El іshі

Жуалының да өз «Korzinka»-cы болады

Тараз қаласында және облыс аудандарында кең таралған дүкендер желісі бар «Korzinka» көтерме маркеті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылынан да жаңа сауда орталығын ашты. Тиісті талаптарға сай безендірілген екі қабаттан тұратын ғимарат үшін Жақсыбек Ортаев басқаратын «АгроАзық-түлікнанмен жабдықтау» ЖШС-нің бұрынғы астық қамбасы болған аумақтан жер бөлініп, құрылысы биыл жазда басталып, санаулы айлар ішінде аяқталды.

Көтерме маркеттің ашылу салтанатына аудан басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен ауыл жұртшылығы жиылды. Жиында сөз алған облыстың және ауданның Құрметті азаматы Жарас Мұратай кәсіпкердің бұл игі бастамасына қолдау білдіріп, ісінің сәтті де табысты болуын тіледі.
Жаңа сауда орталығының лентасын облыстың және ауданның Құрметті азаматы Жарас Мұратаймен бірге ауданның бұрынғы басшысы Батырбек Құлекеев пен Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қиды.
Тұтынушылар сауда павильондарына кіріп, алғашқы саудасын жасап үлгерді. Мұнда барлық азық-түлік өнімдері, жеміс-жидектер, сүт және сүт өнімдері мен шаруашылық заттары, әлеуметтік тауарлар жеңілдік бағамен сатылуда. Дүкен иелерінің айтуынша, тауарлар бағасы әр екі апта сайын жаңарып отырады. Одан бөлек, әр тауар түрлеріне брендіне қарай жүйелі жеңілдіктер қарастырылады.
Дүкеннің алдында келушілердің автокөлігіне арналған арнайы тұрақ салынған. Екінші қабатына танымал тұрмыстық техникалар бренді «Sulpak» орналасқан.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close