El іshі

«Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір»

қошқараталық «Серік» шаруа қожалығы Шопан ата төлін өсіріп отыр

Иә, Кеңес Одағы тұсында, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарындағы еңбек майданында шыңдалып, даңқ пен құрметке бөленген еңбек озаттары арамызда аз емес. Осынау еңбек майданының майталмандарына қандай сый-құрмет жасалса да артық етпейді. Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекесіне байланысты аудандық басылым бетінде еңбек майталмандарын, оның ішінде өзінің туған ауылы, қала берді аудан экономикасының өркендеп, өсуіне сүбелі үлес қосып отырған азаматтарды көпшілікке үлгі-өнеге етуді мақсат тұтып отырмыз. Қасиетті Жуалы ауданының ырыс қазанын тасытып жүрген мұндай үлгілі отбасылар, шаруашылығын шалқытып отырған азаматтар жетерлік. «Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен берекелі тірліктің айнымас қағидалары ауадай қажет екені бесенеден белгілі.
Тәуелсіздік –Тәңірден жеткен тәтті сый. Тәуелсіздік – біздің қасиетті тұмарымыз. Тәуелсіздік біздің халқымызға көптеген игіліктерді сыйлады. Осы жылдар бедерінде мемлекетіміздің мерейі өскені, экономикасының өрлегені, халық тұрмысының артып келе жатқаны бүгінде шыққан күндей шындық. Одан соң тұрғындардың өз алдына шаруа қожалығын ашып, дербес тірлік жасауына да мол мүмкіндіктер туды. Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтары аудан орталығынан шалғайда жатқан Қошқарата ауылдық округінде де баршылық. Қошқарата ауылдық округі халық саны және елді мекен саны жағынан аудандағы шағын елдімекендердің бірі саналады. Бұрыннан-ақ мал және егін шаруашылығы «құстың қос қанатындай» қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары заманауи шаруашылық пен кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Округ шаруалары ақ егістің және мал азығына қажетті көпжылдық шөптің, сонымен бірге мақсары дақылының көлемін ұлғайтып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» демекші, округке қарасты Қызтоған ауылындағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналатын «Серік» шаруа қожалығының жұмысы көпке үлгі боларлықтай. Аталған шаруашылық 2000-шы жылдардың басында құрылған. Қожалық Әбдіқадыровтар отбасының кіші ұлы Серіктің атымен аталғанымен тірліктің барлығын отағасы Мейрамбек Бәйменұлымен қатар балалары да ұйымдасып атқарып отыр.
Бүгінде шаруасы шалқыған шаруа қожалық басшысы Мейрамбек ағаның алғашқы еңбек жолы бұрынғы «ХХІ партсъезд» атындағы колхоздан басталады. Ол осында 10 жылға жуық қой бағады. Мұнда ол еңбекқорлығының арқасында Шопан ата төлінің басын көбейтуге мол үлес қосады.
-Атакәсіптің дамуы біз сияқты мал бағып, күнделікті шаруаның жайын күйттеген ауылдағы қарапайым еңбек адамдарына тікелей байланысты. Біле білгенге, мал бағу оңай жұмыс емес. 1987 жылы колхозға жұмысшы болып кіріп, алғашында бес жыл бойы Аралтөбе жайлауында ұжымшардың тоқтысын бақтым. Кеңес Одағы ыдырап, ауылдағы ұжым қайта құрылған тұста ұжымшар басшылығы маған бір отар саулық қойды сеніп тапсырды. Қиыншылықтың барлығына төтеп бердік. Малшының күнделікті өмірі мал баққан қазақтың қай баласына да таныс жағдай. Табиғаттың қары бар, жауыны, аязы бар бәріне асқан төзімділікпен шыдай білдік. Еңбек жалғыз менікі демеймін. Құдай қосқан жарым Ұлбосын Сүлейменова екеуміз ынтымақтасып тірлік жасап, еңбек майданында кездескен қиыншылықтардың барлығын бірге еңсеріп келеміз. Алдымызда әлі де қыруар жұмыстар бар. Еңбек етіп, мал баққаннан жаман болған жеріміз жоқ. Ауыл-аймаққа сыйлы азамат атанып жүрміз. Колхоз толықтай тараған соң 2000-шы жылдардың басында отбасымызбен ақылдаса келе өз алдымызға шаруа қожалығын аштық. Оның жұмысын бүгінде балаларымызбен жүргізіп отырмыз. Құдайға шүкір, тірлігіміз жаман емес. Шаруа қожалық иелігінде бар-жоғы 17 гектар егістік жеріміз бар. Оған жоңышқа егіледі,- дейді шаруашылық басшысы Мейрамбек Әбдіқадыров.
