El іshі
Байдәулет батыр туралы қысқа метражды фильм көрсетілді
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде жазушы, сықақшы Доқтырхан Тұрлыбектің «Тоғызбай қаңлы» шежіре кітабының және «Байдәулет батыр» туралы қысқа метражды фильмінің тұсаукесері болды.
Іс-шараны Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы ашып, Доқтырхан Тұрлыбектің өмірі мен шығармашылығына, шараның мақсатына тоқталды.
Тұсаукесерде «Келдібек баба» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразалы Шералин шежіре кітабының авторы, әрі «Байдәулет батыр» туралы фильмді түсірген сықақшы, жазушыға үлкен шығармашылық табыс тілеп, «Келдібек баба» қоғамдық бірлестігі туралы әңгімеледі.
Әрі қарай сөз кезегі Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының бас директоры Доқтырхан Тұрлыбекке берілді.
-Құрметті менің ауылдастарым, жерлестерім. Сіздер мен осы күнге дейін қаншама фильм шығарғанымды жақсы білесіздер. Мұндағы біздің мақсатымыз – «Тоғызбай қаңлы» руының шежіресін қазіргі жастарға насихаттау, жеткізу. Ал, «Байдаулет батыр» туралы фильмді екі жыл бұрын түсіргенмін. Бұл фильмді түсіруіме мұрындық болған осы жерде отырған Дәулет інім. Ол “қаңлы руынан шыққан «Байдәулет» батырды бірі білсе, бірі білмейді” деді. «Аға осы жайлы материал жинақтап қысқаша фильм шығарсақ бола ма, қалай қарайсыз?»,- деді. Біз Дәулет екеуміз Байдәулет батыр жайлы мәліметтерді жинақтау үшін Ташкент қаласына да бардық. Менің барлық ұрысыма, айқайыма шыдаған осы інім. Соның арқасында осындай керемет фильм түсірдік.
Бұл фильмде Байдәулет батырдың туғанынан бастап, қандай ұрыстарға қатысқаны туралы баяндалады. Байдәулет қаңлы руынан шыққан батыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде отбасынан айырылып жалғыз қалған Байдәулетті нағашылары бағып, қағып өсіреді. Нағашылары Сиқым елінен. Ержеткен соң Байдәулетті үйлендіріп, өз алдына бөлек шығарады. Байдәулет қазіргі Қарасаз ауылына қоныс аударады деп жазылған.
Ал кітапты жазуыма түрткі болған осы ауылдың азаматы, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ермахан інім. Ол маған хабарласып, «Доқтырхан аға, сіз өз руыңыз туралы кітап жаздыңыз, кино түсірдіңіз, біздің Тоғызбай қаңлы туралы неге жазбасқа, қазіргі жастар өздерінің ата -бабалары туралы білсе, дұрыс болар еді»,- деп өз ойын айтты. Мен қуана келісіп, Ермахан інімнің бір сөзін жерге тастамай, кітапты жазып шығардым,- деді Доқтырхан Тұрлыбек.
Әрі қарай іс-шара ауылдық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Концерттік бағдарламадан соң LED экраннан «Байдәулет» батыр туралы қысқа метражды фильм көрсетілді.
Іс-шараның соңында Доқтырхан Тұрлыбек Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының Құрметті грамотасымен Ермахан Әубәкірұлы мен ауыл қариясы, Құнанбай Нартаевты марапаттады.
Ал, Байдәулет батыр туралы фильмді түсіруге көмек көрсеткен, Рысбек батырдың тікелей ұрпағы Мұсатай Апбасовтың иығына шапан жауып, жұбайы Ризакүлге де сый-сияпат жасады.
Доқтырхан Тұрлыбек келген қонақтардың барлығына шын жүректен алғыс білдіріп, Байдәулет батыр туралы түсірген фильмнің диск таспасын таратып берді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»