El іshі
Отанды қорғау – әр азаматтың міндеті
Осыдан төрт жыл бұрын Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімінің әскери қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығында, жоспарлы сабағы барысында күтпеген жерден қар көшкіні орын алған болатын. Бұл күні жеті жерлесіміз оқиға орнында қаза тауып, бірнеше әскери қызметшілер қар құрсауынан құтқарылған еді. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Бұл күн әсіресе, қаза тапқан жауынгерлердің отбасының және өлім мен өмірдің арасында арпалысып, аман қалған азаматтардың жадында мәңгі сақталады.
Бүгінде қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметшілер өз қызметтерін одан әрі жалғастырып, отбасында көпбалалы әке атанып отырған жайы бар. Отанға деген мінсіз қызметін Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Жомарт Сүңгібаев та жалғастырған. Қазіргі таңда ол аталған әскери бөлімнің таулы-егерлі ротасының 1-взвод, 1 бөлімше командирі қызметінде.
Табаны күректей 20 жылға жуық еңбек өтілі бар Жомарт Мэлсұлы Көлтоған ауылының тумасы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген ол ауылдағы қазіргі С.Бәйтіков атындағы орта мектептің түлегі. Әкесі марқұм Мэлс Сүңгібаев ғұмырын денсаулық саласына арнаған жан. Ал, анасы Төлебала Күзембекқызы жастайынан өмірлік серігінен айырылып, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеген ардақты ана, ұлағатты ұстаз. Жеті ұлына бар жылулығы мен сүйіспеншілігін арнап, перзенттерін аяқтандырған аяулы ана.
Жомарт аға да анасының мейіріміне бөленіп, ағасының қамқорлығын көріп өскен. Ол 2000 жылы Жамбыл политехникалық колледжіне салық және салық салу мамандығына оқуға түседі. Одан кейін Тараз мемлекеттік университетінде оқуын жалғастырып, қаржыгер мамандығын алып шығады. Әскери өмірге Отан алдындағы борышын өтеген сәттен бастап келеді. Яғни, «Отар» оқу орталығында оқу-жаттығудан өтіп, аудандағы Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы 91678 таулы-егерлі батальонына мерзімді әскери қызметін өтеуге жіберіледі. Мерзімді әскери қызметі аяқталған соң, келісімшарт негізінде әскери қызметші болып жұмысқа қабылданады. Сол уақыттан бері Жомарт Мэлсұлы пулеметші, механик жүргізуші, бөлімше командирі, аға барлаушы, оның көмекшісі қызметтерін абыроймен атқарады.
Сержант Жомарт Сүңгібаев әріптестерінің арасында да сыйлы. Оның әріптесі Нұрсұлтан Мамыралиев Жомарт ағаның жақсы қырларын айтып, қызметтегі жауапкершілігі жоғары екенін алға тартты. «Жолдас Жомарт Сүңгібаевпен 15 жыл бірге жұмыс істеп келеміз. Ол әскери қызметшілердің ішінде тәртіп жағынан жақсы әрі тапсырылған тапсырманы адал орындайды. Әскери өмірде ғана емес, жанұясында да сондай жауапкершілігі жоғары. Намысшыл, абыройлы. Берілген тапсырманың үдесінен шығып, әрдайым тындырымды тірлігін көрсетеді» дейді ол.
«Кішіпейілділік – адамның көркі» демекші, әріптестері оның адамгершілік қасиетін жоғары бағалайды. Отбасындағы өнегелі тәрбиесімен жеке құрам арасында қызметтік тәртібін сақтағаны үшін құрметтейді. Әскери сайыстарда алда жүретінін мақтан тұтады. Салмақты әрі сабырлы мінезімен зиянды әдеттерге әуестенбей, спортта мығымдылығын, өзара қарым-қатынастарының жақсы екенін айтады.
Ал, анасы Төлебала апа ұлының бойындағы қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы әскердегі өміріне септігі тиді дейді. Ақжаулықты ана оқиға болған күні бауыр еті баласының өміріне қауіп төнгенін жүрегімен сезеді. Қар астында жатқан ұлына қайта-қайта қоңырау шалып, алаңдайды. Жақындары қарияға ауыр соққы болмас үшін Жомарт аға аман шыққанша сыр білдірмейді. Дегенмен де ана жүрегі ұлының басына төнген қауіпті іштей сезгенімен ешкімге сездірмейді. Ол оқиғаның қалай болғанынан да хабарсыз болады. Кейіннен ұлының амандығына қуанып, ақ батасын береді.
