El іshі

Өмір жолы өнегеге толы

Алтын той – ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтеріп, отасқанына 50 жыл өткенде тойланатын үлкен қуаныш. Мерейлі мерекеге аман-есен жеткен жұбайлардың барлығы бұл күнді атап өтуге тырысады. Өйткені «Алтын той» ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымды білдіреді.

Осындай іргесі берік, шаңырағы шаттыққа толы, өмір жолы өнегелі жанұяның бірі – Қайрат ауылында тұрады. Олар Кәрібай Құрмашев пен Қанткүл Төлендиеваның отбасы. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген ерлі-зайыптының отандасқандарына биыл 50 жыл толып отыр. «Алтын тойдың» иелері бүгінде «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, «бала – балым, баламның баласы – жаным» деп немелерін бауырына басып отырған жайы бар.
Отағасы Кәрібай Құрмашев «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке, есеп-қисап саласына арнаған оны көпшілік білікті маман, көргенін айнытпай салатын суретші, сөз өнерінің құдіретін бағалаушы жан ретінде жақсы таниды.
Кәрібай Құрмашұлы ауданымыздың өсіп-өркендеуі мен дамуына сүбелі үлес қосқан ауданның Құрметті азаматы. Ол бұрынғы Кеңес, қазіргі Ертай ауылының тумасы. Ауылдағы сегізжылдықты бітіріп, Жамбыл есеп-санақ техникумына түсіп, оны бухгалтер мамандығы бойынша аяқтап шығады. Алғашқы еңбек жолын сонау Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданына қарасты «Қаратау» совхозында бастайды. Жас маман шаруашылық бухгалтері болып екі жыл жұмыс істеп, іске едәуір төселіп, біршама тәжірибе жинақтайды. Одан кейін екі жыл әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келеді.
Әскерден соң бірден туған ауылына оралып, білімін одан әрі жетілдіру үшін Алматы халық шаруашылығы институына сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығы бойынша ұштайды. Сонау 1970-ші жылдары «Путь коммунизма» колхозында бас бухгалтердің орынбасары болып қызмет атқарады. Ауылда қайнаған тірліктің ортасында жүріп ол диқан мен малшының ауыр, бірақ құрметті еңбегін көзімен көреді, ауылдың тынымсыз тыныс-тіршілігімен танысады. Одан кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас экономисі, одан кейін ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы болды.
Қиын-қыстау жылдары елімізде тоқырау болып, шаруашылықтар, кәсіпорындар тарап жатқан кезде» Қазақстан Халық банкінің» Жуалы аудандық бөлімшесін басқарады. Аудандағы «Халық банкінің» тұрақтануына, жұмысының алға басып нығаюына бірден-бір үлес қосады. Кәрібай Құрмашұлы істің көзін таба білетін, халықпен тіл табыса білетін басшы екенін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметінде де көрсете біледі. Аталған бөлімнің басшысы болған жеті жылдың ішінде талай қордаланған мәселелердің шешімін тауып, көпшіліктің құрметіне бөленеді. Еңбегіне қарай құрмет көрсетіліп, мемлекеттік қызметте талай мадақтауларға, құрметтерге ие болады.
Бүгінде жетпістің белесіне шыққан ардагер әлі де қоғамдық жұмыстарға араласып, түрлі мәселелерді көтеріп, шешімін табуына атсалысып жүр. Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, ауылда жастарға имандылық, ауызбіршілік пен ынтымақты дәріптеуде. «Өз басымның қамы емес, жастарға қалдыратын мұрамыз болуы керек» деген қария аудан көлемінде ат спортын, шаңғы спортын дамыту мәселелерін көтеріп, нәтижесінде ойлаған істері қолдауға ие болып, іске асуда.
-Біз ата жолын сақтайтын адамбыз. «Әке сөзі – оқ» деген. Әкем Құрмаш тыл ардагері болатын. Мен әкем 70 жаста, анам 50 жаста болғанда дүниеге келгенмін. Менің атым туылмай жатып қойылған. Біздің негізіміз – бабамыз Қосмұрат би. Әкем ауыл адамдары секілді сауаты аздау, момын шаруа болған. Бірақ, оқу-білімнің адамға жақсы серік екенін, сол бағытты ұстанған баланың болашағы айқын боларын жақсы түсінген. Сондықтан бізді сауатты, білімді болуға шақыратын, -дейді Кәрібай Құрмашұлы.
