El іshі

Жас ақындар хас батырды жырға қосты

«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар, сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде» деп жырлаған қайран Баукең, қазақ халқының хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына ағымдағы жылдың 24 желтоқсанында 110 жыл толмақ. Оның үстіне, Батыр Баукеңнің өзі бастан-аяқ қатысқан Ұлы Отан соғысындағы ерліктері, қол бастаудағы ешбір командирге ұқсамайтын батылдығы туралы аңызға бергісіз әңгімелер, өлең-жырлар ел ішінде өте көп.

Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойына орай аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Талапты ауылдық клубында «Мен Бауыржанды жырлаймын!» атты жас ақындар арасындағы аудандық мүшәйра өткізілді.
Шараның мақсаты – халқы сүйген хас Батырдың ерлігі мен қолбасшылық қасиеттерін, ұлттық ұстанымдарға беріктігін жас ақындардың жыр жолдары арқылы жалпыхалықтық құрметке бөлеп, ұлт мақтанышына айналдыру.
Талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беру. Дарынды жастарды анықтау және олар үшін көпшілікке шеберлігін көрсетуге мүмкіндік жасау. Поэзия және оны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау.
Шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов сөз сөйлеп ашып, іс-шараның мақсаттары мен өткізілу барысын айтып өтіп, мүшәйраға қатысушы жас ақындарға сәттілік тіледі. Мүшәйрада 14-29 жас аралығындағы 20-ға жуық қатысушы «Мен Бауыржанды жырлаймын!» тақырыбында қазақтың хас батырына арнаған өз өлеңдерін оқыды. Қатысушы үміткерлер негізінен жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының қайталанбас өр тұлғасын, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаһармандық ерлігі мен қайсар қолбасшылық қасиеттерін, сондай-ақ, жазушылық бейнесін жан-жақты ашып көрсетуге тырысты. Байқауға ауданнан 20 үміткер қатысып, бақтарын сынады.
Жас ақындардың өнерін аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары Н.Дербісалиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары А.Жолдасов және аудандық «Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының» бөлім меңгерушісі, танымал өнерпаз Г.Кашкеева әділ бағалады.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, хас Батырдың 110 жылдығына арналған бұл аудандық мүшәйраға оқушылармен қатар, аудан мектептерінде ұстаздық етіп жүрген 29 жасқа толмаған үміткерлер де қатысты. Әлбетте, қалам ұстап, өлең жазу жағынан біршама тәжірибе жинақтаған жас ұстаздардың өнерін оқушылармен салыстыруға келмес. Өлеңдерді бағалау барысында осыған да баса назар аударылды.
Қазылар алқасының шешімімен №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Дильназ Бейсембек І орынды иеленсе, II орынды №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Жанел Тұрдалы, III орынды №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Аружан Әзімбай қанжығасына байлады. Сондай-ақ, «Алтын қалам» номинациясымен «Білімді ұрпақ» оқу орталығының менеджері Ақмарал Рахметова, «Үздік жас ақын» номинациясына №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 6 «А» сынып оқушысы Еркеназ Қонысбай лайық деп танылды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close