Ал, Жомарт аға ол күнді есіне алғысы келмейді. Қас-қағым сәтте болған оқиға еміс-еміс есінде қалған. Тек оқу-жаттығу өткен сәттер жадында бар.
-Өмір адамды шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өмірде кездескен сан түрлі қиындыққа сынбай, аяққа нық тұрып, алға жылжу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біз ол қиындықты жеңдік. Өтпелі кезеңнен өттік.
2017 жылы біз Ресей мемлекетіне «Эльбурское кольцо» деген әскери жарысқа баруымыз керек еді. 17 ақпанда Көксай шатқалына таулы аймақтағы оқу-жаттығудан өтуге барғанбыз. Қар көшкіні жаттығу аяқталып, кері қайтар уақытта болды. Шамасы түскі уақыт. Жігіттердің барлығы жиналып жатқанда жоғарыдан қар көше бастады. Біздің артымызда су, алдымызда тас. Біз қарға қарама-қарсы жүгірдік. Бір сәтте сулы қар бізді басып қалды. Қап-қара түнек. Айқай-шу. Сонда біз 5-6 сағат бойы 8 метр тереңдікте қар астында жатқан екенбіз. Қалай шыққанымыз, әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Аман қалғанымызға шүкір! Тек әріптестерімізден айырылғанымыз жанымызға батады, – деп Жомарт Мэлсұлы сол күнді күңірене еске алды.
Ажалдан аман қалған азамат антына адал болып, Отанды қорғау, жас ұрпаққа үлгі болуды мақсат тұтады. Бүгінде ол жас мамандарға әскери өмірді үйретіп, атты әскердің тәсілдерін меңгертіп, оқу-жаттығу өткізуде. Сонымен қатар, екі рет Ресей мемлекетіндегі, бір рет Өзбекстан еліндегі әскери тактикалық оқыту, тәжірибе алмасу шараларына қатысқан. Әскердегі мінсіз қызметі және тәртібі үшін бірнеше марапаттарға ие болған. Мәселен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Біз біргеміз!», Батыр Бауыржан Момышұлының, Қарулы Күштердің 20 жылдық, «Мінсіз қызметі үшін» тағы да басқа мерекелік медальдары бар. Оңтүстік әскери қолбасшылығының тарапынан әскердегі міндетін жауапкершілікпен орындағаны үшін бірнеше рет Алғысхат берілген.
Бұл марапаттарымен Жомарт аға мақтанбайды. Керісінше, ер азаматқа сай қарапайымдылық қасиетін танытып, жетістігін жасырып қалғысы келді. Біз қолқа салып, өтінгеніміз үшін ғана айтып берді. «Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті» деген пікірін жеткізді. Ол: «Отаншылдық, Патриотизм – Отаныңа, туған еліңе, оның тіліне деген сүйіспеншілік сезімі. Сүйіспеншілігіміз Тәуелсіз елімізді қорғауға ұласады. Еңбек жолымды әскери салада бастағандықтан мен саналы ғұмырымды Отанға деген мінсіз қызметке арнағым келеді. Артымыздан ерген інілерімізді әскери өмірге машықтап, адал қызмет ету басты мақсатымның бірі. Еліміздің амандығын, Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тілеймін» дей келіп, Жомарт Мэлсұлы жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.
Әскери өмірмен қатар, отбасындағы жауапкершілікті мойнына алған ол бүгінде көпбалалы әке. Өмірлік жары Айгерім Тоқсанова екеуі өмірге үш қыз, бір ұл әкеліп, тәрбиелеп отырған жайы бар. Олардың отбасында Нұрсая, Раяна, Медина және Жаннұр есімді балалар үйелмелі-сүйемелі өсіп келеді. Жары Айгерім №15 мектеп-лицейінде әлеуметтк педагог болып жұмыс істейді. Бүгінде балалы болуына байланысты демалыста. Жолдасының амандығын тілеп, отбасының ұйытқысы болып отыр.
Өмір – өзен. Өмір өзеннің ағысындай ағып, уақыт жылжып өте береді. Адамдар тіршілігін жасап, жақсылыққа ұмтылады. Жомарт аға да өмірге қайта келді. Ол ақпанның қаһарлы күні қанша ауыр әрі қайғылы болса да әскердегі қызметін тастап кетпеді. Міне, нағыз Отанға деген сүйіспеншілік, әскердегі мінсіз қызмет осындай болса керек.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»