Қандай бір істі бастау үшін, шаруашылық жұмысын жүргізу үшін мемлекет қолдауы аса қажет-ақ. Алайда бұрыннан малдың жайын біліп, кәсіптің көзін тапқан Мейрамбек Әбдіқадыровтың отбасы ешқандай несие алмай-ақ шаруашылық жұмысын өз күштерімен жүргізіп отыр. Тек осыдан біраз жыл бұрын инфрақұрылымды дамыту мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге көлемінде несие алған. Бұл қаржыға ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын топырақ жолға құмшағал төселген екен. Бар болғаны осы. Бұл шаруашылық одан басқа несие алмапты.
Қазақ халқы қай заманда да төрт түлікті байлық санаған. Заманымыз қаншалықты дамығанымен халқымыздың күнделікті тұрмысын төрт түліксіз елестету мүмкін емес сияқты. Шаруашылық үшін малға жем-шөп дайындау жұмысы да аса маңызға ие екені белгілі. Шаруашылық мал азығын да өз күштерімен дайындайды. Қожалық иелігінде «МТЗ-952» маркалы тракторы, соқа, дән сепкішімен бар. Қолда бар осы техникамен-ақ науқан кезінде жұмыссыз ауылдастарын көмекке шақырып, малдың қыстық азығын дайындап алады. Қой қырқын, мал тоғыту, шаруашылықтың қысы-жазы таусылмайтын жұмыстарына да ауылдастары көмекке келеді.
-Әкеміз Бәймен Әбдіқадырұлы колхозда табаны күректей 30 жыл механизатор болып жұмыс істеген еңбек озаты. Анамыз Аманкүл екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Бәрімізді еңбекке, адал кәсіпке тәрбиелеп өсірді. Жақсы тәрбиенің арқасында қазір ағайындылар бір-бір үйдің егесі болып отырған жайымыз бар. Менің де негізгі мамандығым жүргізуші. Алайда өмір жолы мені атакәсіпке қарай бұрды. Бұл да тағдырдың маған берген сыйы шығар. Отбасымызда Ұлбосын Сатанқызы екеуміз екі ұл, бір қыз тәрбиеледік. Үлкен ұлым Ермек сот орындаушы болып жұмыс жасаса, кіші ұлым Серік өзімнің жолымды жалғастырып келеді. Ұлымның ауыл шаруашылығына жақын болып өсіп келе жатқанына қуанамын. Қызым Жұлдыз да өз мамандығымен жұмыс істейді. Құдайдың берген нәсібесін адал еңбекпен тауып, балаларымызға да осыны үнемі айтып отырамыз. Шүкір дейміз, ұл-қызымнан бес немере сүйдім.
Мұның бәрі төл тәуелсіздігіміз бен еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің арқасы. Ұлттық құндылықтарды сақтап, халық болып төл тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсуіміз керек. Тұрақтылық болса еліміз ары қарай өсіп, өркендей беретініне кәміл сенемін,- дейді Мейрамбек аға бізбен әңгімелесу барысында.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деп Әйтеке би бабамыз өсиет еткендей, бүгінде кең жайлауда 700-ге жуық ақтылы қой өргізіп, ірі қара мен жылқы малын бордақылаумен айналысып келе жатқан «Серік» шаруа қожалығы ауылдық округтегі қайырымдылық шараларынан тыс қалып көрген емес. Үш адамды қысы-жазы тұрақты жұмыспен де қамтып отыр. Мұндай игілікті, қайырымды жұмыстар қашанда көпшілікке үлгі-өнеге. Еңбекпен есейіп, шаруашылығын шалқытып, іргесін берік ұстап отырған Әбдіқадыровтай өнегелі, еңбекқор отбасылар ғана тәуелсіздікті тұғырлы етпек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close