El іshі

Таза ауызсу мәселесі шешімін табуда

Ауданымызда таза ауызсу мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені, кейбір елді мекендерде кеңестік заманнан қалған ескі құбылар ескіріп, жарамсыз болып қалған. Ал, кейбір жерлерде су тапшылығы сезіліп, тұрғындар таза ауызсуға зәру болуда. Бұл мәселені аудан әкімі Олжас Қаржауов назарға алып, биылғы жылы біршама жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен 30 млн-ға жуық қаржы бөлініп, ол су тапшылығы мәселесін жоюға жұмылдырылуда. Өңір басшысының тікелей тапсырмасымен ескі құбырлар ағымдағы жөндеуден өткізілуде.

Көлбастаулық тұрғындар су тапшылығын көресіндей-ақ көруде. Тұрғындардың аулаларына көктем айынан бастап қара күзге дейін су келмей, әбігерге түскеніне он жылдай уақыт болған. Әсіресе, жаздың күндері судың тапшылығы бірден сезіледі. Елді мекен тұрғындары таза ауызсу мәселесін жыл сайын көтеріп, мәселелерінің шешімін шешіп беруді сұрап келеді. Міне, бұл мәселе биыл өз шешімін кезең-кезеңімен тауып, ауылға су келуде.
Осыдан бір айы бұрын шамасында Көлбастау ауылының Д.Қонаев, Қ.Рысқұлбеков көшелерінің жоғарғы бөліктерінде ауызсу құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар ауызсу құбырларын ауласына кіргізіп, су есептегіш құрылғылар орнатылған. Ал, өткен аптада Қ.Рысқұлбеков көшесінің жоғарғы жағынан ұңғыма қазылып, іске қосылды.
Міне, осы жүргізілген құрылыс жұмыстарының басында болып, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайттық. Мұнда 150 метр тереңдікте ұңғыма қазылып, 100 метрге жуық су құбырлары жалғанып, ол су толтыру бассейіне қосылған. Судың көлемі де жақсы. Құбырдың ішінен судың сыңғырлаған даусы мен жылдамдығын естуге болады. Айналасында әлі де бірқатар жұмыстар атқарылуда.
-Жаз мезгілінде аудан көлемінде су тапшылығы сезіледі. Оған бірден себеп – аудан халқының санының көбеюі, аула санының өсуі, қолдану аясының артуы. Көлбастау ауылындағы су тапшылығын жою мақсатында ұңғыманың құрылысын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Қазіргі таңда бұл қосымша су Д.Қонаев, Д.Ковешников, Б.Майлин, Қ.Рысқұлбеков, Б.Момышұлы көшелеріне жіберілді. Яғни, 500-ге тарта тұрғын үй сумен қамтамасыз етілуде. Ұңғымадағы су бассейінге қосылды. Негізінен су бассейнге толмай, көп мөлшерде жиналмай су тапшылығын тудыратын. Енді, міне, сапалы су шығып, ауыл тұрғындарын қуантудамыз. Әлі де реттеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық реттеу жұмыстары аяқталса, Көлбастау ауылындағы су тапшылығы мәселесі өз шешімін табады.
Алдағы уақытта Б.Момышұлы, Ә.Рысбек көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Қайрат ауылынан да ұңғыма қазылуда. Сонымен бірге, қазіргі таңда 600-ге жуық су есептегіш құрылғылары орнатылды. Бұл жұмыстар да әлі де жалғасын табуда, – дейді «Жуалы-су» мекемесінің басшысы Қуаныш Болысбаев.
Ұңғымадағы су 15 шілдені күні іске қосылды. Бұл қуанышты жағдайға ондаған жыл бойы су тапшылығын көрген көлбастаулықтар дән риза.
Біз Қ.Рысқұлбеков көшесінің тұрғыны Нұркен Сыздықбаевтың ауласына кіріп, судың көлемін көріп, шын мәнінде ауылға таза ауызсу келгеніне көз жеткіздік.
-«Су – тіршіліктің көзі. Осы тіршілігіміздің мәнісі енді кіргендей болып отыр. Өйткені, қаншама жылдар бойы су жетпей, жан-жақтан су тасып ішіп келеміз. Қалай жаз мезгілі келді. Су келмейді. Тек қыркүйек айының аяғына қарай су берілетін. Міне, биыл құбырлар жөнделіп, үйге жаңа құбырлармен су кіргізіп алдық. Есік алдында және үйдің ішінде де таза ауызсу ағып тұр. Су есептегіш құрылғысын да орнатып алдық. Осындай игі іс жасалып, ауылдықтарды қуантқанына ризамыз, – дейді Нұркен Аманұлы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close