El іshі
БЕРІК ҰСТАНАТЫН ҚАҒИДАТТАР
“Nur Otan” партиясы Жуалы аудандық филиалының жанынан құрылған ақпараттық топ мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Елдіктің жеті тұғыры” атты үндеуін насихаттауда. Өткен жұмада ақпараттық топ мүшелері Қарасаз ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиынға Қалды Байрамов және Зиядхан Бүрлібаев қатысты.
Кездесуде аудандық мәслихаттың депутаты Қалды Байрамов Елбасының “Елдіктің жеті тұғыры” қағидатына айтылған әрбір жеті тұғырға кеңінен тоқталды.
-Бұл маңызды құжатта еліміздің болашағы – жастарға көптеген өсиеттер мен ақыл-кеңестер айтылды. “Қай кезеңде де бізге үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет” дегенінің өзін өнеге санаймыз. Біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Осы ширек ғасырдан астам уақытта Қазақ елін әлем жұртшылығы танып, қуатты мемлекеттің біріне айналдық, берекесі мен бірлігі бекем қоғам құрдық. Міне, осы құндылықтарымызды сақтап қалу кейінгі ұрпақтың парызы деп білеміз.
“Елдіктің жеті тұғыры” атты қағидаттар жиынтығының халқымыз үшін, әсіресе жас ұрпақ үшін маңызы зор. Біз үшін орындалуы аманат, міндет. Бұл қағидаттар – болашағы жарқын, рухы асқақ ұрпақтың ұраны. Біздің алдымызда аталған қағидаттардан туындайтын үлкен міндет тұр.
Тәуелсіздік – бәрінен де қымбат құндылық. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ата-бабамыздан қалған кең-байтақ жерімізді қорғап, ұрпағымызды мәдениетті, білімді әрі бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыруымыз керек. Ата-бабамыз салған сара жолмен жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен келген Тәуелсіздіктің қадірін білуіміз қажет. Ол үшін әрбір азамат өз елінің патриоты болғаны абзал. Отанды сүю – ең басты парызымыз, – деді Қалды Байрамов
Одан кейін сөз кезегі аудандық мәслихаттың депутаты Зиядхан Бүрлібаевқа берілді. Ол жиынға қатысушыларға Кеңес үкіметі тұсындағы және еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы халықтың жағдайы мен бүгінгі жағдайын салыстырмалы түрде әңгімеледі. Яғни, тәуелсіздіктің арқасында ескіміз жаңғырып, өшкеніміз жанып, дамудың даңғыл жолына түскеніміз жөнінде сөз қозғады. Жастарға өмірде өз орындарын тауып, өз мамандықтарының иесі, білімді әрі жан-жақты болуға шақырды. Тәуелсіздігімізді бағалап, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін күш салуға үндеді.
Жиынды Қ.Байрамов қорытындылады.
«Жаңа өмір»- ақпарат