El іshі

Ғашық көңіл – мәңгі жасыл айдын көл

Қазақтың қаламы қарымды қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді. Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету – одан да қымбат» деп, екі жастың арасындағы кіршіксіз сезім мен өзара сыйластығын, арақатынас беріктігін бірауыз сөзбен жеткізсе керек.

Ал, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев «Махаббатсыз дүние бос» деп жырға қосуы арқылы жігіт пен қыз арасындағы әсіре қызғушылықты емес, ардың ісі болатын адал махаббатты айтып отырса керек. Иә, махаббат – ұлы сезім. Үлкен ұлы махаббат жан дүниесі кіршіксіз, рухы биік жандарда ғана болады. Сондықтан да махаббат та ақыл-ойы терең, адамгершілігі жоғары сатыдағы, махаббатты құрметтеп, қадірлей білетін пенделерге таңдап қонатын бақ.
Біз мектеп қабырғасында оқып жүрген жылдары 14 ақпан – Әулие Валентин күні мерекелік шара ұйымдастырылып, оқушылар бір-біріне игі тілектері жазылған жүрекшелер беретін. Арнайы жәшік қойылып, соның ішіне ғашық жандардың сезімін білдіру хаттары салынып, кеш соңында ең көп жүрекше жинаған жанға табысталатын. Ол кезде бұл мерекенің біздің менталитемізге, салт-санамызға қарама-қайшы келетінін білмейтінбіз.
Кейіннен арнаулы орта оқу орнына түскенімізде де, бұл күнді жастар атап өтетін. Уақыт өте келе, жастардың арасында бұл мереке туралы кеңінен түсіндіріліп, жаңа ғашықтар күні енгізілгені туралы насихатталды. Содан бері Валентин күні жастар арасында ұмытылып, қайта ұлттық салт-дәстүрімізге қарама-қайшы келмейтін 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні енгізілді. Олардың құрметіне, махаббаттың символы ретінде ескерткіштер орнатыла бастады. Өйткені, бүкіл әлемді сүйіспеншілікке бөлеген ұлы сезім махаббат күнін жастар қауымы лайықты атап өтуді жөн санайды.
Қазіргі таңда жыл сайын бұл мереке 15 сәуір күні аталып өтіледі. Мәңгілік махаббат символына айналған Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық Ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты датасы көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. Мәселен, Таразда 15 сәуір — Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні, Семейде 11 наурыз – Баян күні, ал Қызылордада 19 мамыр – Қозы күні аталсын деп әркім әр жаққа тартты.
2011 жылы Алматы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.
Мерекелік күнтізбеге енгізілгеніне 10 жылдың жүзі болған Ғашықтар күні қарсаңында ауданымыздағы бір-бірімен үйлесім тапқан жұптарды әңгімеге тартқан болатынбыз. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері неізінен бір мекемеде жұмыс істей жүріп табысқан жас отбасылар. Өмірде де, қызметте де бірге жүрген бұл жұптарды көріп, сырттай тамсанасың. Таңертең бірге бір мекемеге кіріп, өзара түсіністікте, сыйластықта еңбек етіп жүрген олардың сүйіспеншілігі көпке үлгі боларлықтай.
Аудан әкімінің бас инспекторы Нұрсұлтан Совет пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынованың отау құрғандарына алты ай болыпты. Олар қазіргі таңда ата-аналарымен бірге Кәріқорған ауылында тұрады. Нұрсұлтан Алматы облысының тумасы, ал Айсұлу Қайрат ауылында дүниеге келген.
– Мен 2019 жылдың аяғында Жетітөбе ауылдық округі әкімдігінен аудандық әкімдікке қызмет бабымен ауысып келдім. Айсұлуға сол кезде бірден таңдауым түскен болатын. Бастапқыда тек жұмыс барысында әріптес ретінде сөйлесіп жүрдік. Ал, 2020 жылдың шілде айында жақынырақ танысу мақсатында кездесуге шақырдым. Әрі қарай өзара түсінісуіміз жақсы өрбіп, ұсыныс білдіріп, небәрі екі айдың ішінде үйленуге шешім қабылдадық.
Болашаққа деген армандарымыз, жоспарларымыз әрине көп. Армандарымызды мақсатымызға айналдыра білсек, оның орындалары сөзсіз. Ол үшін тек еңбектеніп, бір-бірімізге қолдау білдіретін боламыз. Махаббатымыз, сыйластығымыз мәңгі болса, Алланың қалауымен жоспарларымыздың орындаларына сенеміз.
