, іске жаратып отырған. Ысырапшылдыққа жол бермеген. Түрлі наным-сенімдерге негізделіп, жамандықтан сақтану үшін де құрақ құраған. Байқасаңыз құрақ құрау арқылы біз халқымыздың этикасын, сұлулығын, түстер үйлесім тапқан әдемілікті аңғаруға болады. Қиюын қиыстырып, тігісін тегіс тігіп, әдемілікті көпшілікке сыйлай білу үшін асқан шеберлік керек. Бұл үлкен еңбекті, өнерді талап етеді. Мен де осы ескінің көзі болып жеткен құрақ құрауды меңгеріп, жоғалып кетпеуіне септігім тиіп отырғанына қуаныштымын, – дейді ісмер.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»