El іshі

Облыс орталығына саяхаттады

Жақында Қарасаз ауылдық округінің бір топ ардагерлері облыс орталығындағы бірнеше киелі жерлерге зиярат етіп, өңірімізде жаңадан бой көтерген мәдени ошақтарын көріп қайтты. Бұл топсаяхат Қарасаз ауылының имамы Асқар Назарбековтың ұйытқы болуымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
-Біздің мақсатымыз – өлкеміздің киелі жерлерімен танысу, ардагерлердің уақыттарын тиімді пайдалану болып табылады. Осы мақсатта жыл сайын бір рет еліміздің басқа да облыстарына және өзіміздің ауданның киелі жерлеріне баруды ұйымдастырып отырамыз. Әр жердің тарихы және киелі жерлері туралы молынан мәлімет аламыз. Бір жағынан сергіп, демалып қайтамыз. Биылғы жылы облысымыздағы киелі жерлерге, яғни Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан баба, Дәуітбек ата және Тектұрмас баба басына барып, құран оқыдық. Одан кейін өткен жылы облысымызда жаңадан ашылған мәдени ошақтармен таныстық.
Облысымыздың 80 жылдығына 80 ғимарат бой көтеріп ашылғанынан хабардар болдық. «Шахристан», «Көне Тараз», Қазақстан халық Ассамблеясы мекемесі, тарихи-өлкетану музейлеріне кіріп, ішін араладық. Бұл нысандардың барлығы облысымызды ерекшелендіріп, мұнда келген адамдарға өңір тарихы туралы сыр шертетіні белгілі.
Ал өткен жылы осы мақсатта Түркістан облысына сапарлап қайтсақ, биылғы жылы көктем айларында тағы да осындай топсаяхат ұйымдастыру жоспарымызда бар, – дейді Қарасаз ауылының тұрғыны, зейнеткер Есімхан Сеңгірбаев.

Таңдаулы материалдар

Close