Ақылы көркіне сай, салмақты, еш артық қылығы жоқ қызға таңдауым түсті. Шүкір, жар таңдаудан шатасқан жоқпын деп есептеймін. Айсұлу сол баяғы мен танысқан кездегідей салмақты, ұрыс-керістен бойын аулақ ұстайтын жан. Өмірлік жарым болғалы, оның бойынан еш оғаш қылық байқамадым.
Отбасылық ұстанымымыз – сыйластықта өмір сүру. Еңбектеніп, мақсатымызға бірге жету. Ата-аналарымыздың ақ батасымен үлгілі, көпбалалы жанұя болу, – дейді Нұрсұлтан.
Ал, Айсұлу: «Махаббатсыз дүние бос» демекші, махаббат кез келген адамның өмірінде басты рөл атқарады. Жалпы махаббат деген сүйіспеншілік, ынтызарлық, ғашықтық деп білемін. Махаббат сыйластықпен қатар жүрсе, ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Өмірдің ыстығы мен суығы, ащысы мен тұщысы, қуанышы мен қайғысы бір мезгілде ұштасса, оны махаббат деуге болады.
Нұрсұлтанмен сөйлесе келе, оның сыпайы, ақкөңіл, адамгершілік қасиетінің мол екендігі жағынан тани бастадым. Ең бастысы мені сыйлай біледі. Сыйластық бар жерде ұрыс-керіс болмайды. Сонымен қатар, өмірдің оң-солын ажырата алатын ақыл тоқтатқан жігіт. Ол маған екі ай ішінде үйленуге ұсыныс білдірді. Мен оның ұсынысын бірден қабыл алдым. Себебі, бір-біріміздің жұмыс жағдайымызды білеміз, өзара түсінісе аламыз. Ең басты себеп, түр-әлпетін марқұм әкеме ұқсатуымда болды. Әрбір қыз әкесіне ұқсайтын жігітті таңдайды деп жатады ғой.
Отбасын құрып, жолдасыммен бірге өмір сүргелі өзгерді деп айта аламын. Бірақ, отбасы алдындағы жауапкершілік қасиеті жоғарылаған. Өзімен қоса менің де жауапкершілігімді, отбасымыздың болашағының жарқын болуын ер азамат ретінде өз мойнына жүктегендігі қуантады.
Кез келген қыздың назы болады емес пе? Тұрмысқа шығарда бірнеше талаптар қойған болатынмын. Орындауға ер азамат ретінде уәдесін берді. Ретімен, сәтімен орындап келеді.
Шаңырақ көтергенімізге аз уақыт болса да осы уақыт аралығында көзімнің жеткені – біздің отбасымыз гендерлік саясатты қолдайтыны. Бұл бір-бірімізге деген сыйластық, түсіністік, бір-бірімізді қолдау деп білемін. Өзіне тең көріп, мені жар етіп алғандықтан да біздің кішкентай ғана енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан отбасымызда әйелді төмен санау деген түсінік қалыптасқан жоқ. Осы үшін де Нұрсұлтанға ризамын және алғыс айтамын.
Болашақта өзімізді үлгілі, өнегелі, көпбалалы, бақытты отбасылардың қатарынан көргіміз келеді. Шүкір, қазір де бақыттымыз» дейді.
Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік құқықтық жұмысы бөлімшесінің бас маманы Таслимшах Бұрылбай да өмірлік жарын осы әкімдіктен тапқан. Ол персоналды басқару қызметі бөлімшесіне «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасқан Алтынай Қырғызбаймен алғашында жақсы тіл табысады. Жақын араласа келе, ойлары мен өмірге деген көзқарастары бір жерден шығады. Алтынайдың бойындағы қарапайымдылығы мен биязылығын жоғары бағалаған ол онымен жақсы араласып жүріп үйленуге ұсыныс білдіреді. Бір мекемеде қызмет етіп жүріп, бір-бірін жақын тануға мүмкіндіктері болады. Осылайша, екі жас 2020 жылдың 30 қарашасында отау құруға шешім қабылдайды. Қолына ақ құсын қондырған Таслимшах пен ақ босаға аттаған Алтынайдың отау құрғандарына міне небәрі төрт айдың жүзі болыпты. Олар әлі де бір-бірлерін жақсы жағынан танып, өмірдегі жоспарларын бірге жоспарлауда.