Ол бос уақытында газет-журналдардың бетін ақтарып, рухани азық алады. Бес уақыт намазын оқып, елдің амандығы мен саулығын тілеп отырады. Сонымен бірге, Кәрібай атаның сурет өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Көргенін айнытпай салып, өз жүрегінен, ойынан шыққан туындысын бітіргенше тыным таппайды. Қолы қалт ете қалса, балғасы мен шегесін ұстап, немерелеріне қолөнер бұйымдарын жасап береді.
Кәрібай ата үйінде қолданыстан шыққан тұрмыстық заттардан қажетті дүние жасап шығады. Үйдің ауласына жары түрлі хош иісті гүлдер отырғызса, өзі қылқаламын қолына алып сурет салады. Қиялы мен ойын ұштастырып, әдемі дүниелер жасауға тырысатын ерекше қасиеті бар. Оның қабырға бетіне «Аспанымызда күн сөнбесін, арманымыз, мақсатымыз бүркіттей биік, ұрпағымыз барыстай алғыр, талабымыз таудай, пейіліміз көлдей болсын. Балаларымыз нәсібесін арқардай таза жерден, адал еңбекпен тапсын» деген ниетпен салған туындысы көздің жауын алады. Ол сүйіспеншіліктің, махаббаттың символы аққудың бейнесін барлық шығармасынан тастамайды.
Еңбек жолының өсу баспалдағында абырой мен адамдықты биік ұстады. Ең бастысы – адамдық қалпынан айнымайды, адамгершілік қасиетін жоғалтпайды. Қызметінде білікті басшы, абыройлы, ел сыйлайтын, халық қадірлейтін қарапайым адам болса, ағайын-туысқа кішіпейіл, қамқор, кішілігі кісілігіне ұласқан аға, бауыр. Жарының асқар тауы, балаларының арқа сүйер тірегі. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әке. Осындай тасы өрге домалаған азаматтың басына қонған бақ құсы – Қанткүл апай.
Ол қасиетті Қошқарата ауылында дүниеге келген. Өмірін денсаулық сақтау саласымен байланыстырып, медбикелік қызметті меңгерген. Кезінде Ленин колхозындағы балабақшада медбике болып жұмыс істеп, мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген.
«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Жанындағы жарын құрметтеп, балаларына да әкесін бағалауды үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп, ұйытқысы болып отырған Қанткүл апай көркіне ақылы сай, ашық-жарқын, көңілді адам.
Ақ жаулықты Қанткүл ананың күнделігіндегі «Әйел бақыты оның төзімділігінде, түсінігінде, сүйіспеншілігінде. Әйел өзін жақсы көретінін, құрметтейтінін білгенде, соған лайықты жауап беруге тырысуы керек. Сонда ғана шаңырақты, отбасын сақтауға болады. Яғни, бақытты адам өз қолымен жасап, оған лайық еңбек сіңіруі керек. Әйел бақыты ұзақ өмір жолының, жан-дүниесінің еңбегі. Үйдің иесі де, киесі де – ер азамат» деген сөздерінен оның өмірлік жарына деген құрметін, ақылы мен парасатын аңғаруға болады.
Отбасындағы бақытты өзара сыйластыққа балаған оның ақ дастарқаны үнемі молынан жаюлы. Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, кеңпейілділігін танытады. Әрдайым қонайқжайлылық танытып, жүзіндегі әдемі күлкісін жасыра алмайды. Қонақты қадірлеп, бар дәмдісін ұсынады. Ардақты ананың ақ дастарқанынан жазушы Шерхан Мұртаза, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев секілді, тағысын тағы облыс төңірегінде қызмет еткен абыройлы да атпал азаматтар дәм татқан.
Өмірде өзара үйлесімділік тапқан отбасы журналист Нұрмахан Оразбаевтың «Адам үшін ең бастысы, өзінің абыройын сақтау» және ағылшын жазушысы Томмас Фуллердің «Ғұмыр бойы бақытты болғың келсе – адам бол» деген сөздерін өмірлік ұстаным ретінде ұстанады.
Адалдық пен адамдықты насихаттаған отбасында өскен екі ұл, үш қызы өмірден өз орындарын тауып, бір-бір мамандықты игеріп, шаңырақтың иесі атанып отыр. Тұңғыштары Бибану Тараз қаласында тұрады, бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Нұрбол Жамбыл облысы бойынша Жуалы ауданы әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі бөлімде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Әке жолын қуған қызы Роза аудан әкімдігі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің бас маманы. Ал, Бибігүл анасы секілді ақ халат киіп, бүгінгі таңда аудандық ауруханада медбике болса, кенжелері Нұржан әулеттің ұстаздық жолын жалғап, Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектептің директоры қызметін атқаруда. Бүгінде қос қария ұл-қыздарынан 25 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close