El іshі

Ақыл – жастан, асыл – тастан!

Диқан ауылы жастарының игілікті істері көпке үлгі

«Өз ұлтын сүймеу, оны мақтаныш етпеу – сатқындық» деген екен Батыр Бауыржан Момышұлы. Сол сияқты өз ұлтын, өзінің туған жерін, туған ауылын сүймейтін адам сирек шығар. Әсіресе біздің қазақ халқында. Бұл туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»,- деген ұлағатты сөзінен жастарға үлкен сенім жүгі артылып отырғанын байқауға болады.

Сонымен бірге, Елбасы аталған мақалада туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі деп атап өтті.

Осы орайда біз де ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылында да Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған міндеттердің жоғары деңгейде орындалып жатқанын айтқымыз келіп отыр. 150-ге жуық түтіні бар Диқан ауылы ежелден ынтымағы берік, бірлігі бекем елді мекендердің бірі саналады. Негізінен атакәсіппен айналысып, оның ішінде егін және мал шаруашылығы қатар дамыған ауылдағы ағайын-туыстың арасындағы ынтымақ-бірлік туралы газетімізде бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Бұл жолы «Менің ауылым – менің мақтанышым!» атты айдармен ауыл жастарының атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімелемекпіз.

Диқан ауылы тұрғындарының дені жастар. «Жас келсе, іске!» демекші, ауылдағы атқарылып жатқан көпшілік іс-шаралардың барлығында алдыңғы қатарда көбінесе жастар жүреді. Бұл әрине, ең алдымен ұрпақтар сабақтастығының жемісі. Ауыл жастары алдыңғы толқынның сөзін жерге тастап, екі еткен кездері болған емес дегенді алға тартады ауылдың ағалары.

Имандылықты берік ұстанып, асыл дініміз Исламды аса құрметтегендіктен болар, ауыл қарияларының ақыл-кеңестерімен диқандықтар 2011 жылы аталған ауылда мешіттің іргетасын қалап, оны 2013 жылы пайдалануға берген болатын. Алла үйінің ашылуына қатысқан қалың жұртшылық та сол жолы Диқан ауылы азаматтарының ынтымақ-бірлігін жаңа қырынан байқады. Ынтымағы жарасқан ауылда одан кейін де талай-талай игілікті істердің жалғасып келе жатқаны көңіл қуантады. Ұмытпасақ, былтыр ауыл жастары өзара ақылдаса келе, ауылдағы жалғызбасты ана, марқұм З.Есімбекованың үйінің шатырын, есік-терезелерін ауыстырып, біршама жөндеу жұмыстарын өз күштерімен атқарып берген еді. Санамалай берсеңіз, бұл ауылда мұндай қайырымды істер өте көп.

Былтыр ауыл жастары аудандық қатты қалдықтар тастайтын полигонға баратын ұзындығы үш шақырымнан астам жолға құмшағал төсеп, сонымен бірге, ауылдың тұсынан өтіп жатқан теміржолдың көлік және мал өтетін көпіріне өз күштерімен ағымды жөндеу жүргізгендерін айтады.

Ауылда ат спорты ойындары мен футбол жақсы дамыған. Алдыңғы толқын көкпаршыларды айтпағанның өзінде, жас шабандоздардан Құлажан Тоғайбаевтың спорттағы жоғары жетістіктерін спортсүйер қауымның білмеуі мүмкін емес. Құлажан ұзақ жылдар Жамбыл облыстық «Әулие-Ата» көкпар клубында өнер көрсете жүріп, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы болды. Көкпардан Азия және Әлем чемпионаттарына ұлттық құрама сапында қатысып, чемпион атанды. Көкпардан І Азия чемпионатының жеңімпазы, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының күміс жүлдегері. ҚР Ұлттық спорт түрлері фестивалінің жеңімпазы, көкпардан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының шешімімен Құлажан Тоғайбаевқа көкпардағы жоғары жетістіктері үшін «Алтын тұғыр» сыйлығы берілді. Облыс орталығы Тараз қаласында орнатылған «Даңқты спортшылар» алаңына көкпаршының есімі алтын әріптермен жазылды.

Қазір Құлажанның жолын ауылдан шыққан жас шабандоз Азамат Құлжан жалғастырып келеді. Ол қазір облыстық жастар құрамасының белді мүшесі. Иә, ұлттық ойынымыз көкпар өз алдына. Диқан ауылында бірнеше рет көкпардан аудандық турнир ұйымдастырылды. Ауыл жастары үшін көкпар тартудан, оны үйренуден ешқандай проблема жоқ. Ауыл жастарының ендігі тілегі – жаздық спорт алаңшасы салынса дейді. Олар футбол алаңшасын өз күштерімен салуға талпынып көрген. Оған ауыл маңынан арнайы орын да қарастырып қойыпты. Тек қана бұл бастаманы қолдауға ауылдық округтің әкімшілігі немесе аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.

«Ауылым – алтын бесігім» деп білетін әр жылдары туған ауыл жастарының басқа да игілікті істерін үлгі етуімізге болады. Мысалы, Диқан ауылына кіреберістегі арканы 1978 жылы туған түлектер 20 жылдық кездесулеріне орай сыйға тартқан екен.

Ауыл жастары бізбен әңгімесінде биыл мешіттің жанынан ұзындығы 23, ені 7 метр болатын асхана құрылысын бастағандарын айтады. Асхананың ішінде құдайы тамақ тарататын орын мен үлкен ас дайындайтын бөлме, тағы басқа бөлмелер қарастырылған. Көпшілікке арналған бұл орын келер жылы пайдалануға берілмек.

Диқан жастарымен әңгіме барысында олардың атқарған жұмыстары туған ауылына деген жанашырлықтан туып отырған әрекет екенін байқағандаймыз. Әрине, бұл жұмыстардың басы-қасында ұйытқы болып Данияр Олжабаев, Санат Айнақұлов, Нұрлан Сармұрзин, Таңат Ешенқұл, Саят Батырбаев сияқты белсенді жанашыр жастардың жүргенінін айтуымыз қажет.

Диқан ауылының аға буын азаматтары ауылда өсім бар екенін айтып, үй-жай салуға жер учакелері берілмегендіктен жастардың көбісі қалаға, аудан орталығына кетіп жатқанын да тілге тиек етіп қалды. Сонымен бірге, бұл ауылда ұялы байланыс пен сапалы интернет мәселесі де үлкен проблема. Диқандықтар аудан орталығына жақын тұрсақ та кейде заманның көшінен қалып барамыз дейді. Иә, бұл ауылда интернет мәселесінің түпкілікті шешімін табатын уақыты жеткен сияқты. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан бұған дейін де көтерілген.

«Менің ауылым – менің мақтанышым!» деп білетін талабы таудай диқандық жастардың бастамаларына көмек-қолдау қажет-ақ.

 

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close