-Біз Көктөбе ауылында анамызбен бірге тұрамыз. Алтынай Қызылорда облысының тумасы. Ол қазіргі таңда Т.Тастандиев атындағы орта мектепте жұмыс істейді. Біз бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық десек болады. Ұнатып қана қоймай, болашағымыз жарқын, өте тамаша отбасы болатынымызға сенімді болдық. Махаббат өмірімізде үлкен рөл атқарады, әрине, барлығы сол махаббаттан басталады емес пе?! Махаббат бір-бірімізді сыйлау, шынайылық пен сезімнің үйлесімі. Бір-бірімізді қолдап, жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып, ата-анамыздың алғысына, батасына кенелу. Өмірде өзіндік орны бар отбасы ретінде қалыптасу арманымыздың бірі.
«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» дейді қазақ даналары. Әрине, бір отбасы болғандықтан, оның жауапкершілігі тікелей өзіме жүктеледі. Анамызға адал қызмет етіп, адал жар, жақсы әке болу да – менің азаматтық міндетім.
Отбасылық ұстанымымыз – әрқашан бір-бірімізге адал болу, ата-анамызды сыйлап, жақсы, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Отбасы құрғалы екеуміз де өзгерген жоқпыз, солай болуымыз да керек. Бір-бірімізге қояр талаптарымыз болған жоқ, себебі бір-бірімізді жақсы түсіндік. Жалпы өзара сыйластық пен сүйіспеншілік, махаббатқа берік болсақ, онда біздің болашағымыз жарқын боларына сенемін, – дейді Таслимшах.
Есімдері де, өзара үйлесімдіктері бір жерден шығып, табысқан Мағжан мен Маржан жақында ғана шаңырақ иесі атанды. Мағжанның сабырлығы мен салмақты мінезі, Маржанның еркелігі мен өзіне жарасымды қылығы олардың өзара түсінісуіне септігі тиген. Олар бір-бірін жақсы тану үшін бір жылдай уақыт араласқан.
Сырттай қарағанда кісі сүйсінерліктей ерке жұптар Мағжан мен Маржан Теріс ауылында ата-аналарымен бірге тұрады. Мағжан үйдің ортаншы ұлы, ал Маржан болса үйдің кенжесі.
-Біз екеуміз де аудан әкімдігіне «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасқанбыз. Жас маман ретінде ортаға қалыптасып, еңбек жолымызда тәжірибе жинай бастадық. Кейіннен осында тұрақты жұмысқа қалып, бір-бірімізді жақын тануға мүмкіндік алдық. Алғашқы кездері жай ғана әріптес ретінде әзіліміз жарасып, араласып жүрдік. Содан кейін ватцап желісі арқылы сөйлесіп, ара қатынасымыз жақсы жағынан өрби түсті. Бізде осы адам менің өмірлік жарым, менің адамым шығар деген ой болды. Екеуміздің ұқсас жақтарымыз көп болды. Тіпті, есімдерімізде бір ғана әріп өзара үйлесімділігімізді көрсетіп тұрды.
Махаббат – күшті әрі керемет сезім. Махаббат пен құрмет – адамдардың қарым-қатынасының басты ұстанымдары. Махаббат – ұлы күш, ол – өзара сыйластық, түсіністік, екі жастың бірін-бірі қолдауы. Ол достықтан, өзара түсіністіктен басталады. Сол үшін де махаббат адам өмірінде басты рөл атқарады. Отбасылық ұстанымыз, арман-мақсатымыз – сыйлы отбасы болу, ата-анамыздың разылығын алу, саналы салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Біз аяғынан жаңа тұрып келе жатқан жас отбасымыз. Осы жолда екеуміздің де алға басқан қадамымыз нық болып, ата-анамыздың үмітін ақтаймыз деген ойдамыз. Біз Алланың қалауымен бірге жақсы өмір сүріп, елге адал қызмет еткіміз келеді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сүйіспеншілік пен қолдаудың әркез табылатынына сенім білдіреміз,- дейді Мағжан мен Маржан.
Қазақ халқында отау құрған жастарға «Қосағыңмен қоса ағар» деген жақсы тілек айтып, бата беріледі. Ендеше, отбасылық өмірге бірге қадам басқан жас отбасылардың махаббаттары мәңгілік, өмірлері мәнді де мағыналы болсын. Ойлаған арман-мақсаттарына, мұраттарына бірге жетіп, өсіп-өнген үлігі отбасы болуларына біз де тілектеспіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close